Атырау, 25 желтоқсан 18:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Балық инспекторлары билік бұғауына түсті

3 036 просмотра

Астанадан балық шаруашылығы комитетінен келген  комиссия Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясынан сыбайлас жемқорлыққа қатысты  бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады.

Комиссия балық қорғау инспекциясының Исатай аудандық бөлімінің жетекші және аға мамандары Бауыржан БИМУРЗИН және Қайыржан МАҚАШЕВТІҢ, сондай-ақ, бақылау-инспекциялық жұмыс бөлімінің аға маманы Владимир МИРОНОВТЫҢ өз басшылығы мен Дамбы инспекциясындағы әріптестері табиғат қорғау заңнамаларын бұзушылардың мүдделеріне қолдау көрсетті деп күдіктенген арыздарынан кейін келген еді.

Балық қорғау инспекциясының мамандарының айтуынша, олар «Атыраубалыққа», балық кооперативтері «Восток», «Амангелді», «Қызыл балық» ЖШС және «Раушан» ӨК-не  тиесілі алты қайықтағы браконьерлерді ұстаған. Оларға «Ақ Жайық» резерватының тыйым салынған аумағынан ау-торларын құрды деген айып тағылды. Оның үстіне, ұсталғандарда кәсіп-шілік журналы болмаған. Бұл балық инспекторының, звено жетекшісінің, балық қабылдаушының қолдары қойылған ресми құжат, оған квота бойынша күнделікті ауланған балық көлемі жазылады.

Балық инспекторлары заңға сәйкес, хаттама толтырып, іске қатысты барлық материалды  сотқа жіберуге дайындаған. Алайда, іс сотқа дейін жетпеді. Сол тұста Бимурзин, Мақашев және Миронов өздерінің Астанадағы жоғарғы органы мен «АЖ» редакциясына хат жолдады.  

Жайық-Каспий инспекциясының бастығы Амантай АЙЖІГІТОВ істі сотқа жолдаудың орнына аумақтық тиістілігіне сілтеме жасай отырып, оны Дамбы инспекциясының бастығы Ибрай ЕСМҰРАТОВТЫҢ қарауына жіберген,-дейді олар.

Балық инспекторларының арызын қараған комиссия хаттамасында былай делінген: «... заң тәртібін бұзушылар тыйым салынған аймақ – мемлекеттік «Ақ Жайық» табиғат резерватында, яғни, ерекше қорғалатын табиғат аумағында ау-торлармен өнеркәсіп үшін балық аулауға жол берген... Әкімшілік заңнамалардың бұзылуына қатысты толтырылған әкімшілік материалдары қарауға жолданбаған және заң тәртібін бұзушылар жауапкершілікке тартылмаған. Осылайша, тәртіп бұзушыларға жауапкершіліктен жалтаруға жол берген Дамбы балық инспекциясының бастығы И.Ес-мұратов жеке тұлғаларға заңға қайшы келетін артықшылықтар көрсеткен. Ал, бұл сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтар болып табылады». 

Бұдан басқа, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі әкімшілік қамтамасыз ету департаментінің директоры Ж.Аманбаевқа балық қорғау инспекциясы басшылығынан жазбаша түсінік-теме алу және балық инспекциясының Дамбы бөлімшесінің бастығы И.Есмұратовқа қатысты тәртіптік жауапкершілік шараларын алу жөнінде ауыл шаруашылығы тете-министрі М.Толыбаевтың тапсырмасы бойынша комиссия төрағасының міндетін атқарушы Б.Жұмажановтың қолы қойылған ұйғарымы жолданды.

Бауыржан Бимурзиннің айтуынша, арыз авторлары өз басшылығымен соттасуды көздеп отыр.

– Астанаға шағымданғаннан кейін біз балық инспекциясы басшылығы тарапынан қысым көре бастадық. Бізге қатысты қызметтік тергеу жүргізіп, негізсіз ескертулер берді. Біз оған төзе алмағандықтан сотқа бердік, - дейді Б.Бимурзин. Ол сондай-ақ, «балық инспекциясындағы кейбіреулердің қалалық әкімдіктегі жоғары шенді шенеуніктермен тығыз туысқандық байланыстары болғандықтан да басқару тетігінің солардың қолында екендігін» атап өтті. Өкінішке қарай, бізге А.Айжігітовтен түсінік алудың мүмкіндігі болмады, ал, оның орынбасары Марат ЕРБӨЛЕКОВ, барлық мәселені бастық шешетіндігін, алайда, оның қазір іс-сапарда екендігін айтып,  түсінік беруден бас тартты. Біз міндетті түрде жағдайдың одан әрі қалай өрбитіндігін бақылауға аламыз.

Сәния ТОЙКЕН

22 желтоқсан 2011, 16:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.