Экс-полицей Манарбек ӨТЕУОВТІҢ («МВД РК прокомментировало письмо раскаявшегося полицейского», «Экс-полицейге қатаң режимде 22 жылға үкім шығарылды») жанжалды хаты бойынша бірқатар полицей қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу ісі басталды, - деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.
«№2 Атырау қалалық сотының тергеу судьясы ағымдағы жылдың 10 тамызында Астанада 24 жастағы тергеуші И.-ды қамауға алуға санкция берді. Ол Атырау қалалық ІІБ тергеушісі болып жұмыс жасаған кезде қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және кінәсіз адамды қылмыстық жауапкершілікке тартты деп күдіктелуде».
Естеріңізге салсақ, бұдан бұрын ғаламторда кейіннен Өзбекстан азаматын өлтіргені үшін сотталған экс-полицей М.Өтеуовтің ашық хаты жарияланған еді. Бұл хатта Өтеуов ҚІІБ-дегі өз әріптестерін түрлі қылмыстар жасады, соның ішінде «ұнамсыз адамдар мен бизнесмендерді отырғызу үшін қылмыстық істерді бұрмалады» деп айыптады.
«Осыған байланысты ҚР Бас прокуратурасы ведомоствоаралық жедел-тергеу тобын ұйымдастырды. Қазіргі уақытта тергеу тобы бірқатар полиция қызметкерлеріне қатысты бірнеше қылмыстық істерді тергеуде», - делінген облыстық соттың баспасөз хабарламасында.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ