Атырау, 25 желтоқсан 18:01
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Жаңаөзеннің жан ауыртар жаралары

3 958 просмотра

Журналистер тобы Жаңаөзенге аяқ басты. Бірақ бәріміз де қала коменданты мен облыстық әкімдің қызметкерлерінің аса қамқорлығы мен бақылауындағы ақпарат вакуумында жұмыс істедік деуге болады.

 

АҚТАУҒА ТӘУЕЛСІЗ КОМИССИЯ КЕЛДІ

21 желтоқсанда Ақтау қаласындағы орталық алаңда ереуілге шыққан мұнайшыларға Алматыдан қоғам қайраткерлері мен оппозициялық партия көшбасшыларынан құралған тәуелсіз комиссия келді.

«Жас Алаш» қазақ тілді республикалық тәуелсіз газетінің редакторы Рысбек СӘРСЕНБАЙДЫҢайтуынша, қоғамдық комиссия Жаңаөзендегі желтоқсанда орын алған қайғылы оқиғаның шынайы себептерін анықтау мақсатында құрылған.

– Сіздер бізге келіп, Жаңаөзен мен Шетпеде бәрінің қалай болғанын, қалай басталғанын, неге бұлай болғанын айта аласыздар немесе электронды адреске жаза аласыздар... Біз осы мәселелердің барлығын парламент пен президенттің алдына қоюға міндеттіміз, - депті ол алаңдағы адамдарға.

Ереуілшілермен кездескеннен кейін комиссия мүшелері облыс әкімімен кездесу үшін облыстық әкімдікке бет алған. Бірақ бастапқыда олар омондықтар жасағынан өте алмапты. Тек әкімдік өкілдерімен ұзақ уақыт келіссөздер жүргізгеннен кейін оларды ғимаратқа шақырған. Ол жерде облыс әкімінің орынбасарларының бірімен кездесіпті.

Кейін бізге Жетібайда митингке шыққандарға бара жатқан қоғамдық комиссия мүшелерінің тобын орта жолдан тоқтатып, Ақтауға қайтуға мәжбүрлегені белгілі болды.

– Бізге мұның облыс әкімінің тапсырмасы екенін айтты, - деді телефон арқылы Р. Сәрсенбай.

Оның айтуынша, оларды арнайы операция өтетіндіктен ол жақ қауіпті болады деген желеумен Жаңаөзенге де өткізбеген екен.

 

ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАДА

БАҚ өкілдерінен тұратын топтың келу сапарына облыстық әкімдік мұқият дайындық жасаған секілді. Ақтау емханасындағы науқастармен өздігімізбен ақыры сөйлесе алмадық. Журналистермен кездесуге наубайхананың 20 жастағы күзетшісі Айғожа ҚАЛМАНОВ шықты.

– Оның сол жақ білегіне оқ тиген, - деді есімін атамауды жөн көрген емдеуші дәрігер.

А. Қалмановтың өзінің айтуынша, оны жұмыста тұрған кезде жаралапты.

– Бізге жұмысқа көлікпен менімен шамалас па, мүмкін кіші де шығар, екі жас жігіт келді. Олар қару мен пышақ көрсетіп, қорқытып ақша алып кетті. Менің қолымды жарақаттап, аздаған ақша алды да кетіп қалды, - деді ол.

Облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Нұрлан МҰҚАНОВТЫҢ айтуынша, зардап шегушілердің барлығына дер кезінде көмек көрсетілген. Дәрі-дәрмектер мен таңғыш материалдар жеткілікті екен.

– 16желтоқсанда бізге 40 адам түсті. Оларды бізге білікті медициналық жәрдем көрсету үшін Жаңаөзеннен жеткізді. Жаралыларға операциялар жасалып, 20 желтоқсанда олар Жаңаөзен қаласының қалалық ауруханасына ауыстырылды. Бізде тек бір пациент қана қайтыс болды.

–Неше адам ауруханадан сауығып шыққалы отыр?

– Мен мұны сізге айтпаймын.

Жаңаөзеннен тағы да пациенттер түседі деп күтесіздер ме?

– Жоқ.

Келесі бізге таныстырылған жаралы нейрохирургия бөлімшесінде жатқан полиция қызметкері боп шықты. Дәрігерлер бұл науқасқа ауырғанын басатын дәрі еккендерін, сондықтан да оның журналистермен сөйлескісі келмейтінін айтты.  

– Оның есімі Абат ӘДІЛОВ, ол Жаңаөзен қаласының ҚІІБ бастығының орынбасары, - деп хабарлады нейрохирург дәрігер. – Оның бас сүйегі жарылған, эпидоральды гематома (қан ұюы) пайда болған. Қазір оның жағдайы тұрақталды.

ЖАҢАӨЗЕН. КОМЕНДАНТТА

Әкімдік жоспарлаған облыстық ауруханаға сапарымыздан кейін 21 желтоқсанда Жаңаөзенге бет алдық. Қалаға кірер кезде өзге мемлекеттің шекарасынан өтіп бара жатқандай әсерде болдық. Жаңаөзенде көптеген БТР-лар мен әскери көліктер толып жүр. Кірер кезде барлығының жеке заттары мен құжаттарын тексеріп шықты.

Қақаған қыстың ортасында, желтоқсанда қарлы борасынның орнына топырақты ызғарлы жел ұйтқып тұрды. Қардың орнына аспаннан топырақ себеледі. Машинадан сыртқа көз тастағанда қаланы тұман басқандай боп көрінді. Автобус жүргізушісі ауа-райы да халықтың наласын білдіріп жатыр ғой деді...   

Әрі қарай бәрі де жарияланған төтенше жағдай заңы бойынша жүзеге асып жатты. Алдымен ҚІІБ-нен қала комендантына белгі соқтырып, содан соң қаланы аралауға кірістік.

ҚІІБ бастығы Аманжол ҚАБЫЛОВ төтенше жағдай жарияланған күндердегі қаланың бірден бір қожайыны – оның коменданты боп табылады. Қаладағы түрлі кәсіпорындардың жұмысшылары өткізу қағазын алуға кезекке тұру үшін бізбен бірге ҚІІБ есігінің алдына топталды. Күзетте тұрған сержантқа шулы журналистер тобының ұнамағаны көрініп тұр. Ол фотоаппаратын үздіксіз сыртылдатып, қатты сөйлеп тұрған «Азаттық» тілшісі Қазис ТОҒЫЗБАЕВҚА: «Сіз не, мені келемеж етіп тұрсыз ба? Атып тастай аламын...»,-деп қатаң ескерту жасады.

Кезекте тұрған орта жастағы әйел маған көшеден 16 жастағы баласын алып кеткенін, мұнда оның өлі-тірі екенін білу үшін келгенін жайлап айтты.

Рұқсат қағазын алған соң, біз екі полицей (айтпақшы, Атыраудан келген) мен әкімдік қызметкерінің жол бастауымен қалаға қарай шықтық. Олар біздің жүретін жолымызды өздері белгіледі. Жаңаөзен көшелерінде жан жоқ, тек полицейлер мен ішкі әскерлер жасағынан басқа ешкім көрінбейді. Мен базар маңында автобус күтіп тұрған бірнеше әйелден сыр тартпақ болғанмын. Бірақ олардың қорқып қалғандары сондай, менің сұрақтарымды естіген бойда теріс айналды.

«МЕН ӨЗІМ КӨРДІМ»

Тұтынушылары көрінбейтін «Балалар әлемі» дүкеніндегі сатушылардың бірі полицейлердің тобырға қалай оқ атқанын өзім көрдім деп әңгімелей бастады да, кілт тоқтады. Содан соң кешірім сұрап, әңгімелесуден бас тартты. Адамдарды түсінуге де болады...

Сол кезде маған жазғы ереуіл кезінен бергі танысым «ӨзенМұнайГаз» қызметкері Күнсұлу АЙТИШЕВА қоңырау шалды. Ол көшеге шығуға қауіптенетінін түсіндіріп, тәртіпсіздіктер кезінде полицейлердің шамамен 70-80 шақты ер адамды автобусқа тиеп алып, белгісіз бағытқа қарай алып кеткенін айтты.

– Сіздерді, журналистерді қалада бәрі тынышталғаннан кейін ғана өткізіп отыр. Орталық алаңдағы сахна маңында ер адамдарды автобусқа қойша тоғытып, ұрып жатқанын өз көзіммен көрдім. ОМОН мен полиция сахна маңынан қоршау жасап, сол жерге түрлі адамдарды жинап жатты. Оларды қайда алып бара жатқанын білу үшін әдейілеп автобусқа ұлдарымды іздеп жүрмін деген желеумен жақындап бардым, - деп әңгімеледі ол телефон арқылы. – Автобуста ер адамдардың барлығы қолдарын желкелеріне ұстап отырған еді. Сол кезде мен: «Көмектесіңдер, мына жерде адамдарды алып кетіп жатыр!» - деп айқайлай бастадым. Полицейлер сол сәтте мені қуып жіберді. Қаза болғандардың нақты санын білгіңіз келсе, ықшамаудандарды аралап, аулаларда марқұмдардың қаделерін өткізу үшін тігулі тұрған киіз үйлерді санап шығыңыз.

Алайда бізге әкімдік белгілеген бағыттан ауытқуға мүмкіндік бермеді.

«МҰНАЙШЫЛАР КІНӘЛІ ЕМЕС»

Біз қала орталығындағы өртенген ғимараттарды суретке түсіріп жатқанда, бізге бір көлік келіп тоқтады. Одан өзін жеті баланың анасымын деп таныстырған Сұлу ЖОЛДАСБАЕВА деген бір әйел түсті. Оның балаларының барлығы ересек, жұмыссыз екен. Қалаға журналистер тобы келіпті дегенді естіген ол бізді көше аралап іздеген көрінеді.

–16 желтоқсандағы болған оқиғаға мұнайшылардың кінәсі жоқ. Мұны жергілікті билік ушықтырды. Олар алаң ортасына киіз үйлер тігіп, сол жерде тойлай бастады. Неліктен бүкіл БАҚ бойынша мұнайшылар кінәлі деген ақпараттар ғана таратылып жатыр? Неге олар біздің пікірімізді сұрамайды? Біздің балаларымызды Қарағандыдағы көмір өндіретін кәсіпорындарға жұмысқа орналастырады екен деген қауесеттерді естіп жатырмыз. Оған жол бермейміз. Біз осы жерде тудық, осы жерде тұрдық, осы жерде тұра береміз де. Бұл біздің жеріміз, жеріміздің астында мұнайымыз бар. Неліктен мұнайлы бай елдің қожайындары ретінде осы жерде тұруға қақымыз жоқ? Неліктен бұған тек санаулы адамдар ғана лайықты? – деді көшеде айқайлаған әйел жылап.

Содан соң басқа машина келді. Одан түскен ер адам (опыр-топыр боп жүргенде есімін сұрауды ұмытып кетіппіз) да жергілікті биліктің жанжал шығаруға итермелеп, жағдайды ушықтырғанын растады:

–Мен ереуілге шығушылардың бірімін. Біз жеті ай тұрдық. Бізге оппозиционерлер де, түрлі қайраткерлер де келді. Бірақ біз тек өзіміздің еңбегімізге қатысты талаптарымызды қойдық. Жанжал кезінде, мәселен, жас ағызатын газды немесе водометтерді қолданбай, бірден патрондармен ата бастады. Біз олар үшін кімбіз? Дұшпанбыз ба? 1989 жылғы қақтығыс кезінде бұл жерде тек екі адам ғана қаза болған еді. Онда да олар сарбаздарға қарсы жүгірді. Енді олар не істеп жатыр? Тексереміз деген желеумен автобустарда қыздарымыздың денелеріне қол тигізеді. Тексеру кезінде әмияндарымызды ашып, ақшаларымызды тексереді.

Басқа бір ер адам бізді тоқтатып, алаңға қарсы тұрған үйді көрсетті:

– Мен осы үйдің бұрышында тұрған едім. Адамдарды қалай атып жатқанын көрдім. Олар қоян атып жатқандай, қашып бара жатқан адамдарға оқ жаудырды.

ТАҒЫ ДА КОМЕНДАНТТА

Күн кешкіріп қалған еді. Ымырт үйіріле бастады. Коменданттық сағат басталды. Біз ҚІІБ-не келдік.

– Цифрларды жалған айтып қайтеміз, - деді бізге комендант Аманжол Қабылов. – Қалада 55 емес, 14 адам қаза болды. 99 адам түрлі дене жарақатын алды. Бас прокуратура қылмыстық іс қозғап, тергеу ісі жүргізілуде. 8 адам тұтқынға алынып, күдіктелген бес адам ұсталды. Жедел-іздестіру шаралары жалғасуда. Ұялы байланыс пен интернеттің болмай қалу себебі – желіге зақым келген, қазір бәрі реттелді. Өздеріңіз көріп отырғандай, барлық дүкендер ашық, базар жұмыс жасап тұр.

Коменданттың айтуынша, қамауға алынғандарға тәртіпсіздіктерге қолдау көрсетті деген айыптар тағылған.

– Ғаламторда полицейлердің адамдарға оқ атып жатқаны туралы бейнежазба орналастырылған. Сіз бұл бейнеқұжатқа қандай комментарий бересіз?

– Бейнежазбаға қатысты прокуратура арнайы тергеу ісін жүргізіп жатыр, сондай-ақ, ІІМ тарапынан да тергеу жүргізілуде. Бір апта ішінде БАҚ-тарға жауабы берілетін болады деп ойлаймын.

Бірнеше журналист қалада қалу үшін рұқсат сұрады. Алайда президент жарлығына сілтеп, қалуға рұқсат етпеді. Бізге ҚІІБ жертөлелеріне (қауесет бойынша, ол жерде тұтқындалғандарды ұстап, азаптайтын көрінеді) кіруге және қалалық мәйітханаға баруға рұқсат бермеді. Қалада төтенше жағдай жарияланғандықтан, режим сақтау керек дегенді желеу қылды.

Комендант тәртіпсіздіктерге қатысушылардан алынған қаруларды көрсетті. Ол жерде тұтандырғыш қоспасы бар бірнеше бөтелке, бірнеше тапанша, пышақтар, сойылдар, аң қаруы болды.

Сәния ТОЙКЕН, Ақтау – Жаңаөзен

(Жалғасы бар)

23 желтоқсан 2011, 00:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.