Атырау, 23 қараша 08:38
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жұмағалиевтың жылыжайындағы табиғи таза өнімдер

Сурет
9 591 просмотра

Жылыжай салу идеясы қалай ойыңызға келді деген сұраққа атыраулық кәсіпкер Өтеміс ЖҰМАҒАЛИЕВ ойланбастан: қалада туып-өскенмен, жерге деген махаббат бала кезінен бойына сіңгенін айтты.

ТҰЗ – НӨЛ ПАЙЫЗ

Бүгінде оның қияр, қызанақ және болгар бұрышының өнімін үнемі беріп тұратын жалпы алаңы 2,5 га екі жылыжайы бар. Ал алғашқы қияр жылыжайын Жұмағалиев осыдан сегіз жыл бұрын өз қаржысына салған. Қазіргі кезде ол жылына 50-60 тонна қияр береді. 2014 жылы кәсіпкер «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын пайдаланып, қызанақтар үшін тағы бір жылыжай салып алды. Ол автоматтандырылған тамшылатып суару, ауа температурасы мен ылғалдылығын бақылау жүйесімен жабдықталған.

Егер температура 26 градустан жоғары көтерілсе, жылыжайда судың ұсақ тамшыларына дейін тозаңдататын тұмандатқыштар автоматты түрде іске қосылып, өсімдіктер үшін қолайлы орта түзіледі. Суару үшін бұл жерде кері осмос жүйесі арқылы тазартылған су қолданылады.

Осы тазарту жүйесінің көмегімен біз судағы тұздың құрамын нөлге жеткіземіз. Осылайша, тыңайтқыштарды оңтайлы есептей аламыз, - деп бөліседі кәсіпкер. – Ай сайын өз өнімдеріміздің үлгісін ветеринарлық зертханаға тапсырамыз. Сонымен қатар, оны өнімімізді сататын базар зертханаларында үнемі тексеріп тұрады. Бір күні лаборант менің көзімше біздің қызанақтардың құрамында нитраттардың бар-жоғын тексерді. Аспап «нөлді» көрсеткен еді. Бірақ ол бірнеше рет қайта тексеріп шығып, аспаптың ақаулығына сілтеді. Алайда шын мәнінде біздің көкөністерімізде нитраттар тіпті шекті рұқсат етілген деңгейде де жоқ еді.

Осы жылыжайда қызанақтардан бөлек болгар бұрышы өсіріледі. Өркендері нәзік болғандықтан оны өсіру өте қиын, бірақ тәжірибе көрсетіп отырғандай, өсіруге әбден болады екен.

ҚАНАТТЫ КӨМЕКШІЛЕР

Өңіріміздің климаты қатқыл: қыста шымыр аяз, жазда аптап ыстық, көктем мен күзде қатты жел болады. Дегенмен де, Өтеміс Жұмағалиевтың жылыжайлары гүлдеп тұрады. Оның жаңа жылыжайы бір маусымда 200 тоннаға дейін өнім береді. Қиярдан ерекшелігі қызанақ өздігінен тозаңдана алмайды. Ал өнім көбінесе тозаңдану сапасына байланысты болады. Осынау қиын міндетті Өтеміс араларға жүктеген. Ара ұяларын Ресейден тапсырыспен алады.

– Әр қорапта 50-60 арадан тұратын жанұя болады. Бізде осында 10 қорап бар. Мұндай мөлшердегі аралар екі гектар жылыжайдағы өсімдіктерді тозаңдандыруға жеткілікті, - деп әңгімелейді Жұмағалиев.

Аралар күн шапақтана бастаған уақытта жұмыстарын бастап, ыстық басталғанға дейін аяқтайды. Ал бұлтты күндері өздеріне демалыс ұйымдастырады, бәрі де табиғаттағыдай, дейді Өтеміс.

Жылыжайда басқа да қанатты жұмысшылар – макролофустер, алтынкөзділер мен габробракондар бар. Бұл жәндіктер зиянкестермен күресуге көмектеседі. Жылыжай өсімдігі үшін басты қауіп – аққанат, біте, миналаушы күйелер.

– Миналаушы күйе, айтпақшы, біздің өлкемізге көптеп әкелінетін түрік көкөністерінің қорабымен келді. Оған қарсы габробракон жақсы көмектеседі – ол жұмыртқасын зиянкестің жұлдызқұртына салады, соның нәтижесінде олар өліп қалады. Біздің басқа да көмекшілеріміз біте мен аққанатты түгел жеп қояды. Жабысқақ қабаты бар тұзақтар мен феромонды тұзақтар бар. Оларға зиянкестің аталығы келіп қонады. Аталық жоқ болса – ұрпақ та болмайды. Ақыр аяғында біз 90 пайыздан астам зиянкестерді құрта аламыз, - деп әңгімелейді Өтеміс.

АНАР, ЛИМОН, АВОКАДО ЖӘНЕ ІНЖІР

Өтеміс сынақ жасаудан бас тартпайды. Өткен жылы жүзімнің бірнеше бұтасын отырғызған. Биылғы мамырда ол алғашқы өнімін беріпті. Кәсіпкер жылыжай жағдайында жүзім сабағы жылына екі мәрте жеміс беруі мүмкін деп топшылайды. Келесі өнімді тамызда алуға үмітті.

Жүзімнен басқа бұл жердегі күбілерде анар ағашы, лимон, авакадо мен інжір ағаштары жақсы өседі. Авакадо ағашы өте кішкентай, анар әзірге күш жинауда, лимон өткен жылы жеміс берді, әсіресе, інжір жақсы жерсінген – оның бүкіл бұтақтары күн сайын көбейе түскен жемістерге толы.

Бұл өсімдіктер біздің үйде өсетін. Анар ағашын қыста жүзім секілді жауып тастайтынбыз. Содан соң мен жылыжайда бұл өсімдіктерге жақсы болатын шығар деп оларды осында алып келдім. Егер сынақтан ойдағыдай өтсе, атыраулық інжірлер үшін де сөрелерден орын табылады деп ойлаймын, - дейді Өтеміс.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

13 маусым 2016, 16:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.