Атырау, 25 желтоқсан 18:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Назарбаев Телеғұсовқа: «Егер айтқаныңыз рас болса, онда кінәлілерді жазалаймыз, ал егер жалған болса, өзіңіз сотталасыз!»

4 058 просмотра

Маңғыстау облысына Қазақстан президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ келді. Барлық аудандардан ереуілге шыққан мұнайшылар Ақтау қаласындағы түрлі кеніштерге вахталық автобустар шығатын автостансаға жиналыпты. Алайда президент олармен ақыры кездесе алмады.

– Ол сол жердегі ахуалды тексеру үшін Жаңаөзенге ұшып кетті, - дейді Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі Жанна ОЙШЫБАЕВА.

Бұған дейін президент Ақтауда облыс активтерімен кездесіп, облыстың жаңа әкімі Бауыржан МҰХАМЕДЖАНОВПЕН таныстырды.

– Президент Қырымбек КӨШЕРБАЕВТЫ Маңғыстау облысының әкімі қызметінен «өз қалауымен»  босатты. Ол Жаңаөзендегі болған жағдайға Көшербаевтың кінәсі жоқ екендігін атап өтті. Мұның бәрі бұрынғы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының бұрынғы басшылығы өз жұмысшыларымен келісімсөзге келмегендіктен орын алып отыр. Көшербаев күйзелістегі осы аймақты көшбасшы аймақ дәрежесіне көтерді деп президентіміз оның еңбегі туралы айтқан еді, - деп түсінік берді Ж. Ойшыбаева. 

Көшербаевқа қандай қызметтің ұсынылатындығы әзірге белгісіз.

«ҚМГ» ҰК-ның жаңа басшысы болып Ләззат ҚИЫНОВ, «ҚазМұнайГаз БӨ» АҚ компаниясына Алик АЙДАРБАЕВтағайындалды

Бізге «ӨзенМұнайГаз» ӨФ жұмысшысы Күнсұлу АЙТИШЕВА хабарлағандай, Жаңаөзенде президент халықпен бар болғаны 5 минут қана тілдескен.

– Ереуілге шыққан мұнайшылар президентке жақын келіп, өз талаптарын айта алмай қалды, оларды омондықтар жібермеді. Біз бір қарияның: «Біздің балаларымыздың қазасы үшін кім жауап береді?» деп сұрағанын естідік. Оған Назарбаев бүлік пен кісі өлімінің бұзақылар мен арандатушылардың қолдарымен жасалған іс екенін айтты, - деп әңгімеледі «АЖ» тілшісіне телефон арқылы К. Айтишева. 

Оның айтуынша, президент активтермен Жаңаөзен қаласындағы «Жалын» кинотеатрында кездесуді жалғастырған. Ереуілге шыққан мұнайшылар бұл кездесуге шақырылмады. Бірақ, бейресми ақпарат көздері хабарлағанай, УОС-2 («ӨзенМұнайГаз» ӨФ бөлімшесі) жұмысшыларының бірі, атап айтқанда, «Назарбаев, жасасын!» деген плакат көтерген А. ТЕЛЕҒҰСОВ полицейлер сапынан залға өтіп, президентке кім кімді және қалай өлтіргенін бүкпей айтып берген. Президент оған: «Егер сіздің айтып тұрғаныңыз рас болса, онда кінәлілерді соттайтын боламыз. Ал егер олай болмаған болса, өзіңізді соттаймыз!» депті.

Ал Ақтауда аязды күні ереуілге шыққан «ҚаражамбасМұнай» компаниясының жұмысшылары Астанаға кері ұшқан президенттің қайтадан келіп, «Ынтымақ» алаңында өздерімен кездесетіндігіне үміттенетіндіктерін айтты.

– Біз елбасының бізбен кездесетініне, бүкіл келіспеушіліктер мен жанжалдың бейбіт жолмен шешілетіндігіне қатты үміттенеміз, - деп мәлімдеді «ҚаражамбасМұнай» АҚ ереуілші-белсендісі Еркін ОЗҒАН. 

Күйеу баласы Тимур ҚҰЛЫБАЕВТЫ«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшысы қызметінен босататындығы жөнінде президент Ақтау мен Жаңаөзендегі кездесу барысында айтқан жоқ. Бейресми түрде бұл қоқан-лоқы Астанаға оралғаннан кейін айтылған болуы керек.

Сәния ТОЙКЕН

Ақтау – Атырау

23 желтоқсан 2011, 12:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.