Жылыой ауданының әкімшілік орталығы – Құлсары қаласын еліміздегі ірі Теңіз кенішінен бар болғаны 90 километр қашықтық бөліп тұр. «ТШО» ЖШС жыл сайын Теңізден өндіріп жатқан мұнай көлемінің артуы (үстіміздегі жылдың 10 айы ішінде 21 млн. тоннадан астам) қалаға еліміздің мұнай астанасы мәртебесіне үміткер болуға құқық береді. Алайда өндіріс алыбының жақын екендігіне қарамастан әлі күнге дейін қаланың инфрақұрылымы сын көтермейтін жағдайда.
Ал 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басында сол кездегі қала типтес Құлсары поселкесінің болашағы зор болатын. Республиканың мұнай саласы ірі кенішті өңдеуге қаржы аямаған одақтас министрліктер боп бір орталықпен үйлесе жұмыс жасаған еді.
Құлсары сол кезде қала типтес поселке мәртебесін иемденіп, жылытылатын подъездері мен қоқыс құбырлары бар жақсартылған жоба деп аталатын үйлер салынған жаңа ықшамаудандар бой көтерді.
Сол кезде көп қабатты жаңа үйлерге одақтың түкпір-түкпірінен қомақты табыс табуға тартылған мұнайшылар мен басқа да мамандар қоныстанды. Құлсарылықтар 1996-1997 жылдарға дейін Атырауда іркіліспен келіп тұрған жылумен, ыстық және салқын сумен жақсы қамтылғандарын еске алады. Ал поселкедегі дүкендерде жеңсік тағамдар мен еуропалық жиһаздар саудасы жүріп тұрған.
Алайда Одақ құлап, республика тәуелсіздік алғаннан кейін ахуал түбегейлі өзгерген. Одақ министрліктері мұнай-газ өнер-кәсібінің нысандарын республиканың меншігіне беру уақытын созуға тырысты, ал Теңіз кенішін болашағы зор болғандықтан өздерінің тікелей қарамағына қалдырғылары келді (автордан – танымал мұнайшы Мағауия Шырдабаевтың естелігінен).
Бірақ қазақстандық мұнайшылардың күшімен 1991 жылы мемлекеттік «Казахстаннефтегаз» корпорациясы құрылып, оның құрамына «Тенгизнефтегаз» өндірістік бірлестігі кірді. Кейінірек корпорация «Мұнайгаз» холдингтік компаниясы боп қайта құрылды. 1994 жылы Мұнай және газ өнеркә-сібінің министрлігі өмірге келді. 1997 жылы «Қазақойл» ҰМК және 2002 жылғы 22 ақпанда «Ұлттық «ҚазМұнайГаз» компаниясы» ЖАҚ құрылды. Оған Ұлттық «Қазақойл» мұнай-газ компаниясы мен екі транспорттық монополия – «ҚазТрансОйл» мен «ҚазТрансГаз» енді. Ал 1993 жылы ҚР үкіметі американдық «Шеврон» компаниясымен Теңіз кенішін бірігіп өндіруге келісім жасап, «Теңізшевройл» БК ашылды.
Елімізде кейінірек жеке қолға өтіп кеткен одақ меншігі бөлініп жатқан кезде Құлсарының басына бұлт үйіріледі. Одақ құлағаннан кейін Теңізден сырттан келген адамдар кете бастады, ал 1996 жылдан бастап поселкедегі коммуналдық майданда проблемалар туындады. Электр энергиясы ажыратылып, газ бен жылу іркіліспен беріле бастады, жаз айларында сумен қамту тоқтатылды. Тәуелсіздік алған 19 жыл ішінде жиі орын ауыстырған ауданның 11 әкімінің мәртебесі де оларды құтқара алмады. Әкімдердің ішінен кейінірек екі парламентарий, бір бизнес-магнат, бүгінде ТШО мен Аджип ККО компанияларындажұртшылықпен байланыс бөлімде-рінде жоғарғы лауазымды орындарда жұмыс істеп жатқан екі бұрынғы шенеунік шықты. Айтпақшы, олардың бірі Рзабек Артығалиев әкімдік құрып тұрған кезде Құлсарыға қала мәртебесі берілген еді.
Олардың бірі - ауыз судың тапшылығы. Алайда өткен жылдан бері «ТШО» ЖШС-нің қаржысымен жүзеге асырылып жатқан «Игілік» бағдарламасы құлсарылықтардың үмітін оятты. Естеріңізге салайық, бағдарлама іске асатын үш жыл ішінде Құлсарының сумен қамту жүйесін қайта жарақтауға кәсіпорын 45 млн. доллар ақша жұмсайды.
Осы сапарымда ұзақ жылдар ішінде алғаш рет Құлсарыда үлкен жұмыстар жүріп жатқанын байқадым. Дегенмен, су бұрынғыша шектеулі режиммен беріле-ді, ал тұрғындардың бір бөлігінде су тіптен жүрмейді, олар суды көшеден тасып әкеледі екен.
Коммуналдық майдандағы мәселелердің ахуалы туралы мен қала әкімінің орынбасары Аслан КАРИМОВПЕН әңгімелестім. Ол «Игілік» бағдарламасы жүзеге асырылатын екінші жыл аяқталып қалғанын, жаңа сумен қамту жүйесі Құлсарыдағы 2, 4 және 5ықшамаудандарға және 3 ықшам ауданның 8 үйіне қосуға дайын тұрғанын айтты. Қалған 1-ші ықшам ауданды, 3-ші ықшам ауданның қалған үйлері мен Қамыскөл елді мекенін қосу жұмыстары жалғастырылып жатыр екен. Жұмыс екі кезеңмен жүргізілуде: бірінші кезеңде ықшамаудан айналасына магистральды су құбыры ескі сумен қамту желісімен қатар тартылады, содан кейін су таратқышты әрбір тұрғын үй кварталына және әр үйге жеке тартады. Салынып жатқан магистральды айналма су құбырының жалпы ұзындығы 150 км құрайды. Өткен жылы 23 км, үстіміздегі жылы 49 км-ге дейін салынды. Құрылыспен «ТШО» бас мердігерлері – «Алтын Су», «Алау Құрылыс» ЖШС және «Эра» ЖШС айналысуда.
Бағдарлама бойынша мердігерлер су таратқыштарды тек үйлерге ғана тартуға міндетті. Алайда ПИК-тердің жоқтығына байланысты құрылысшылар «Игілік» бағдарламасы аясында қосымша ұсынылған материалдардың есебінен жертөле желілерін де ауыстыруда. Ал пәтерішілік стояктарды тұрғындардың өздері ауыстырулары тиіс.
«Жылыой су» мекемесінің бастығы Балтабай ИБРАЕВТЫҢайтуынша, су шектеу режимі бірнеше себептерге байланысты болып отыр. Біріншіден, желі жүргізу кезінде жаңа желі толығымын кесіліп, сумен қамту ескі желі бойынша жүзеге асырылған құрылыс жұмыстары сеп болып отыр. Ескі су құбыры желісінің тозығы жеткендігі сондай, ескі су құбырын іске қосу кезінде көтеру-сорғы стансасының көмегімен берілетін судыңедәуір бөлігі тұтынушыларға жетпей қалады. Бүгінгі күні тұтынушылар су жеткізуші «Қазтрансойл» АҚ-на 40 млн. теңгеден астам қарыз боп қалған. Барлық жөндеу жұмыстарын аяз басталғанға дейін аяқтауға асығып отыр. Қатып қалу қаупі төніп тұрған кезде су жаңа су құбыры арқылы үздіксіз жүріп тұратын болады.
Ол сондай-ақ, судың Құлсары мен Жаңа Қаратон тұрғындарына кезекпен тәулігіне 14 сағаттан беріліп жатқанын хабарлады. Өткен жылдан бері халыққа беріліп жатқан су көлемі 3 мың текше метрден 5 мың текше метрге дейін артқан. Коммуналдық қызметкерлердің пікірінше, бұл қызметтегі барлық қиыншылықтар тарифтің төмендігінен болып отыр. Бүгінде кәсіпорын «Қазтрансойлдан» судың бір текше метрін 39,73 теңгеден сатып алады. Үстіміздегі жылдың қазан айында жеке және заңды тұлғалар үшін бірыңғай 52,58 теңге тарифі күшінде болған. Мұндай тарифпен, Б.Ибраевтың айтуынша, кәсіпорын өз шығындарын ақтай алмаған. Сөйтіп, кәсіпорын инвестициялық бағдарлама жасақтап шығарған. Онда жеке тұлғалар, бюджеттік мекемелер мен заңды тұлғалар үшін жаңа дифференциалды тарифтер ұсынылған. Егер жеке тұлға үшін су азғана қымбаттаған болса, заңды тұлғалар үшін тариф 5 есеге көбейіп, 250 теңге құраған болар еді. Алайда монополияға қарсы комитет халық үшін бұрынғы тарифті қалдырып, заңды тұлғалар үшін 89,17 теңгемен шектелді. Жаңа тарифтер 1 қарашадан бастап күшіне енеді, оның әсері тек желтоқсан айында ғана көрінетін болады, - деп атап өтті коммуналдық қызметкер.
- Қазір біз ай сайын халықтан және заңды тұлғалар мен жеке қызметтерге суды сатудан өз қызметіміз үшін 8 млн. теңгедей ақша жинаймыз. Оның 3,5 млн. теңгесін «Қазтрансойлға» береміз, қалғандары қызметкерлердің жалақыларына, жанар-жағармайға, электр энергиясын төлеуге, жабдықтарды жөндеу мен салықтарға жұмсалады. Бізде жабдықтарды жаңарту үшін қаржы қалмайды. Сондықтан келер жылы біз қайтадан инвестициялық бағдарламалар мен тарифтерімізді қорғайтын боламыз, - дейді Б.Ибраев.
Тарифтерді көтеру қажеттігін ерекше атап өткен коммуналдық қызметкер халықтан су үшін төлемақы жинау жөніндегі ақпаратты бере алмады. Оның үстіне ол бүгінгі күні көп қабатты үйлерде қанша тұрғын тұратынын айта алмады. Халықтың осы бөлігі бүгінде суды тиесілі көлемде ала алмай отыр, тиісінше сол үшін принципке барып, ақша төлемей отыр. Осы жерге келгенде коммуналдық қызметкер абыржып қалды. 15 минуттай екпіндеп сөйлескеннен кейін, бүгінде Құлсарыдағы қарызды жинау 70 пайыз құрайтынын мәлімдеді. Қазір тек тұрмысы төмен отбасылар ғана төлемейді, алайда олар үшін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жәрдем беріп отыр.
- Біз ай сайын тұтынылған су көлемі үшін 8 млн. теңге жинаймыз. Тариф көтерілсе, одан да көп жинайтын боламыз, - деді Б.Ибраев айтқанынан қайтпай.
- Бірақ сіз осы соманың тек 3,5 млн. теңгесі «Қазтрансойлға» кетіп жатыр дедіңіз ғой. Ендеше 40 миллион қарыздан қалай құтылмақсыздар? Көп қабатты үйлердегі тұрғындар суды әлі ала алмай отырса (автордан – аудан әкімі Р.Нұғмановтың мәліметтері бойынша, Құлсарының 52,7 мың халқының 15-20 мың тұрғыны), тарифті көтеру туралы қандай сөз болмақ? Бұл су есептегіштері жоқтарға қатысты. Бәлкім әуелі адамдарға су беріп, олардан ақша жинай алған болсаңыздар, тарифтің көтерілуі туралы мәселе қозғалмаған болар еді.
- Сіз неге үнемі ықшам аудандар туралы айта бересіз?
- Су тапшылығынан жапа шегіп отырған солар ғой. Ал жеке сектордың тұрғындары бүгінде сіздерден суды, олардың айтуынша, бір текше метрін 800 теңгеден сатып алып отыр екен.
- (Қайтадан дауысын көтере сөйледі) Бірақ біз суды сорғымен тартамыз, жанар-жағармай сатып аламыз, техниканы жөндейміз. Сіз қайта-қайта біздің жұмысымызға тиісе бердіңіз ғой, - деп абыржып қалды Б.Ибраев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, үстіміздегі жылы қала әкімдігі қала тұрғындарын автономды газбен жылытуға көшуді үндеген болатын. А.Каримов неліктен екендігін түсіндірді.
- Біз халықты ПИК ашуға қаншама шақырғанымызбен, бұдан түк шықпады. Нәтижесінде, қазандық апатты подъезішілік жылу желілерінің салдарынан бостан босқа жұмыс жасап тұр. Сондықтан газшілер мен төтенше жағдай қызметінің өкілдерімен бірге өткізілген кеңесте көпқабатты үй тұрғындарына Санитарлық нормалар мен ережелерге сай келетін белгілі бір типтегі екі газ қазандықтарын пайдалануға рұқсат етілді. Биылғы жылы орталықтан жылу берілетін балады, алайда келесі жылыту маусымында одан жылу беру тоқтатылады, - деп әңгімеледі А.Каримов.
Кетер алдында мен ауданның он екінші әкімі Рахметолла НҰҒМАНОВПЕН сұхбаттастым. Ол биылғы жылы Құлсарыны дамытуға адам айтқысыз сома - 10 млрд. теңге бөлінгенін айтты (көп бөлігі «Игілік» бағдарламасы бойынша). Бұл жерде жұмыс жасалып жатқаны енді ғана көрініп жатқандықтан, өткен жылы ауданды дамытуға бөлінген соманың қайда жұмсалғанын сұрадым. Алайда әкім бұл сұраққа комментарий бермеуді ұйғарды. Ол, сондай-ақ, жылыойлықтар арасында Құлсарының көшірілетіндігі туралы, осы мақсат үшін билік Индер мен Махамбет аралығындағы аумақты белгілеп алыпты-мыс, ал Құлсарыны вахталық қалашықтың тағдыры күтіп тұрған көрінеді деген қауесетті де жоққа шығарып отыр.
- Ал Жылыой ауданы халқынының жүрек-қан тамырлары және тыныс алу сырқаттары бойынша жоғары деңгейде тұрғандығы туралы мәліметтер қалай болмақ?
- Мен бұл мәліметтермен таныс емеспін. Содан соң біз жел соғып тұратын ашық жерде орналасқанбыз. Сондықтан Теңізден келуі мүмкін зиянды заттектер бұл жерге шоғырлана алмайды.
- Қаланы қандай болашақ күтіп тұр? Ол кеңейтіле ме?
- Ең жақсы болашақ күтеді деп ойлаймын. Мемлекеттік баспаналар салынбағанмен, қала шамамен атыраулық трасса жаққа қарай жеке сектор есебінен өсетін болады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген автор