Атырау қаласының тұрғыны Николай АЛИСТРАТОВТЫҢ (суретте) басына түскен тауқымет оның бүкіл өмірін астан-кестен еткенімен, оның ерік-жігерін жасытпады. Бұл жағдай миллиондаған адамдарға көмектесе алатын өзгеше өнім жасап шығаруға себепші болды.
АУЛАДАҒЫ ҚАЙҒЫЛЫ ЖАҒДАЙ
Бәрін ретімен баяндайық. Николай осы қалада туып-өсіп, тұлға болып қалыптасқан. 90-жылдары спорт шеберіне үміткер болғанға дейін грек-рим күресімен мықтап айналысқан. Алайда әрі қарайғы спорттық мансабына алған зақымдары кедергі келтіріп, ол балаларды жаттықтыруға көшеді. №1 Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде жұмыс істеген, ал бос уақытын антиквариаттарды зерттеуге арнаған. Көне дүниелерден коллекция жасау оның жас кезіндегі әуестігі болатын, сирек кездесетін монеталар мен басқа да раритеттерді сағаттап қарауға бар.
Өмірге деген жаңа жоспарлары жүзеге аса бастағанда, 2005 жылы орын алған қайғылы оқиға оның күл-талқанын шығарды.
Николай жаздың шуақты күндерінің бірінде ауласындағы септикке арналған болат ыдысты қолына алған кезде, қайғылы жағдай болғанын еске алады. Тас қып бекітілген бөшкені ашқан кезде, ол мүңкіген жағымсыз иістен ұшып түскен. Кейінірек мұның рұқсат етілген шекті мөлшерден жүз еседен асатын қорғасын оксидінің қосындысы екені анықталды. Кешікпей Николай тұла бойын шыдатпайтын аурумен, қан құсып, аурухана кереуетінде жатты. Дәрігерлер ішкі ағзаларының зақымдалғанын айтты. Демек, бапкерлік жұмысқа, жалпы кез-келген жұмысқа нүкте қойылды деген сөз.
Сөйтіп тіршілік үшін күрес басталды. Өйткені науқастың жағдайы күннен күнге ауырлай түсті, ал жергілікті медицина оған көмектесуге дәрменсіз еді. Есепсіз процедуралардан титықтаған Николайды дәрігерлер: «қолымыздан келгеннің бәрін жасадық» деп, ауыр халде медициналық мекемеден шығарып жібереді. Үйіне оралған оны көршілері мен достары танымай қалды: шымыр денесінен із де қалмаған. Ұйқысы мен тәбеті бұзылған, ал ішкі қан кетулер кез-келген сәтте өліммен аяқталуы мүмкін еді. Шұғыл арада көкбауырдың бір бөлігін кесіп алып, өңешке ота жасау керек болды. Николай 1-топ мүгедектігін рәсімдеп, мәскеулік дәрігерлерге аттанады. Хирургия ғылыми-зерттеу институтында оны құшақ жая қарсы алды, алайда дәрігер атыраулық медиктердің пациентке берген амбулаториялық кәртішкедегі қорытындысын «оқи алмады». Сөйтіп электронды форматтағы сырқат тарихын талап етеді. Алайда отанынан тағы да көңілі қалды, ақ халаттылар: ол жерде онсыз да түсінікті ғой деп, қолдарын сермеді. Николай амалсыз жағдайда қалды, ал ол өмір мен өлімнің ортасында еді. Не істемек, кімнен көмек күтпек?..
МӘСКЕУДІҢ СҮЙІНІШІ МЕН АСТАНАНЫҢ ҮНСІЗДІГІ
Әрі қарай Николайдың басында болған жағдайды ғажайып демеске болмайды. Кенет оған: адамның туған кездегі көпшілік мақұлдаған көрсеткіштерін қолданып, оларды абсолюттік сауығудың математикалық формуласына неге аудармасқа деген ой келді. Бірнеше ұйқысыз түндер өткізіп, ағзаның дәрі-дәрмектерге әсерін бақылауға мүмкіндік беретін өз моделін қолдан жасап шықты. Бірегей жүйе хроно-алгометриялық формат арқылы ағзадағы сырқаттың, ауытқушылықтардың бүкіл хронологиясын жинақтап, пациенттің жағдайы туралы дәл қорытынды бере алады.
Осылайша, амбулаториялық кәртішкенің қажеттілігі және әлденеше рет анализ тапсыру автоматты түрде керек болмай қалды. Денсаулықтың толық көрінісін логин мен парольді енгізіп, бірыңғай дерекқордан көруге болады. Ал кез-келген көрсеткішті басып шығаруға немесе электронды тасымалдағышқа көшіруге болады.
Айрықша бағдарламаның күрделі суретін тек ғалымдар ғана бағалай алатын. Екі аптадан кейін Мәскеуде бұл туындымен мұқият танысқан «Академик Б.В.Петровский атындағы Ресей хирургия ғылыми орталығының» порталды гипертензия және қан ауруы бар науқастарды емдеу бағдарламасының жетекшісі, профессор Евгений Александрович Киценко – орнынан атып тұрып, «мұны Нобель сыйлығына ұсынуға болады ғой, саған мұны дереу патенттеу керек!» деп айтып салды.
Авторлық құқық идеясына Николай сәл кейінірек бірқатар күрделі операциядан кейін оралды. Ол ұзақ оңалтудан өтіп, бұған қоса ҚР әділет министрлігі комиссиясының алдында өз жобасын қорғауға әзірленді. 2014 жылы ғылыми өнім профильдік ведомствода бекітіліп, ол өз еңбегін «Реаниматор Ника» деп атады. Бірақ жұмыс мұнымен аяқталмады, демеушілік көмегі мен академиктердің қызығушылығы қажет болды. Өкінішке орай, 3D форматындағы анализдердің визуализаторлары денсаулық сақтау министрлігінің қызығушылығын тудырмады. Николай Астанаға хат жазып, денсаулық сақтау министрлігі басшысының қабылдауына кіремін деген үмітпен әлденеше рет сол жаққа ұшып барды. IT-технология саласынан да мүдделестер табылмады, пысық жігіттер бәленбай миллион сома сұрады. Ал оның қолында мұндай қаржы жоқ еді.
Біраз уақыт өткен соң Николай да Астанаға ұшып барып, денсаулық сақтау министрлігі басшысына тағы да кіре алмайды. Алайда тағдыр оны басқа, едәуір маңызды адаммен жолықтырады. Оны Ұлттық ғылыми орталықтағы лабораториялық зерттеулердің жетекші профессоры Надежда Попова қабылдауға келісті. Сол күні маман оның еңбегімен мұқият танысып шығып, қонағына мұның тың жаңалық екеніне күмәнданбауға кеңес беріп, беделді Киценконың пікірімен толықтай келісті.
ОҢТҮСТІКТЕН ЖЕТКЕН ҚУАНЫШТЫ ХАБАР
Атырауға Николай қанаттанып оралып, бағдарламаны аяқтауға кіріседі. Бірақ алдағы уақытта жеңіс салтанаты болады деген үмітпен отбасын асырай алмайтынын түсінеді.
Үйреншікті тұрмыс пен үй тірлігіне оралу қажет еді. Жинаған қаржысына ЮНЕСКО тізіміне енгізілген ескі үйді сатып алып, оны қалпына келтірумен айналысты. Оған қоса көптен бері армандап жүрген антикварлық дүкенін ашты. Тапқан жаңалығына келер болсақ, Николай ол шаң-тозаң басқан күйде қалып қояды-ау деген ойға үйрене бастаған еді.
Алайда күндердің күнінде телефон қоңырауы шалынады: тұтқаның ар жағында Алматыдан ірі бизнесмен хабарласып, оның жаңалығын мойындап, бұл іске ықпалды профессорларды кірістіріп, жүзеге асыруға әзір екендігіне сендіреді. Көп кешікпей жоба авторы Астанадағы ғылыми кеңес алдында диссертация қорғамақ. Ол осы сынақтан өтетіндігіне сенімді. «Қазір тайсалу үшін өте қиын жолдан өттім, - дейді Николай. – Құдай менің өмірімді сақтап қалды, демек, игілікті іс үшін де мүмкіндік берді. Бұл мүмкіндікті жіберіп алуға қақым жоқ».
Марат ТАКУЛИН
Суретті түсірген автор