Атырау, 16 қазан 12:14
 ашықВ Атырау +12
$ 487.42
€ 531.39
₽ 5.04

Ақтауда оппозиция белсендісі қамауға алынды

2 707 просмотра

Қаңтардың 6-сы Ақтау әуежайында «Халық майданы» қозғалысының белсендісі Айжангүл Әмірова қамауға алынды. Оған «әлеуметтік алауыздық туғызды» деген айып тағылуы мүмкін. Құқық қорғау органының қызметкерлері оның Жаңаөзен қаласында тұратын анасының үйін және қозғалыстың Маңғыстау облыстық филиалы орналасқан кеңсені ескертпестен тінтіп шыққан.

Айжангүл Әмірованың туыстары мен әріптестері оған жала жабылып отыр деп санайды. Бірақ оның тұтқындалғаны туралы облыстық ішкі істер департаменті білмейді.

«ӘЛЕУМЕТТІК АЛАУЫЗДЫҚ ТУДЫРДЫ ДЕГЕН АЙЫП ТАҒЫЛДЫ»

«Халық майданы» қозғалысының белсендісі Айжангүл Әмірованың қамауға алынғаны туралы Азаттық тілшісіне қозғалыс мүшелерінің бірі хабарлады. Олар қаңтардың 6-сы күні таңеретең әуежайға Айжангүл Әмірованы қарсы алуға барғанымен кездестіре алмағандарын айтады. Кейін Ақтау қаласындағы «Халық майданы» кеңсесіне келгенде іште қарапайым киінген бірнеше адамның тінту жүргізіп жатқанын көрген.

Қаңтардың 6-сы күні кешке қарай Азаттық тілшісі Айжангүл Әмірованың қасында болған «Халық майданы» қозғалысының адвокаты Арман Жәменовпен сөйлескен еді.

- Қазір Айжангүл Әмірованы Жаңаөзенге арнайы қарауылмен әкетіп барады. Оған Қылмыстық кодекстің 164 бабының 3-тармағына сай «Аса ауыр зардаптарға соқтырған әлеуметтік алауыздықтар тудырды» деген айып тағылып отыр, - деп хабарлады ол телефон арқылы.

«ҮЙІМІЗДЕН БЕС БЕТТІК ҮНДЕУ ТАУЫП АЛДЫ»

Дәл осы күні таңертең Айжангүл Әмірованың Жаңаөзен қаласында тұратын анасының үйіне де тіну жүргізілген.

- Анам екеуміз үйде жоқта шамамен сағат таңертеңгі 11-лер кезінде есігімізді бұзып кіріп, үйімізге тінту жасаған. Менен бұрын келген анам үйде жүрген бөгде адамдарды көріпті. Содан соң маған біреу қоңырау шалып «үйлеріңнен бір қағаздар таптық, тез кел» деді, -дейді оның ағасы Ермұрат Әміров.

Ол өзіне үш бет етіп бір бөлек тігілген және тағы бөлек екі беттен тұратын қазақ тіліндегі жазуды көрсеткенін айтады.

- Мен оны дұрыстап оқып та үлгермедім. Тек есімде қалғаны «Қанды майданға шығайық!» тәрізді қорқынышты сөздер жазылған үндеу екен. Мен бұл қағаздардың біздің үйімізде болмағанына 100 пайыз кепілдік бере аламын. Ал тінтушілер оларды көпе-көрнеу жерде тұрғанынан тауып алғандарын айтты, - дейді Ермұрат Әміров.

Оның айтуынша мұның бәрі қарындасына қатысты жасалып отырған қасақана арандатушылық пен жала жабу.

- Тінтуді үш ҰҚК қызметкері мен екі учаскелік полиция жүргізді. Үйге кіре берісте автомат асынған біреуі күзетіп тұрды. Тінту жасағанның бәрінің қолында қару болды. Жаңаөзен – кішкентай қала. Олар бір 15-20 минут күткенде біздер келіп те қалар едік. Тексеруге санкция берген қала прокуроры менің қол телефонымды біледі, неге ескертпеді? - дейді Ермұрат Әміров.

Ол ақыры өзінің үйін не үшін тінткенін түсіне алмағанын айтады.
- Не іздеп жүргендерін, неге біздің үйіміздің астаң-кестеңін шығарғандарын олар ақыры толық түсіндірмеді, біз де ештеме ұққанымыз жоқ. Анам қан қысымы көтеріліп жатып қалды. Ал мен Айжангүлге әлі хабарласа алмай отырмын. Оның қайда екенінен де хабарсызбыз, - деді ол Азаттық тілшісіне.

«БҰЛ - БИЛІКТІҢ ШЕККЕН ШЫҚҚАНДЫҒЫНЫҢ КӨРІНІСІ»

Жұма күні «Халық майданы» қозғалысының орталық кеңесі «Айжангүл Әміроваға бостандық берілсін!» деген талап-үндеу таратқан. Үндеу мәтінінде қаңтардың 6-сы қозғалыстың Ақтаудағы кеңсесі қасында Айжангүл өзінің полицияның бұған дейін тәуелсіз кәсіподақ заңгері Наталья Соколоваға тағылған «әлеуметтік алауыздықты қоздырды» деген бап бойынша айыпталғанын айтып үлгерген.

«Айжангүл Әмірова жеті ай бойына ереуілдеген мұнайшылармен бірге болды, оларға «Халық майданы» атынан ақпараттық, заңдық және гуманитарлық қолдау көрсетті.

Ол Жаңаөзендегі жағдайлар туралы объективті ақпарат таратуға көмектесті, мұнайшылардың құқығы мен мүддесін қорғады. Тұтқынға алынған жұмысшыларға адвокаттар тауып, биліктің кесірінен бақытсыздыққа тап болған адамдарға барынша жәрдемдесті» деп жазылған бұл үндеу хатта.

«Айжангүл Әмірованы тұтқындау мен «әлеуметтік алауыздық қоздырды» деп айыптау – биліктің шектен шыққандығының көрінісі» деп көрсетілген.

«ОНЫҢ ТҰТҚЫНДАЛУЫ ТУРАЛЫ ХАБАРЫМ ЖОҚ»

Азаттық тілшісі Маңғыстау облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлзада Төлеуғалиеваға хабарласқан еді. Ол Айжангүл Әмірованың  тұтқындалуы туралы ешнәрсе білмейтінін айтты.

- Ол туралы сіздің әріптестеріңіз бұған дейін де сұраған еді. Бірақ оның тұтқындалуы  туралы мен хабарсызбын.

Айжангүл Әмірованың анасы 68 жастағы Орынбике Әмірованың Жаңаөзендегі пәтеріндегі тексеріс туралы құзырлы орындардан жауап алу мүмкін болмады. Тінтудің неге байланысты жүргізілгенін білмек болып қала прокуроры Марат Тойжанға қайта-қайта қоңырау шалғанымызбен прокурордың қолы жиналыстан босамады.

АЙЖАНГҮЛ – МҰНАЙШЫЛАР ӘУЛЕТІНІҢ ҰРПАҒЫ

39 жастағы Айжангүл Әмірова төрт баладан тұратын әйгілі мұнайшылар отбасының кенжесі.

- Әкеміз ерте жетім қалғандықтан оны әкесінің ағасы Саламат Шалабаев тәрбиелеп өсірген. Кейін бәрімізді бағып-қаққан осы атамыз болды, - дейді Ермұрат Әміров.

Саламат Әмірұлы Шалабаев – геолог-мұнайшы, ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы. Қазақ ССР-інде лауазымды қызметтер атқарып, 1991-2001 жылдары республикалық экономика институтының мұнай-газ қазба байлығы проблемалары бөлімінің меңгерушісі болған. Кейбір мәліметтер бойынша Айжангүл Әмірованың атасы Саламат Шалабаев – Түркіменстан жеріндегі көптеген мұнай кен орындарын ашқан және Бозашы түбегіндегі Қаламқас, Қаражанбас кендерінің жалғасы Каспий теңізі астында жатқанын дәлелдеген ғалым.

Дереккөз: "Азаттық радиосы"

9 қаңтар 2012, 22:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.