Атырау, 24 қараша 00:16
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қытайдан «қазақпын» деп келіп, көмек алғандар арасында этникалық ұйғырлар анықталған

3 184 просмотра

Атажұртқа оралғандар арасында ата-тегі бөлектер шығып жатыр. Қытайдан «қазақпын» деп келіп, квотамен қазынаның қыруар қаржысын көмек ретінде алғандар арасында этникалық ұйғырлар анықталған. Осындай азаматтардың бірнешеуін Қөші-қон полициясы қолға түсірді.

Бұл тек құзырлы орындардың құрығына іліккендері ғана. Ал әлі қаншасының біздің ақшаға шаруасын дөңгелетіп алғанын ешкім дөп басып айта алмайды. Дастан Шымырбай осындай өтірік оралмандардың жалған құжатты қалай жасатып жүргенін анықтауға тырысқанымен, мемлекеттік органдардың бірде-біреуінен жарытып жауап ала алмады. 

Елінен көшті, азаматтық алды, тіпті, шыққан тегі, ұлтын да өзгертті. Қытайдағы ұйғыр ұлтының өкілдері елімізге келіп, тұрақтап қалу жолында барын салуда. Тіпті, ұлтын өзгертіп, «қазақ» болып қатарға қосылып жатыр. Онымен қоймай,  оралман ретінде тіркеліп,  алты   айдың ішінде азаматтық алып, қазақ қазынасының есебінен жағдайын жасап, баспаналы болады.

Алматының Көші-қон полициясы дәл осындай жолмен  қазақ атанып жүрген екі ұйғыр азаматын қолға түсірген. 30 жастағы Әбдіхалық Әбдісалам мен қырықтың қырқасына шыққан Ұлан Шеризат этникалық ұйғыр болса да, оралман ретінде квотамен келіпті. Сәйкесінше,  қандастарға берілетін қаржылай көмекті де алған.   

Ержан Алтаев, Алматы қалалық ІІД Көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары:

- Бұл азаматтың жеке куәлігінде,  аудармасында  «-ұлты – қазақ»  делінген. Алғашқы жылдары, 2002 жылдары,  біз  Қазақтар қауымдастығынан талап ететінбіз. Ол қауымдастық та  «ұлты – қазақ»  деп анықтама берген.

 Бір қызығы,  заңсыз “қазақ” атанған осындай жандарды құзырлы органдардың қылмыстық жауапқа тартуға ешқандай құқығы жоқ екен.

Ержан Алтаев, Алматы қалалық ІІД Көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары:

- Біз тек әкімшілік жауапкершілікке тарта аламыз. Сосын жаңағы елден шектету. Ал қылмыстық істі сол Қытайдың өзіндегі құқық қорғау қызметкерлері қозғайтын шығар.

Бұл тек құзырлы орындардың құрығына түскен бірлі-жарымы ғана. Шындығында жалған  «қазақтардың» саны әлдеқайда көп екенін Көші-қон полициясындағылар да мойындап отыр. Ал шеттен келген қандастардың жайын күйттеп, жөн сілтеп жүрген қауымдастық басшылығы «қазақтықты саудалап жүргендер көбейді»  дейді.

Талғат Мамашев, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары:

-  Былай кіріп келгеннен-ақ,  кейде түрінен, ... қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайды дейсің ғой. Бірақ құжаты бар, бәрі бар,  «қазақ»деп жазылған. Бірақ оны жасап ала ма, сатып ала ма, ондай фактілер де болып жатады.

Біраз уақыт бұрын Қытайдағы қандастардың Үрімшідегі консулдықтан виза ала алмай сарылғаны есімізде. Бірнеше жылға созылған даудан кейін ондағы қызметкерлер ауысып, жұмыс қалпына түскендей болған. Бірақ  «оралманмын»деп, мемлекеттің ақшасына елге оралған жат жұрттықтарға қарап күмәнданбасқа шара жоқ. Десе де Сыртқы істер министрлігі бұл жолғы “жалған қазақтарға”  Үрімшідегі өкілдіктің қатысы жоқ деген пікірде.

 Алтай Әбиболлаев, ҚР СІМ ресми өкілі:

- Қазақстанның Үрімшідегі паспорттық қызметі тек виза мәселесін қарастырады. Консулдық қызметтің тек 1-ақ түрімен айналысады. Азаматтыққа қатысты ешқандай құжатты қабылдамайды.

Қалай десек те талай этникалық ұйғыр немесе қытайлықтың  «қазақпын»  деп келгені рас. Енді жалған құжатты кімнен, қалай алғанын құзырлы орындар анықтаймыз деп отыр.

Дастан Шымырбай

http://www.ktk.kz/kz/news/video/2012/01/09/11703

10 қаңтар 2012, 10:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.