Атырау, 25 желтоқсан 18:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Емханадағы төңкеріс

3 772 просмотра

Осыдан бір ай бұрын біз емханалардағы дайындалып жатқан реформа туралы жазған болатынбыз («АЖ» №47  24.11.11 - «Емханаларда төңкеріс жасалмақ»). Амбулаториялық мекемелер жаңа жылдан бастап кезексіз жаңа жұмыс кестесіне көшуге тиісті. 23 желтоқсанда жаңартылған №1 қалалық емхананың тұсаукесері болды.

Мекеменің бас дәрігері Еркінбай ҚУАНОВТЫҢ атап өткеніндей, ғимаратты қайта жарақтау және құрал-жабдықтарды сатып алу емхананың өз қаржысы есебінен жүргізілген екен.

-Осы жылдың тамыз айынан бастап шаруашылық қызметті жүзеге асыруға құқық беретін КМК мәртебесін алдық. Реформа аясындағы басты міндет – емханадағы кезекті азайту және медициналық қызмет сапасын көтеру.

«Кезексіз емхана» бағдарламасының аясында  тіркеу орнының жұмысытүбегейлі өзгеретіндігін еске сала кетелік. Көп арналы телефон желісі бойынша пациенттерден түскен шақыртуларды қабылдау және маман-дәрігерлерге жазылу жүзеге асырылады. Медициналық мекеме тіркеушілерінің бірі Баян ДОСМАҒАМБЕТОВАНЫҢ айтуынша, таңертеңнен бастап біздің келуімізге дейін (10.00) оған 15 телефон қоңырауы түскен:

-Қоңырау түскеннен соң біз науқас адамды профильді дәрігерге жазамыз. Одан кейін дәрігерді пациентердің тізімімен таныстырамыз. Ол қол қоюға тиісті. Балалары сырқаттанған ата-аналар қоңырау шалады. Дене қызуы, тамақ ауруы, сиректеу болса да аллергиялық сырқаттарға шағымданады. Ересектер болса, жоғары қан қысымы, жүрек сырқаттарына шағымданған қоңыраулар шалады. Тіркеушінің жұмыс ауысымы таңертеңгі сағат 8-ден кешкі 20.00-ге дейін, 12 сағатқа созылады. Сегізден кейін жұмысқа түнгі ауысым кіріседі. Емханаға келушілермен анықтамалық ақпаратты басқа бір тіркеуші – Сара СҰЛТАНҒАЛИЕВА бөліседі. Ол таңертеңнен бастап шамамен 30 адамға қызмет көрсетеді. Пациенттер жас ерекшеліктері мен денсаулығына қарай түрлі кабинеттерге бөлінеді.

ҚАРТТАР МЕН МҮГЕДЕКТЕРГЕ  ДЕГЕН ҚҰРМЕТ БАР

Жастары 65-тен асқан қарттар мен мүгедектер тіркеуден өткеннен кейін бірінші қабаттағы №11 кабинетке жіберіледі. Онда олар үшін арнайы түрде бөлінген жоғары санатты дәрігер мен медбике қызмет көрсетеді. Олардың міндеті – науқастардың келу себебін анықтайды және қандай маман-дәрігердің кеңесін алу керектігін айтады. Одан әрі дәрігер телефон арқылы қажетті маман-дәрігермен сөйлеседі, ал, қажет болған жағдайда тиісті анализдер жүргізу үшін жедел-диогностика зертханасымен байланысады. Қарт адамдармен мүгедек жандарға жоғары қабатқа көтерілу қиын болғандықтан терапевт-дәрігер шақыртқан дәрігерлер төменгі қабатқа түседі. Ал, анализ тапсыру үшін емхананың екінші қабатына көтерілуге қалай болғанда да тура келеді. Жедел-диогностика зертханасында қандағы қант мөлшері мен холестеринді санаулы минуттарда-ақ анықтап береді. Зертхана қызметкерлерінің айтуынша, тіпті, кіші несептің анализін санаулы минуттарда анықтай алады. Егер адам емханаға ауруы асқынған кезде келген болса, онда оны алдын-ала жазылусыз қабылдай береді. Жедел түрде шұғыл жәрдем беретін алдын ала және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімінің кабинетіне жібереді. Кезекші дәрігер қарап, белгілі бір маман дәрігердің кеңесінен кейін емхананың күндізгі стационар бөліміне орналастырады немесе «жедел жәрдеммен» профилді стационарлық мекемеге апарады.

Емханаға жоспарлы тексеруден өту үшін келетін пациенттерге қажетті маман-дәрігерінің қабылдау уақыты мен күні жазылған талон беріледі. Телефон арқылы хабарласқан пациенттерге қабылдау уақыты ауызша түрде хабарланады.

МҰҢАЙМАЙТЫН   ИВАН АТАЙ

- Жаңа бұйрық бойынша енді педиатрия және әйелдер кеңесі «Отбасы денсаулығы орталығына» біріктірілетін болады. Кезек болмауы үшін учаскелік педиатрлар тіркеу орны арқылы балаларды жоспарлы тексерулер мен екпеге шақыртып алады,- дейді Е.Қуанов. - Әйелдер кеңесінде біз әдеттегідей кезекке тұрғандарды көрдік?

- Өйткені, дәл бүгінгі уақытта бізде 6 гинеколог-дәрігердің небәрі үшеуі ғана жұмыс жасап жатыр. Біздің Авангард мөлтек ауданындағы филиалымызда түрлі себептерге байланысты 2 гинеколог-дәрігер жұмыста жоқ. Сондықтан да жұмыс істеп жатқан дәрігерлердің жұмысы көбейіп кетті. Біздің жұмысымыздың аудандарды қамту ауқымын  айтар болсақ, бірінші емхана бойынша 64 мың қалалық бекітілген, ал, ол Атыраудың барлық халқының 25 пайызын құрайды. Өзіміз қызмет көрсететін ауданды біз 28 учаскеге бөлдік, оның 19 педиатриялық учаске болып саналады.

- Үйден түскен шақыртуларға қалай қызмет көрсетіледі?

- Бұрынғы кесте бойынша қызмет көрсетілетін болады. Түскі 12-ге дейін дәрігер емханада қабылдау жүргізсе, түстен кейін науқастарға барады.

Қуанов болашақта емхананың веб-сайтын ашуға уәде етіп отыр. Сайтта апта сайын маман-дәрігерлердің қабылдау күндері мен сағаттары туралы ақпараттар беріліп отырады. Адамдар осы сайт арқылы дәрігер қабылдауына жазыла алады.

Біз өзімізге көрсетілген кабинеттерді шолып шықтық. №11 кабинетте терапевт-дәрігер Гүлнәр СУХАНБЕРДИЕВА ересек пациенттер мен мүгедектерді қабылдап жатты.  Жаңа кесте бойынша оның қабылдауына алғашқы болып бір аяғы жоқ мүгедек жан, Лесхоз мөлтек ауданының тұрғыны Иван ХЛЕБНИКОВ болды. Ол эндокринологтың есебінде тұр, бірақ, өзінің қандай сырқаты бар екендігін айтудан мүлдем бас тартты.  

- Айтсам, әйелдер мені сұраудан қалады, -деп Иван атай жымың етеді.

Терапевт-дәрігер айтып өткендей, біздің қарттарымыз негізінен жүрек-қан тамырлары сырқаты және тыныс алу органдары сырқатымен ауырады.

 

ОЙЫН БӨЛМЕСІ ЖӘНЕ БЕЙНЕРОЛИКТЕР

Бұдан былай «Отбасы денсаулығы орталығы» деп аталатын бөлімнің балалар бөлімшесі көзге жылы ұшырады. Әдетте ұзын дәліздерде жылап мазалатын балақандар енді «бала денсаулығы кабинетінде» және сонымен қатар ойын бөлмесінде уақыттарын көңілді өткізетін болады.  Аналары болса, бұл сәтте теледидардан баланы емшек сүтімен қоректендірудің пайдасы туралы роликті тамашалайды. Ал, дәлізде газды сумен, кепкен нан түйіршіктерінің және мұз кәмпиттердің зияны жөніндегі бейне роликті жіберіп қойған.

Жас педиатр-дәрігер Альбина ШАКІМОВАНЫҢ айтуынша, мұндай қалыпты жағдайда 5 жасқа дейінгі балалар үнемі алдын-ала тексеруден өтіп отыратын болады: салмақтарын, бойларын өлшеу. Ал, аналарға оларды мазалаған сауалдары бойынша, яғни, оның ішінде баланы дұрыс тамақтандыру және баланы психикалық тұрғыда дамыту кеңестері беріледі

Біз облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВТАН реформаның басқа да облыс орталығының және аудандардың емханаларында қашан қолға алынатынды жөнінде білмек болдық.

- Атырау бойынша негізінен ешқандай проблема жоқ. Емханалардың бесіншісі жаңа сызба бойынша жұмыс жасап жатыр, екіншісінде қосымша телефондар орнатылуда, ал, №3 емханада телефондарды орнату жөндеу жұмыстарынан кейін қолға алынбақшы. Барлық жағдайда да телефондарды орнату емхана қаржысы есебінен жүргізілді,-дейді М.Өтепқалиев.  – Кардлар мәселесі де шешілуде. Медицина мекемесінің тіркеушісі қызметіне арнаулы орта білімі бар жұмыссыздар жұмыспен қамту орталығы арқылы алынуда. Аудан емханаларындағы жұмыс, бас дәрігерлердің өздерінде кезектің жоқ екендігіне сендіргендеріне қарамастан, өзгертілетін болады. Оларда да пациенттер  легі біркелкі емес. Дәрігерлер таңертеңгі уақытта сүрінгенше жұмыс жасайды, ал, кешке қарай жан баласы жоқ. Жұмысты беркелкі ұйымдастыру керек. Сырқат адамды 20 минут қабылдауға тиісті. Берілген уақытта толық, дұрыс қарап шығуы керек. Менің ойымша, 2012 жылдың қаңтар айынан бастап барлығы да «Кезексіз емхана» бағдарламасына көшетін секілді.

- Сіз жергілікті бюджеттен «Кезексіз емхана» бағдарламасына көшу үшін 66 млн. теңге сұрадыңыз. Сізге оны бере ме?  

- Қаржы негізінен емхананың жұмысын жақсарту мақсатында автокөлік құралдарын сатып алу үшін сұралған болатын. Бұл мәселе біртіндеп 2012 жылдың ішінде шешілетін болады. Ал, бұрын пайдаланылған компьютерлерді (14 млн. теңгеге алынған – Л.С.), бізге қазір Қарабатанда жұмысын аяқтап жатқан мұнай компаниялары беріп жатыр.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген  В.Истомин

29 желтоқсан 2011, 18:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.