Атырау, 25 желтоқсан 18:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Елбасы Жаңаөзен қаласын жедел қалпына келтіру мәселелерін барынша қысқа мерзімде шешуді жүктеді

2 550 просмотра

Кеше Маңғыстау облысына шұғыл жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтаудағы облыс активімен кездесуден кейін Жаңаөзенге ат басын бұрды. 

Онда Президент мұнайшылармен, жергілікті жұртпен кездесіп, болған оқиғаның мән-жайын халықтың өз аузынан естіді. Елді сабырға шақырып, ондағы тіршілікті өз қалыбына түсіру үшін жасалып жатқан қарекеттер туралы айтып берді. Елбасының өзі келіп, елмен сөйлескеннен кейін жаңаөзендіктер сабаларына түсіп, енді мұндай бүліктің болмайтынына уәделерін берді. Қазір Жаңаөзен қаласының орталығы адам көргісіз. Өртенген, қираған ғимараттар, шашылған, іске жарамсыз дүниелер күні кеше ғана көркейіп, гүлденіп келе жатқан қаланың сиқын қашырып тұр. Мемлекет басшысы қаланы аралап, жағдайды өз көзімен көрді. Жиналған халыққа барып, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдады. Қаза болғандардың отбасы, туыс-туғандарына көңіл айтты. Елге басу айтып, сабырға шақырды. Президент Жаңаөзендегі дүрбелеңнің жуан ортасында болған тәртіп сақшыларымен де тілдесті. Олардың не үшін оқ атуға мәжбүр болғанын анықтады. Сосын Президент жұртты ішке кіріп сөйлесуге, ақылдасуға шақырды. Әрине, қан төгілді, адам шығыны болды. Соған ашынған, сөзінің жасын бұлаған жұрт та бар. Дегенмен, көпшілік сабырлы. Ойларын бүкпесіз айтты. Шенеуніктерге, кейбір басшыларға өкпелерін білдірді. Кінәлілерді іздеді. Ең бастысы, нағыз айыптылар туралы елдің де, Елбасының да ойлары бір.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
- Мен мұның барлығын жасаған мұнайшылардың өздері деп айта алмаймын, айтпаймын. Бірінші мәселе - біз осының барлығын табуымыз керек. Халыққа ақиқатты айтуымыз керек. Жаңағылар жасарын жасады да, қашып кетті. Бірақ жартысы ұсталды. Ал, енді барлығын осыны дирижировать етіп отырған Жаңаөзенге келген де жоқ. Сырттан отырып жасады. Ана оңбағандарды іздейміз. Қай жерде болса да, дүниенің қай түкпірінде болса да іздеп табамыз оның бәрін. Биыл таппасақ, ендігі жылы табамыз. Бір айдан кейін табамыз ба, қашан табамыз, шындықты шығартамыз. Сот болады, жауапқа тартылады. Ал енді анау топырмен келіп, құр әншейін барлығын алып кеткен адамдарды жазығы жоқ болса босатады. Келгені үшін оны соттаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Екінші мәселе - жоқ жерде жарық күннің ортасында адамдар қаза болды. Соған мен көңіл айтайын деп келдім. Олардың ешқандай жазығы жоқ еді. Әрбір қайтыс болған баланың қалай болғанын тексертеміз. Жеке, жеке. Мән-мәнісін. Мен айтып отырғаным жоқ, мыналарды қорғап қаламын деп. Мына жақ кінәлі ма, ана жақ кінәлі ма, барлығын анықтаймыз. Маған оған сеніңдер.

Нұрсұлтан Назарбаев мән-жайды, мұндағы түйткілдердің түп-төркінін жақсы біледі. Бірақ, жекелеген лауазым иелері оған оқиға шиеленіспей шешілетінін айтып, теріс ақпарат берген. Сөйте тұра, өздері елмен тікелей сөйлесіп, талап-тілектерін ескермеген. Салдары мынау, ай мен күннің аманында ел бүлінді, бейуаз жұрт жар астындағы жымысқы ниеттілердің қолшоқпарына айналды. Президент мұнайшылардың мұңы түгел тыңдалатынын, шешім қабылдарда ол бастан аяқ ескерілетінін айтты.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
- Ешкім сөйлеспейді. Ешкім менсінбейді, бәрі бастық шетінен. Егер мұнайды басқарып отырған азаматтардың халыққа деген көңілі жақсы болатын болса «ой мынау қазағымыз ғой, аспаннан түскен жоқ, өзіміздің». Ешқайда кетпейді. Осындай адамдармен де жұмыс істеуіміз керек. Мен баяғыда келетін едім, жазда. Ойбай, барлығы дұрыс болып жатыр. Бармай-ақ қойыңыз, қазір шешіледі. Өздері қазір тынышталады. Сөйтеміз, бүйтеміз деді. Сентябрьде келем дедім. Барлығы облыстың бастығы да, «Қазмұнайгаз» барлығы келісіп жатырмыз, барлығы үйтті бүйтті деді де алдады. Сол үшін мен «Қазмұнайгаздың» бастығын орнынан алып, мынау Ләззат Қиыновты қойдым. РД-ның бастығын орнынан алып, анау Айдарбаев Аликты қойдым. Жаңа әкім тағайындадым, Мұхамеджанов дейтін. Әрі қарай, мынау «Өзенмұнайгаздың» төңірегінде қазір жаңа өндіріс ашылады. Жаңа мекеме. Жаңа мекеме ашамыз. Ол бұрғылау компаниясы болады. Сол бұрғылау компаниясының құрылысы жүреді бір жылдың ішінде. Сол бір жылдың ішінде барлығын жұмысқа аламыз бұрынғы жалақысымен. Менің аузымнан шығып отыр. Сонан кейін құрылыс біткеннен кейін бұрғышы бұрғышылығына барады, өзінің орнына, оператор операторлығына, машина жүргізуші машина жүргізушілігіне. Қазір құрылысқа кіріседі. Онымен қатар, мемлекеттің тарапынан ақша бөлініп, басқа мамандықтарға оқытамыз. Қолына документ береміз. Тек жабысып қалған бұл емес, басқа сварщик бола ма, оператор бола ма, екінші мамандық береміз. Анау Жетібайда дәл сондай өндіріс ашылады. Сол жерге барлығын жұмысқа аламыз, жалақысын береміз, бұрынғыдай. Екі жағын да сөйтіп, қазір ә дегенде жұмысқа алып, жалақысымен отырып, бала-шағасын бағатын болады.

Ал, ұсынылған жұмысты олқысынғандар болса, олар да түсіністік табады. Еліміздің барлық аймақтарында ашылып жатқан алып өндіріс орындарынан жұмыс ұсынылады. Оны қабыл алғандардың көшіп барып, қалыпты тіршілік етіп кетуіне көмек жасалады. Ең бастысы, ешкімнен үркіп, қорықпай, әркім өзінің басындағы мәселесін құзырлы органдарға жеткізулері керек.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
- Олардың бәріне айтыңдар. Қорықпасын, мұнайшылар, ешкімнен. Мен қазір тапсырма беремін. Ешкім оларды қамамайды, ұстамайды, олар келіп, сөйлесіп, жағдайды білмесек қалай біз оларды орналастырамыз. Осыменен мынадай сұмдықты тоқтатыңдар. Масқара болмайық. Тура тойлап жатқан күні бүкіл Қазақстан мына жерден келді де, арқаңнан пышақ ұрғандай деген болады ғой, дәл сондай жағдайға келтірді. Мен солай болды екен деп Маңғыстау жұртына сіздерге айып тағып, көңілім өзгереді деп отырғам жоқ. Қазағым менің, осы қай түкпірінде тұрса да қазағым менің. Сайлағанда әнеугүні жаппай дауыс беріп, сайлаған өздеріңізсіздер. Қалай мен жек көрем сіздерді. Әулиенің тұрған жері қасиетті, солардың аруағына күл шашпаңдар. Олардың қаһарына қалмаңдар. Ұят болады.

Төтенше жағдайдың енгізілуі жағдайды толық бақылауға алып, тіршілікті өз қалыбына түсіру үшін жасалған қадам екенін айтқан Президент, Жаңа жылды жаңаөзендіктер де ел қатарлы қарсы аларына сенім білдірді. Ел іші тынышталып, жағдай тұрақтанса оны алып тастау бір-ақ сәттің шаруасы. Нұрсұлтан Назарбаев елді тарихтан сабақ алуға, сабырлы, салиқалы болып, елдің бірлігін, тұтастығын ойлауға шақырды. Қаншама жылдар бойы күндіз отырмай, түнде ұйықтамай еткен есіл еңбекті жалғыз сәтте желге ұшырмай, барды бағалай білуге, жоқты жасауға ұмтылуға үндеді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
- Жеріміз кең болса да ат төбелінде Қазақтанның ішінде тоғыз-ақ миллион қазақпыз. Өмір бақи тарихымызда тұңғыш рет басымызға бостандық келді. Міне, осыны алдық, енді аяғынан тік тұрғызып келе жатқанда осындай болатын болса, онда біз ел болмаймыз. Ұрпақтарымыздың болашағы бұлыңғыр болады. Олардың бақыты кесіледі. Бұл деген басымыздағы бақыт. Сол бақытты ұстай білейік. Тыныш болса еліміз, бүтін болса, балаларымыз бақытты болады. Абайдың керемет сөзі бар, біріңмен қазақ бірің дос, болмасаң істің бәрі бос деген. Біздің өз ішімізде бірлік болуы керек.

Жастары қаскөйлердің арандатуына түсіп қалғаны болмаса жаңаөзендіктер де елге тоқтау айтар ақсақалы, жүйелі сөз жетесіне жетер арыстары бар ел. Президенттің сөзін көкейлеріне түйді, көкіректеріне жиды.

Дереккөз: "Хабар"

23 желтоқсан 2011, 23:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.