Атырау, 27 қараша 17:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

АМӨЗ-дің қайта жарақтау жұмыстарына жапондықтар да қатысады

2 329 просмотра

29 желтоқсанда Атырау МӨЗ-да мұнайды терең өңдеу кешенін салу туралы келісім-шартқа қол қойылды.

Бұл жоба зауытты қайта жарақтаудың үшінші кезеңі боп табылады. Құны 360 млн доллар боп табылатын бірінші қайта жарақтау жұмыстарын жапондық «Марубени Корпорейшн» компаниясы 2003-2006 жылдары орындап, бұл АМӨЗ-да шығарылатын бензин сапасын Еуро-2 стандартына дейін, ал дизельдік отынды Еуро-4 стандартына дейін жеткізуге мүмкіндік берген болатын. Бұдан басқа, зауыт экологиялық көрсеткіштерді жақсартты: фенолдың ағынды сулы шығарындылары 360 есе, ал күкіртті ангидрид шығарындылары 38 пайызға азайды.

Қайта жарақтау жұмыстарының екінші кезеңін қазіргі кезде қытайлық «Синопек Инжиниринг» компаниясы жүргізуде. Ол құны 1 млрд 40 млн доллар болатын хош иісті көмірсутек шығаратын кешен салып жатыр. Қайта жарақтау жұмыстарының екеуіне де қосалқы мердігер ретінде «КазСтройСервис» компаниясы тартылған.

Зауыттың үшінші кезеңі 1 млрд 679 млн 892 мың 520 долларға бағаланған. Құрылыс келісім-шартына «АМӨЗ» ЖШС-нің бас директоры Талғат БАЙТАЗИЕВ, «Синопек Инжиниринг» компаниясының бас директоры Чжу ХАЙСИН, зауыт қондырғыларын шығаратын «Марубени Корпорейшн» компаниясының директоры Мотоо УЧИЯМА мен «КазСтройСервис»АҚ бас директорының бірінші орынбасары Кришнамбал РАМАЛИНГАМ қол қойды.

Алайда, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бас менеджері Ғалымжан АМАНТУРЛИННІҢ айтуынша, «ғасыр жобасы» іске қосылу үшін тағы несие келісіміне қол қою керек екен. Бұған қатысты мәселе сөзбұйдаға салынып кетуі мүмкін. Өйткені бастапқыда 15 желтоқсанға жоспарланған негізгі келісім-шартқа қол қою рәсімі тараптардың кепілдік міндеттемелері бойынша ортақ пікірдің жоқтығынан болмай қалды. Т. Байтазиевтің айтуынша, «АМӨЗ» ЖШС мен «Синопек» арасындағы кепілдік келісім-шартына зауыт үшін қолайлы шартпен негізгі келісім-шартқа қол қою рәсімінің алдында 29 желтоқсанда қол қойылған.    

«АМӨЗ» ЖШС-нің күрделі құрылыс бойынша басқарушы директоры Нұрлан КЕЙКИННІҢайтуынша, кешенді салу жобасына бас мердігерді таңдау конкурсы 2011 жылдың 25 қарашасында өткен. Оған «Синопек» құрған «Марубени» консорциумы мен «КазСтройСервис» және кореялық «Хундай Корпорейшн» мен «Хундай Хеви Индастриз» компанияларының консорциумы қатысқан. Кореялық консорциум өте жоғары баға сұрағандықтан ұта алмай қалыпты.

Т. Байтазиев баспасөз конференциясында бұл жобада «Синопектің» бас мердігер рөлін атқаратынын түсіндірді. «Марубени» мен «КазСтройСервис» компанияларының жобада 25 пайыздан үлестері бар. Олар келісім-шарт міндеттемелерін консорциум ішінде бөліседі. Атап айтқанда,  «Марубени» жапондық халықаралық серіктестік банкінен жобаны қаржыландыруды және жабдықтарды сатып алуды ұйымдастырады. «КазСтройСервис» құрылыс үшін және қазақстандық қамтылу үшін жауап береді.

Несиелік келісім жасалғаннан кейінгі жобаны жүзеге асыру мерзімі – 41 ай. М. Учияма нақтылағандай, қаржыландыру тек Жапониядан ғана емес, Қытайдан да тартылады екен.

- Қайта жарақтау аяқталғаннан кейін зауыт қазіргіден 3 есе көп бензин шығаратын болады, - деп мәлімдеді Т. Байтазиев. – Қазір біз жылына 600 мың тонна бензин өндіреміз, ал бұдан кейін 1,7 млн тоннадан астам шығаратын боламыз. Еуро-5 стандартына сай келетін өндірілетін дизель отынының мөлшері 1,4 млн тоннаға дейін жеткізілетін болады. Мұндағы мұнай өңдеу қуаттылығы бұрынғыша – 5 млн тонна мұнай боп қалады. Яғни, біз мазут шығармаймыз. Қазір зауытта сатып алушылардың болмауы себепті мазут жиі толып қалады. Мұнайды терең өңдеу кешенін салу туралы келісім-шарт бойынша қазақстандық қамтылу: жабдықтар бойынша - 16%, материалдар бойынша - 18%, қызметтер бойынша - 35% құрайды. Кешеннің құрылыс алаңында құрылыс жұмыстары қызған кезде 3,5 мыңдай адам жұмыс істейтін болады, олардың басым көпшілігі жергілікті халық болмақ.

Ғ. Амантурлиннің айтуынша, кешен құрылысы аяқталғаннан кейін зауыт өндіретін бензин құрамындағы күкірт 350 есеге азаяды. Қазақстандағы шығарындылар бойынша нормативтер анағұрлым қатаң. Сондықтан зауытты жаңартуды қолға алған кезде, мұнай өңдеу технологияларын экологиялық нормаларға сай ету қажет. Кешен құрылысының осыншама қымбат тұруы да осыдан.

Өз сөзінде Ч. Хайсин сенім білдіргені үшін АМӨЗ-ге алғысын білдіріп, жұмыстарды уақытында және сапалы түрде орындауға уәде берді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген В. Истомин

4 қаңтар 2012, 22:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.