Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық конкурсының облыстық кезеңі бойынша қатысушылар мен жеңімпаздарды марапаттау салтанаты өтті. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сөз сөйлеп, Алғыс хаттар, дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстады.
«Мерейлі отбасы» конкурсы елімізде жыл сайын өткізіліп келеді. Ұлттық конкурс өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін жоғарылатуға бағытталған.
Биылғы конкурстың облыстық кезеңіне қала және аудандардан 14 отбасы қатысты.
Облыстық кезеңнің алғыс хатымен Махамбет ауданынан қатысқан Дәулет ЖҰМАҒАЗИЕВ, Құрманғазы ауданынан қатысқан Жетек ШАЙХИЕВ, Қызылқоға ауданынан қатысқан Сандыбай МАШИКОВ, Исатай ауданынан қатысқан Алдар САХИПОВ, Индер ауданына қатысқан Махамбет КӨРГЕНОВ, Жылыой ауданына қатысқан Наурызбай ТӨЛЕУОВ, Атырау қаласынан Тұрғанбай ШЫҒАНАҚОВ отбасылары марапатталды.
ІІІ орын иегерлері – Бақтығали ҚҰБАШЕВ (Исатай ауданы), Берік ҚҰМАРОВ (Құрманғазы ауданы), Бағыт ХАЛИАХМЕТОВ (Махамбет ауданы).
ІІ орын иегерлері – Ізімғали СҮЙЕСІНОВ (Жылыой ауданы), Өтеген АҚҚАЙНАНОВ (Қызылқоға ауданы).
І орын иегерлері – Төлеуғали ҚАРШЕГЕНОВ (Атырау қаласы), Бақыт ЕҢСЕПОВ (Индер ауданы).
І орынға ие болған екі отбасы ендігі кезекте конкурстың республикалық кезеңіне Атырау облысы атынан қатысатын болады. Сыйлық ретінде оларға «Сосновый бор» шипажайына екі адамдық жолдама табысталды.
Бақыт Еңсеповтің отбасы Индер ауданының Бөдене аулында тұрады. Жасы 85-ке келсе де әлі тың көрінетін Бақыт ақсақал жұбайы Ақбал ЖҰМАШЕВА екеуі дүниеге 7 бала әкеліп, олардан 13 немере, 5 шөбере сүйіп отыр. Ақбал ана «Алтын алқа» иегері. 41 жылын ұстаздыққа арнаған Бақыт ақсақал балаларының жақсы азамат болып өсіп, қалыптасқандары үшін мақтанады.
Ал, алғыс хатпен марапатталған Қызылқоға ауданы Сағыз селосының тұрғыны Сандыбай Машиковтың жары Ақбілек апайдың жолдасымен отасқанына 52 жыл болған. Бұл отбасы бүгінде жеті баладан (2 ұл, 5 қыз) 23 немере, 5 шөбере сүйіп отыр.
Ақбілек апа өмірінің 33 жылын ұстаздыққа арнаған жан, ол математика пәнінен дәріс берген, 14 жыл мектепте оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарған.
- 2004-2012 жылдары ауылдағы отбасы әйелдер кеңесінің төрайымы болып, бірнеше отбасын ажырасудан аман алып қалдым. Ақыл-кеңестерімді айтып, жас отбасылардың берік болуы үшін жұмыстар атқардым. Біз балаларымыздың жоғары білім алуына бар жағдайды жасадық әрі жастайларынан еңбекке араластырдық. Және бір айта кету керек, ене мен келін тату болу керек. Отбасы үшін түсіністік пен кешірімшілдіктің маңызы зор. Мәселен, менің келінім төркіндетіп қыдырып кетсе, күн санап отырамын, оны сағынамын, қашан келер екен деп күтемін, - деп күледі әже қасындағы келініне жылы шыраймен қарай отырып.
Құрманғазы ауданынан келген, конкурсқа қатысқан отбасылардың жасы - Шайхиев Жетектің отбасы. Ганюшкино селосының тұрғыны Жетек жұбайы Майра екеуі өмірлерін ұстаздық пен бала тәрбиесіне арнаған жандар. 26 жыл отасқан отбасының шаңырағында 4 бала тәрбиеленіп келеді. Жетек аудандық білім бөлімінде 12 жылдық білім беру және бастауыш сынып әдіскері болып қызмет етсе, Майра Еңбекші орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді.
- Біз өте ризамыз, қуаныштымыз. Осындай тәрбиелік мәні зор конкурстар, байқаулар көбейе берсін деп тілейміз, - деді Жетек Шайхиев.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор