Атырау, 26 желтоқсан 20:29
 ашықВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Әлемнің жарығын сыйладық сендерге

6 344 просмотра

90-шы және 2000-шы жылғы аналар еске алады

20 жыл,  қарап тұрсаңыз  аса ұзақ мерзім емес, алайда, осы уақыт ішіндегі жас аналардың өміріндегі өзгерістер қайран қалдырады.

КСРО-дағы СОҢҒЫ ЖЫЛ

Мансап, жұмыс, тіпті, жүктілікті жоспарлау жұмыс істейтін әйел үшін «тоқсандық есепті тапсыру» секілді  дағдыға айналды. Біз жүктілік кезінде өнімді жұмыс жасауға және  айтарлықтай жәрдемақы алу үшін декреттік демалысқа барынша кеш шығуға тырысып жатамыз. 1991 жылы әйелдердің басына мұндай ой келгенімен, ол қалай болғанда да қатаң түрде жұртшылық талқысына түсетін. Декреттік демалысқа учаскелік гинекологтың анықтамасына сәйкес, қай күні кету керек болсаң, сол күні шығу ол тиісті норма болатын. Және бала үш жасқа келмейінше кеңседе көзге түспейтінсің. Сондықтан да Наталья СМИРНОВА жұмыстан жүктілігі мен бала күтімі бойынша берілетін жәрдемақыны толығымен бала туғанша алып, тып-тыныш кезекті дефицит болған кір жуатын ұнтақ, сабын, азық-түлік және басқа да қажетті тауарлар кезегіне өз уақытын жоғалтты. Декреттік демалысының ақшасына не сатып алғанын Наталья айта алмады, бірақ, сол кездегі қолына тиген ақшаның аз болмағандығын есіне қатты сақтаған. Және тағы да жарты жыл бойына жұмыс жағдайы жақсы болған уақытта әр ай сайын есеп бөлімінен біраз жәрдемақы алып отырды. Ол ақша жаялық тігу үшін керекті бәйке матасының үлкен бір тайын алуға және бала емізетін ананың азық-түлігі үшін толығымен жететін еді. Кеңселері Сәтбаев даңғылында орналасқан, маңында азық-түлік дүкені болды. Кейде сол дүкен өз сөресіне сол кездегі тапшы тағам түрлерін шығарып, ұзақ-сонар кезек түзілетін. «Бұл біздің қаладағы қазіргі супермаркеттер принципі бойынша жұмыс істеген бірден-бір дүкен болатын. Яғни, сатып алушылар әдеттегі дүкендегідей сатушыдан өзіне ұнаған затты сұрап алмай, дүкенді аралап, керектерін өздері таңдап алды. Онда үнемі жаңа бір тауар түрлері түсіп тұратын. Кәмпиттер, кетчуптар, болгарлық тұздалған көкөністер, компоттар және басқа да тәттілер табылатын. Мен балама емшек сүтін бердім, сондықтан да еш шімірікпестен барлық ақшаны ішіп-жеуге жұмсадым»,-деп күледі Наталья. Ол кезде жаялықты әйелдердің өздері тікті: бәйке матаны бірнеше қабат етіп бүктеп, араларына целлофан салып отырды. Шамамен жаялықты үшінші рет жуғаннан соң целлофан пайдаға аспай қалады, кейін оны сөгіп, қайтадан араларына целлофан салып тігеді. Классикалық кеңестік әдіс бойынша бала үш айдан асқан соң оның рационына қосымша тағамдарды енгізе бастайды – алманы үккіштен өткізіп береді, сүтке езілген жұмыртқаның сарысы, картоп, сәбіз және орамжапырақтан көкөніс пюресі. Жақсы алмалар – тәтті лимонкаларды сол кезде ескі базардағы армяндардан сатып алуға болатын. Балалар тағамының ассортименті Ресейден шығатын «Малышпен» ғана шектелетін. Емшек еметіндер үшін сүтке езілген сұйық ұнтақ ботқасы мен күрішті ғана пісіретін.

Жаңа туғандар үшін киім тіпті, болған жоқ. Оларды жаялықпен құндақтап орап тастау керек деп есептелді. Қазіргі аналар емшектегі баласымен бассейнге, кафе мен мейрамханаға, қонаққа бара береді, бір сөзбен айтқанда толыққанды өмір сүруде. Ал, сол кезде сәбилермен серуенге және емханадан басқа жерге баруға рұқсат етпейтін. Өзіңмен бірге жаялықтарды тасып жүру оңай шаруа еместұғын. «Бірде мен «Балалар әлемі» маңынан кезекте тұрған бір топ әйелдерді көрдім. Сөйтсем, балалардың киімдері түсіп жатыр екен. Мен кезекке тұрып екі костюм, бірнеше ит көйлектер мен ползункилер, сондай-ақ, балаға арналған жылы киімдер алдым. Жүктілік кезінде мен №2 емханаға қаралдым. Денсаулығым жақсы болды. Тек перзентханаға бірден орналаса алмадым. Жедел жәрдем шақырған кезде, ол үш сағат жүріп келді. Бір жақтан дөкей келмекші болған да, біздегі қалыптасқан әдет бойынша көпірді тазалағандар уақытты алған. Мені алдымен Арбаттағы мұражай жанындағы ескі перзентханаға апарды, бірақ, онда орын болмай, біз айналма көпір арқылы жаңа перзентханаға, Авангардқа келдік. Сол кездегі бұл мекемедегі барлық кереметтерді бағалауға маған мүмкіндік тумады, перезентханада су болмағандықтан барлық жақсы босанған әйелдерді екінші күні-ақ үйлеріне шығарып жіберді.

 

95-ШІ ЖЫЛ МЕН 2009 ЖЫЛДЫ САЛЫСТЫРҒАНДА

Бүгінгі күні үш баланы өмірге әкелген тәжірибелі ана Гүлмира КУБЕЕВА 1995, 2003 және 2009 жылдардағы жүктілік кездерін салыстыра біледі. 1995 жылы Гүлмира өзінің алғашқы жүктілігі кезінде әлдебір түсініксіз сырқатқа шалдығып ақылы мен ұйқысынан айырылды. Оның барлық денесі қыши бастады, әсіресе, алақаны мен табаны шыдатпайтын. Түнге қарай тіптен күшейіп, Гүлмира баланы босанғанға дейін бірде-бір рет көз ілген емес.

«Бұл қазір кең танымал  – жүкті әйелдер гепотозы деп аталатын сырқат түрі екен. Бірақ, сол кезде менің учаскелік гинеколог-дәрігерім оның неден екенін білген жоқ. Мен оның жұмыс тәжірибесіндегі осындай сырқатпен ауырған бірінші пациент болдым. Осы сырқатыма байланысты дәрігерім мені босанғанға дейін бір ай уақыт болса да перзентханаға ертерек жіберді. Бірінші рет босанғалы отырған, оның үстіне белгісіз бір сырқаты ма байланысты босанатын күнімнен бұрын режимдік жабық мекемеге жібергендегі менің қандай жағдайда болғанымды білсе-ңіздер ғой!? 90-жылдардың ортасында перзентхана үйі жабық мекеме болып есептелді. Дәрігер Белла БЕЛКИНА маған сырқатымның диагнозын қойып, емдеу тағайындады: диета, үнемі бақылауға алды, оған қосымша тыныштандыратын дәрілер берді. Одан кейін жүкті болған кездерімде мен не істеу керектігін білдім, жеке клиникалардың дәрігерлерінен кеңес алдым, өз жағдайымды қатаң бақылауға алдым, осы тақырыпқа арналған интернет-форумдарды қарадым және өз айналамда осындай проблемалары бар әйелдер де көбейе бастады. Бұл сырқаттың ерекшелігі сол, қалай бала дүниеге келеді, солай мүлдем жоғалып кетеді». Жүктілікті анықтау тестісі, дұрыс деген дәріханалар да болған жоқ, тек базарларда ғана дәріхана дүңгіршектері болатын, ал, дәрілер түрлі дәмдеуіштермен араластырыла сатылатын. Сондықтан да жүктілікті тек дәрігер ғана анықтай алатын. Сөйтіп, сол бойда есепке алатын еді. Сол кездерде балалар өмірге «кеңес дәуірі бойынша» келетін, яғни, босанатын әйелді гинекологиялық креслоға жатқызып, босанғанша одан түсірмеген. «Әйелдер қорғансыз болды, аналары мен өздерінен үлкен құрбыларының кеңестерінен басқа босануға қатысты ешқандай білімдері болмады және олар сол себепті де сөзсіз дәрігерлерге сенім артты. Оларға бар жағынан да шектеу қойды: оған өзіне қолайлы жағдайда босануға болмайды, қалаған кезінде баланы емізуге болмайды, тіпті, балалары аналарынан бөлек балалар бөлімшесінде болғандықтан оларға  есепсіз қарай беруге де болмайды. Әлдебір арнаулы құралдар, шарлар және басқа да заттарды көз алдарына елестетіп те көрген жоқ», -деп әңгімелейді Гүлмира.

1995 жылы дәрігерлер бас сүйек ішіндегі қысымды және балалардағы  аса күшті белсенділікті анықтау жолдарын білмеді. «Бұл тек қазір ғана невропотолог осы диагнозды қойған кенже қызымның мінез-құлқын салыстыра отырып үлкенінде де осындай проблемалардың болғандығын түсіндім. Ол аяғының ұшымен тұрды, жылаған кезде төменгі иегі дірілдеп, еріндері көгеріп кететін. Өзім бұл жағдайды болдырмау үшін балаға қолайлы жағдайдар жасадым: мен онымен бірге көп қыдырдым, оны жылатпауға, күйзеліске түсірмеуге тырыстым. Қазір Дамирім менің мақтанышым, өте сабырлы да тәрбиелі бала. Жақсы оқиды, ой-өрісі кең».

 

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ БАЛАЛАРЫ ЖӘНЕ ТАПШЫ ДҮНИЕЛЕР

-90-жылдары мемлекет экономикалық қиындықтан шығудың жолын іздестірді, оның демографиялық саясатпен, бала мен ананың өмірінде шаруасы да болмады,- деп есептейді Айзада АХМЕДОВА. Бізге шамамен қоғамда осындай көзқараспен қарады – жүктілік пен бала босану бұл тікелей сенің жеке шаруаң, сондықтан да жұмыста өзіңе бір ерекше қарым-қатынасты, әлдебір жеңілдіктерді талап етуге құқығың болмады. Әйелдер өздерінің жүкті екендіктерін жұмыс берушінің жұмыстан шығарып жіберер деген қаупінен күні жеткенге дейін жасыруға мәжбүр болды. Жұмыс берушілерге олар үшін өз қалталарынан босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі төлемақыларды төлеу ұнаған жоқ. Тіпті, қоғамды айтпағанның өзінде, өз күйеуің жүкті әйелін гинекологқа апарудан ұялды! Ал, бүгінгі күні 12 апталық жүктілік мерзіміндегі әйелді жұмыстан шығаруға құқығы жоқ, үш жылға дейін жұмыс орны сақталуы тиіс. Және ол әрбір үш сағат сайын баласын емізуге барып тұруға құқылы. Декреттік демалысына дейін жұмыс істеген әйел айтарлықтай жәрдемақы алады. Менің егіздер босанған танысым бар, олар балалар кухнясынан балалар тағамдарын алады және мақтайды. Күйеуі, кейде  отбасының басқа мүшелері әйелді УЗИ-ға өздерімен бірге алып барады. «Әйелімді перзентханаға дер кезінде жеткіздім» деген сөздер ерлердің әңгімесінде жиі кездесетін болған, ал, баланың кіндігін кескен адамға құрметпен қарайды, -дейді бүгінгі күннің жақсы жақтарын тізімдеп отырған Айзада.

90-жылдардың ортасында УЗИ аппараты заманауи жетілмеген болды. Жүктіліктің жетінші айында сол кездегі УЗИ аппаратының тәжірибелі маманы Мартынов Айзаданың баласының жынысын анықтауда қателескен. Қазір УЗИ тіпті, жүктіліктің ерте мерзімінде де бала жынысын айна-қатесіз ажырата біледі. Және оның маңыздысы сол - баланың дамуындағы кінәраттарды да ертерек анықтауға мүмкіндік береді. 2010 жылы  төртінші балаға жүкті болған кезінде Айзаданың жасы 38-де болды, оны  басқа да ересек аналар секілді генетикадан анализ тапсыруға жіберді. Мұны ол біздің медицинаның қол жеткізген жетістігі деп есептейді. Ауру балаларды дүниеге әкелу тәуекелдігі осылайша төмендейді.

«Қайда барсаң да жұмыссыздық болды, штаттардың қысқаруы, аналар балаларымен үйде өздері отырды. Балабақша қол жетпес арманға айналды, топтарда ең көп дегенде 15 баладан болды. Мен өзімнің бірінші декреттік демалысыма 1991 жылы қалай кеттім, содан жұмысқа шықпастан, тағы да екі баланы бірі - 96 жылы, екіншісін 98-ші жылы босандым,-деп әңгімелейді Бибігүл ӘМІРОВА. Жұмысқа шығудың мәні жоқ еді. Бюджет қызметкері боп жұмыс істейтін күйеуіме жалақысын жарты жылдап бермеді немесе әлдебір тауарлар беретін, басқалар секілді бізде де коммуналдық қызметтер бойынша көп қарыздарымыз бар болатын. Күйеуімнің де, балаларымның да шаштарын өзім қиятын едім, қызыма боб-каре, симметрия секілді сәнді әдемі шаш үлгісін жасадым, бәрі қызығатын еді. Балалар заттары көп бола бермейтін, жуғанда тез оңып кететін өзбектің бәйке жейделерінің түстері әдемі емес еді. Бүкіл киімдерді, арбаларды, сәбилерге арналған емізіктер мен бөтелкелерді мүмкіндіктері барлар таныстарына қосып жіберетін.  Ол кезде Пәкістан мен Түркиядан масаты костюмдер әкелетін, олар өте қымбат тұратын еді. Оған шамасы жетпейтіндер киімдерді өз қолдарымен тігетін еді. Ылғал сулықтар, бөрткенге жағатын иісмайлар, түрлі жастағы балалардың анатомиялық ерекшеліктерін ескеретін ортодонтты емізіктер, жүкті әйелдер мен емізетін әйелдерге арналған арнайы іш киімдер мен ана өмірін жеңілдететін басқа да заттар туралы әйелдер білмейтін еді. Сондықтан олар туралы армандаған да жоқ.

Ол кезде «бартер» деген сөз кең тараған еді, есіңізде ме? Зауытта жұмыс жасайтын ініме жалақысына бірде цигейк тон, бірде балалар пюресін беретін, ол маған әкеліп беретін, ал мен оны біреулерге сататынмын. Ақшаның үнемі жетпейтінін 2000 жылдарға дейін сезіндік. Содан кейін жеңілдей бастады. Қарыздарымызды зейнетақылармен, жәрдемақылармен жаба бастадық, күйеуім жалақысын уақытында ала бастады. Мен декреттік демалыстан шықтым. Бірақ кіші баламды балабақшаға орналастыра алмадым. Үйіміздің қасындағы балабақшаны әлдебір мемлекеттік мекемеге беріп қойған еді».

 

«БАТЫС СТАНДАРТТАРЫ» ТУРАЛЫ

2000 жылдардың басындағы медицинадағы ең үлкен кемшілік деп, Альфия ЛЕПЕНОВА дәрігерлердің, соның ішінде педиатрлардың антибиотиктерге әуестігі деп есептейді. «Менің сәбиім қазан айында дүниеге келді. Біздің педиатрымыз сәл нәрсе болса «Амаксиклавты» тағайындайтын. «Пневмония болмас үшін» деп айтатын үйреншікті сөздері де есімде. Тұңғышымды 2001 жылы жаңа босану жүйесі енгізілгенге дейін босандым. Денсаулығыма байланысты маған кесарь тілігін жасады. Үшінші күні наркоздан толық айыққаннан кейін сәбиімді әкеліп берді. Тігісті 10-шы күн дегенде алып тастады. Үйге сәбиімді күтуге дайын болып, күш жинап келдім. Екінші сәбиім Атырауда туу саны әжептәуір көбейген кезде 2009 жылы дүниеге келді. Біздің перзентханада күніне неше адамның дүниеге келетінін білмеймін, бірақ үшінші тәулікте босанғаннан кейін көз іле алмадым. Біздің палатамыз лифтіден қашық емес жерде орналасқан, онымен түні бойы босанатын әйелдерді тасиды. Екінші сәбиімді босанғанда біздің медицинамыздың «батыс стандартына» көшкен бүкіл кереметін сезіндім. Наркоздан өз-өзіме келмей жатып мені каталкаға салып алып, жалпы палатаға апарып тастады. Келесі күні сәбиімді қолыма беріп, бес күннен кейін тіккен жіпті алды. Мұның қалыпты екенін айтты. Медицинадан өзгешелігі менің ағзам бұл өзгеріске дайын болмап еді, орны жазылып кеткенше тағы бір жарым ай жүрді. Ал мен ауырсынғаннан бойымды жаза алмай, сәбиіме дұрыс күтім жасай алмадым. Сондықтан менің заманауи стандарттарға көзқарасым онша емес».

 

2004-ЖЫЛ

Шынар ҚАЙЫРЖАНОВА (суретте) 2004 жылы жүкті болғанын жолымның болғаны деп есептейді. Егер осыдан бірнеше жыл бұрын қызы Дильназ (суретте анасымен бірге) дүниеге келген болса, дәрігерлер оны құтқара алар ма еді, кім біліпті? «Мен тіпті өз емханама есепке де дұрыстап тұра алмадым». Гинекологтың қабылдауына келген кезде мені бірден ауруханаға жатқызып тастады. Жүктіліктің көп бөлігін бүйрегімдегі және артериялық қан қысымы жоғары болғандықтан ауруханада өткіздім. Жағдайым үнемі нашарлай берді, алтыншы ай болғанда дәрігерлер: «болды, жеткілікті, мерзімінен бұрын босандырып аламыз, әйтпесе баланы ғана емес, өзіңді де жоғалтып алу қаупі бар» деп айтты. Босанар алдындағы түні көз іле алмадым, шынымды айтсам, қатты қорықтым. Таңертең қан қысымым 160 та 140 болды. Бірақ бәрі жақсы болды. Салмағы 850 грамм, бойы 30 см болатын қыз бала дүниеге келді. Ол бір айдай жансақтау бөліміндегі арнайы кювезде жасанды тыныс алу аппаратымен өмір сүрді. Ол 1200 грамм салмақ жинаған кезде оны, дәрігерлер айтқандай, «ана мен баланың байланысын ретке келтіру үшін» менің қолыма азғана уақытқа беріп тұрды. Мен оны кеудеме басып, қызымды үйге тезірек алып кетсем ғой деп армандайтын едім. Біртіндеп оны менің палатама ауыстырды. Рас, бәрібір оған тұрақты температурасы бар кювезде жатуға тура келді. Бізді тек босанғаннан кейін екі айдан соң Дильназ 2 келі салмақ тартқан кезде ауруханадан шығарды. Өте кішкене кезінен-ақ оның дүниеге өзгеше келуі иммунитетінің әлсіздігінен білінетін еді. Бірақ қызымның денсаулығына байланысты ерекше проблема болған жоқ. Қазір оның өз құрдастарынан еш өзгешелігі жоқ, екінші сыныпта оқиды, - дейді Шынар.

 

АТЫРАУДАҒЫ БЕБИ-БУМ

«Жаңа технологияның енгізілуінің, заманауи жабдықтарды пайдаланудың арқасында бүгінде біз салмағы 500 грамм боп дүниеге келетін балаларға күтім жасаймыз, - деп әңгімелейді облыстық перзентхананың бас дәрігері Ұлжан ХАСАНОВА. Дәрігерлер жаңа жабдықтар алып қана қоймай, онымен жұмыс жасауды да белсенді үйренуде. Бізге Атырауға Ресейден, Литвадан, Швейцариядан жетекші мамандар келеді. Біздің мамандарымыз тәжірибе алмасу үшін шетелдерге барады. Соның арқасында атыраулық пациенттердің біртіндеп басқа аймақтарға немесе елдерге емделуге немесе кеңестер алуға шығу қажеттілігі азая берді. Соңғы жылдары облысымызда жыл сайын 15 мыңдай бала дүние есігін ашады. 2000 жылы облыстық перзентханада 4 231 сәби, 2009 жылы 9352 сәби дүниеге келді. 2010 жылы Алмагүл ықшам ауданында жаңа перзентхана жұмысын бастады. Қаланың кішкентай тұрғындарының бір бөлігі сол жерде дүниеге келеді».

Ұлжан Хасанованың айтуынша, соңғы кездері классикалық акушерлік қатты өзгеріске ұшыраған. Босанатын әйелдерге туыстары мен жақындарының қатысуымен табиғи және қолайлы босану үшін жағдай жасалған. Әйелдердің де жүктілікке көзқарасы өзгерген, ол анағұрлым жауапты мәселеге айналған. Оның үстіне ересек жастағы әйелдердің көбі, кейде 46-47 жастағы әйелдер босануға шешім қабылдайтын болған. Денсаулығы жақсы болса, бұл босанатын әйелдің өзіне де, дәрігерлерге де ешқандай проблема тудырмайды. Ол кейбір экономикалық құлдырауларға қарамастан туу санының өсетіндігіне сенімді. Біз де бұған сенеміз.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

voxpopuli.kz сайтының суреттері пайдаланылды

5 қаңтар 2012, 18:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.