Атырау, 23 қараша 00:33
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Түмен қазақтары - Таскулиндер отбасы

Сурет Бейнежазба
6 749 просмотра

Image 0Түмендегі қазақтар. Таскулиндер отбасы.Қазақ халқының басынан өткерген сынағы аз болмады, соның ең бір ауыры 30-шы жылдардағы ашаршылық зұлматы. ХХ ғасыр талай қауіп-қатерге толы болды, сондай зұлматтардың салдарынан Қазақстанның байырғы тұрғындарының көпшілігіне туған жерден қоныс аударуға тура келді.

«ДУ Ю СПИК ҚАЗАҚ?»

Қазір араға түскен бірнеше жылдар ішінде Қазақстанда тұратын қазақтар мен тағдырдың жазуымен басқа елдерде қалған қазақтар арасында алшақтық пайда болды. Және ол ұзақ ғасырларға ұласты. Айталық, Қытай, Ауғанстан, Пәкістан, Иран, Моңғолия қазақтары әлі күнге араб әлипбиін қолданады. «Төте жазумен» жазылған мәтінді Қазақстанда тұратын кез-келген қазақ түсіне алмайды. Оның үстіне қазақ этносының белгілі бір бөлігінің жат болып кетуінің нәтижесінде басқа бір алшақтық – тілге қатысты мәселе туындады. Менің ағам скрипкашы. Ол өзінің Германияға барған гастролдік сапарында концертке келген жергілікті қазақтармен кейбір музыканттардың сөйлесе алмағандығын айтты... Біздікілердің көбі қазақ тілін білмейтін болып шықты, ал, герман қазақстары орыс тілін білмеді. Бір-бірімен ағылшын тілінде сөйлесті. Мен бұл әңгімені өткен жылдың күзінде Түмендегі қазақтарда қонақта болған кезімде еске түсірдім.

Бұл дәл Құрбан айттың алдында ғана еді. Мен бұл уақытты әдейі таңдап алдым, Ресейде тұратын қазақтардың бұл мерекені қалай атап өтетіндігін көргім келді. Мені шақырған досым Жақсылықтың әжесіне кірген сәт әлі есімде. Жақсылық маған: «Әжем тек қазақша ғана сөйлейді. Сондықтан онымен қазақ тілінде сөйлес, сен қазақша білесің ғой?» деді. Мен досымның мені қағытып өткенін түсініп қалдым. Алайда, әжей біздің сөзімізді түсінбеді: «Ойбай-ау, мына бала Қазақстаннан келіп отыр ғой, қазақша білмейді деп отырсың ба?» дегені. Сол сәтте ұяттан өлердей болдым, бірақ, мен Қазақстанда ондай мәселенің бар екендігін айта алмадым.

«МЕН ОРЫСША ТҮСІНБЕЙМІН»

Апа жайдары мінезді, әңгімешіл болып шықты, бастапқыда бір-бірімізден қысылыңқырап отырғанбыз, бір сағаттан соң апайдың әзілдеріне күле бастадым.

- Біздің отбасымыз Ресейге Солтүстік Қазақстан облысының Майбалық ауданынан көшіп келді. Біз елден 1931 жылы кеттік. Сол жылы мен дүниеге келген екем. Аштық басталып, адамдар жаппай үйлерін тастап кете бастады. Өйткені, ол жерде қалу мүмкін емес еді. Көшуге жағдайы келгендердің бәрі кетті. Оның үстіне ұжымдастыру және кулактармен күрес басталды. Жергілікті халықтың арасында өз ауылдастары мен туысқандарының үстінен сөз тасыған арызқойлар да болды. Әкем өзінің қарындасын елде қалдырып кеткеніне қатты уайымдады, кейін қарындасы аштықтан қайтыс болды. Ол туған жерге орала алмады, егер елге келсе оны ешқашан да жібермейтін еді.

Image 1Хадиша апа.Ата-анамыз Омбыға қоныстанды, біз Түменге кейінірек келдік. Алдымен бұл жерге балам Дүйсенбай көшіп келді. Кейін оның артынан барлығымыз еріп келдік. Жергілікті халық біздерге оң көзқарас танытты. Олар да өзіміз секілді қарапайым ғана шаруа адамдар. Анам маған бірде көрші әйелдің келгенін айтты. Мен ол кезде кішкентаймын, үнемі жылап жүреді екенмін. Анам орысша бір сөз де білмейді. Көрші әйел: «балаға не болды?» деп сұрайды, ал, анам болса: «тамақ сұрайды» деген. Әлгі әйел болса үйіне жүгіріп кетіп, мен үшін тамақ әкеп береді. Ал, кейін соғыс басталды.

Бұрын біз Қазақстанға оның ішінде туысқандарымыз тұратын Петропавловскіге жиі барып тұратынбыз. Бірде мені туысқандарымыз қонаққа шақырды және менімен қоса тағы бір әйелінің туыстары жағынан басқа да адамдарды шақырған екен. Кейін әлгі келген қонақтың бірі орысша білмейміз олармен қалай сөйлесеміз деп жол бойы уайымдап келгенін айтты. Мен оған: «Ағай (ол менен үш жас үлкен) шамасы сіз бізді шоқынып, өз тілдерін ұмытып кетті деп ойлаған боларсыз». Біздің қазақылығымыз Қазақстандағы қазақтардан еш кем емес. Той болсын, өлім болсын біз өз салт-дәстүрімізді сақтап қалдық, мейлі бізді көзімізге шұқып «шоқынған қазақтар» десе де өз дәстүрімізді сақтап, тілімізді жоғалтпауға тырысамыз. Менімен шамалас адамдардың бәрі өзара қазақша сөйлеседі, алайда, қазіргі ұрпақ туған тілдеріне орашолақтау. Былайша түсінеді, бірақ, еркін сөйлесе алмайды.

Апа күліп алды. Менің есіме Жақсылықтың осы әжесінің арқасында аз да болса қазақша білемін деген әңгімесі түсті. Жазғы каникулын әжесінің қасында өткізетін оған әжесі үнемі «Мен орысша түсінбеймін, қазақша айт» деп отырады.

АЛТЫН-КҮМІС ТАС ЕКЕН...

- Менің күйеуім Бименді 1928 жылы дүниеге келді, деп жалғастырды сөзін апа, дәл сол жылы қайын атамның мүлкін тәркілей бастаған. Олар Солтүстік Қазақстанның Айтуар ауылында тұрған. Олар ауқатты әрі ықпалды отбасылардың қатарынан. Бар дүние-мүлкін тартып алған. Қайын жұртым елден кетпек болған кезде үйдегі шамды жағып қалдырған. Егер терезелері тасқараңғы болса, үйде ешкім жоғын біліп, қашып кетті деп қуғыншы жібереді деп қорыққан. Елде бәрін қалдырып кеткен. Біз 1952 жылы бас қостық. Соғыстан кейінгі уақытты білесіздер, бірақ соған қарамастан 9 баланы өсіп жетілдірдік. Қазақтарға үйлену қиын болмады, өйткені Қазақстаннан келген түрлі рулы ел көп. Ата-аналар құда түсіп, жалпы өтетін шараларда таңдап алатын. Мен өзім уақ руының қызымын, ал, күйеуім керей руынан. Бұл жақта балта, қантай самай (ашамайлы-керей) рулары көп.

Аштық туралы Хадиша апа айтқысы келмеді. Менің өтінішіме бастапқыда құлақ аса қоймады, алайда, біраз уақыттан соң әңгімесін бастады.

- Қалқам, сол бір жантүршігерлік тарихты білудің саған не керегі бар. Біз ол туралы барынша айтпауға тырысымыз. Мысалы менің апайым аштықтан қашқан кезде өзінің бағалы тастары бар әшекейлерін бірге алып қашты. Алтыннан қолдан соғылған бұйымдар. Арада біраз жылдар өткен соң ол маған: «Адамның өмірінде алтынның маңызы жоқ екенін мен сол кезде түсіндім, өйткені, біз Ресейге кетіп бара жатқан жолда ешбір адам маған бір тілім нанның өзін сатқысы келмеді. Ешкімге алтын әшекей керек болмады. Мен «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген мақалдың мағынасын сонда түсіндім» деген болатын.

Тағы бір анам жағынан туыс болып келетін апайым елден кейінірек 1937 жылы қашты. Оның күйеуін тұтқындаған. Сол жылдарды қазақтар «үндемес» деп атады. Өйткені, сол кездерде үндеместен келеді де ұстап әкетеді. Ешкім не үшін алып кеткендерін айтпады, ешкім ештеңе сұрамады. Күйеуін алып кеткен соң ол елде қалуға болмайтындығын түсінген, жалғыз баласын алып, ауылдан шыққан. Ұзақ жолдан екі жасар баласы да оның өзі әлсіреп жүруден қалады. Азықтары таусылған, бір сәт ол баланы бұтақтардың арасына қалдырып, өзі әрі қарай жүре береді. Бірнеше уақыттан кейін ол жолдан бір уыс бидай тауып алады. Шамасы қаптан төгіліп түскен. Ол тездетіп оны шүберекке түйіп алып, кейін баласына қарай жүгіреді. Аздап суға жібітіп, баласын тамақтандырады. Әлденіп алған соң қайтадан жүре бастайды. Жол бойы қалған бидаймен баласын тамақтандырып, ақыры қалаға жетеді. Омбыда ол жұмысқа орналасып, баласын ержеткізді. Ұрпақтары әлі күнге сонда тұрады.

ҚИЫЛҒАН БҰТАҚТАР

Біз Хадиша апамен соғыстан кейінгі жылдар туралы да көп әңгімелестік. Кешкісін айт мейрамын тойлауға Хадиша апаның кенже баласының үйіне бардық. Таскулиндердің үлкен де тату тәтті отбасы мерекелерде міндетті түрде бір-бірінің үйіне барады. Туысқандар көп болғандықтан және оның үстіне айт Ресейде ресми демалыс күні болып есептелмейтіндіктен олар бірнеше отбасы болып бірігіп, бірін-бірі қонаққа шақырады. Әрбір үйде дастархан жайылады, кейде тіпті, бір күнде бірнеше үйге баруға тура келеді. Хадиша апайдың кенже баласының үйінде отырған кезде мына бір ой келді: «Айжан, ойлап қарашы, бір уыс бидай құтқарған баланың да үлкен отбасы, балары, немерелері бар. Ал, кейде сол бір уыс бидайдың үлкен бір әулетке өмір сыйлауы да мүмкін ғой».

Үйге қайтқан жолда мені өкініш сезімі билеп алды. Егер осындай тарихтың қаралы кезеңдері болмаған болса, дәл осындай мыңдаған отбасылар атамекенінде қалып, біртұтас ұлтпен бірге тарихи дәстүрімен, ана тілімен өмір кешкен болар еді... Бұл да бір тарих қойнауының бір парағы.


Айжан ХАМИТ, «АЖ» меншікті тілшісі

Сурет пен бейнежазба автордікі

23 маусым 2016, 17:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.