Атырау, 11 мамыр 15:07
 ашықВ Атырау +16
$ 439.40
€ 473.54
₽ 4.76

К.Мәсімов Медведевпен кездесуде Кенесарының бас сүйегін елге қайтару мәселесін көтермек

1 340 просмотра

ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Ресей премьері Дмитрий Медведевпен кездесіп, Кенесары хан мен Кейкі батырдың бас сүйектірін қайтару мәселесін көтеретінін мәлім етті - деп жазады BAQ.kz.

Бұл туралы Премьер-Министр өзінің twitter-дегі жеке парақшасында жазды.

«Д.А.Медведевпен кездесуде Кенесары хан мен Кейкі батырдың бастарын қайтару мәселесін көтеруді жоспарлап отырмын», - деп жазды Кәрім Мәсімов.

Айта кетерлігі, бұған дейін Кенесары хан мен Кейкі батырдың басын елге әкелу мәселесі қоғамда қызу талқылаудағы мәселелер еді. Егер Кәрім Мәсімов бұл істі қолға алып, нәтиже шығаратындай болса, қазақ халқының ғана емес, Қазақстан тарихының рухы бір көтеріліп қалар еді.

Естеріңізде болса, қазақтың соңғы ханы Кенесарының басын қырғыз манаптары Ақ патшаға тарту еткені тарихтан белгілі. 1847 жылы Кенесары хан Қырғызстанның Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы Кекілік-Сеңгір аңғарында осылайша айуандықпен өлтіріледі. Жаулары оның басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жіберді. Князь Горчаков Кенесарының басын Батыс Сібір бас басқармасындағы «Кенесары бүлігі туралы» іске қосып сақтауға бұйрық берді.

Ал ұлт азаттық қозғалысының жетекшілерінің бірі, Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы (1871-1923) - 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, атақты мерген. Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. Қостанай облысы Аманкелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген.

Біраз жыл Ұлытау, Қызылқұм жағында бой тасалайды. Ақыры, 1923 жылдың көктемінде арнайы тапсырмамен өзін алдап қолға түсіруге келген комиссар А.Токаревтің сөзіне сеніп Торғайға оралған Кейкі жолда оның шын ниетін сезіп қалып, Александр Токаревті сол жерде атып тастайды. Бірақ Кейкінің ізіне түсіп, артынан алыстан аңдып еріп келе жатқан қызыл әскердің солдаттары, оны сол күні түнде жатқан жерінде қоршап алып, айуандықпен өлтіреді. Олар мергеннің екі қолы мен басын кесіп алады. Кейкі батырдың басын бір ай бойы Торғай қаласының орталық алаңына сырыққа шаншып қояды. Кейін мергеннің бас сүйегін Орынборға жөнелтеді, ал 1926 жылы республика астанасы Қызылордаға көшуіне байланысты, Санкт-Петерборға алып кеткен. Ол қазір Санкт-Петербордағы антропологиялық қордың кунсткамерасында сақтаулы.

Дереккөз: Baq.kz

12 тамыз 2016, 10:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.