Атырау, 27 қараша 17:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Суретші Отарбай КЕНДІР: «Көшпенділер мәдениеті көңіліме жақын»

13 627 просмотра

Құрманғазы ауданының Нарын құмында дүниеге келген қылқалам шебері шетсіз далаға көз тастап отыруды бала күнінде-ақ әдетке айналдырған. Оны өзінен бұрын ұшқыр қиялы алысқа жетелейтін. Қыр асқан сары даланы кенепке теңеп, ойша сурет салатын. Кейін бейнелеу өнеріне шындап кірісуді шешті. Осылайша жүрек қалауы оның қолына қылқаламды алдырды. Бүгінде ол оның айнымас серігі.

Сүйікті ісі мен кәсібі ұштасқан суретші-ұстазға өнерге қосқан үлесі үшін жақында ҚР мәдениет қайраткері атағы берілді. Түрлі деңгейдегі сурет көрмелеріне қатысып жүріп, өзінің жұмыстарына деген сұраныстың барына шүкіршілік еткен суретші кез-келген шығармашылық адамы секілді  әр туындысын сәбиіндей көреді. «Картиналарыммен қоштасқым келмейді, кейде қымбатқа болса да сатуға қимаймын» дейді.

- 16 желтоқсан күні «Теңізшевройл» компаниясында өткен көрмеде «Биіктік, самғау» атты жұмысыма шетелдіктер қызығып, сатып алғысы келген. Осы сурет үшін біреу 200 мың теңге беруге даяр болды. Бірақ, мен жұмысымды өзіммен бірге алып кеттім. Себебі, әр жұмыстың өз орны, өз тарихы бар. Оны мен екінші рет қайталап сала алмаймын,-деп ой бөлісті суретші. Ал жалпы, өзге жұмыстары елімізді айтпағанда, Италия, Америка, Венгрия, Қытай секілді елдерге жөнелтіліп үлгерген. Өнер иесін бір өкінтетіні, таңның атысын күткен бота бейнеленген «Беу, балалық» атты жұмысын сатылмай тұрып, естелік үшін суретке түсіріп алмағаны.

- Бұл жұмыста менің балалық шағымның естелігі жатқан. Бейнеленген бота өзім болатын. Көрмеге ілгенім сол-ақ еді, бірден өтіп кетті.

- Қарап тұрсам, бірнеше жұмыстарыңызда ботаның суреті бейнеленген.

- Сол малдардың арасында өскесін бе, ботаны жаным сүйеді. Ауылдан шықтық, қой бақтық, саумал іштік. Малдың ішінде бота деген мен үшін ең әдемісі, ең көркемі. Баяғыда ботаны көз тиеді деп қораның ішінде ұстайтын еді. Ботаны туғаннан соң бес ай ешкімге көрсетпейді. Расында да бота мен түйенің суреттері көп шығармаларымда бар екен. Ботадан бөлек, мен ауыл көрінісін салғанды жаным қалайды. Натюрморт салғым келіп тұрады. Қай жұмысыма да ұлттық бояуларды қосып, қазақтың ежелгі салт-дәстүрінен із қалдырып отырамын. Көшпенділер мәдениеті көңіліме жақын. Және бір қызығы, жылы түстер саналған сары, қызыл түске құмармын. Мүмкін ол туған жердің топырағының тартуы шығар. Бала күніміз құм даласында асыр салып ойнаған шақпен тікелей байланысты ғой, - дейді бейнелеу өнерінің шебері. 

Келер жылы ол көшпенділер өміріне арналған сериялы жеке көрмесін ұйымдастыруды көздеп отыр. Қазірдің өзінде осы тақырыпқа арқау болатын жұмыстар да жиналып қалыпты. Мәселен, тағы да түйенің суреті мен киіз үй, даланың саршұнағы бейнеленген «Аруана» атты сурет (суретте) бояуы кеппеген жап-жаңа жұмысы. Ол да суретшінің дүниетанымында көшпенділер мәдениетінен сыр шертеді.

Отарбай аға өзінің шығармашылық жолындағы алғашқы жемісі «Дән» атты жұмысы деп біледі. Бұл оның кәсіби суретші атанғалы дүниеге келген алғашқы еңбегі.  

Бір айтатыны, суретші-ұстаздың тапсырыс арқылы жұмыс істеуге жаны қас. Өмірінде портрет салып көргені болмаса, біреудің тапсырысымен кенеп пен майлы бояуға жақындамақ түгілі, қолына қылқалам алғысы жоқ. «Әйтпесе, өнердің мәні кетеді, құты қашады» дейді кәсіпқой қылқалам шебері.                  

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

5 қаңтар 2012, 17:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.