Атырау, 25 желтоқсан 18:17
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Ақтауда алаңға шыққандар қамаудағыларды босатып, аза тұту күнін жариялауды талап етті

2 665 просмотра

Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер салдарынан болған зиян мөлшері 2 миллиард теңгеден астам. Жаңаөзенде коменданттық сағат пен төтенше жағдай әлі жойылған жоқ. Ал қамауға алынғандардың тағдыры әзірге беймәлім. Ұялы байланыс пен интернет ажыратылған. Ереуілге шыққан мұнайшылардың үкіметтік комиссиямен жасаған келіссөздерінен түк шықпады. Наразылық білдірушілер мен полиция арасындағы қақтығыс жалғасуда.

«ЫНТЫМАҚ» АЛАҢЫНДА

Қалаға кірген кезде әскери әрекет ету аймағына аяқ басқандай боласың. Жер-жерден бетперде киген арнайы жасақ, автомат ұстанған полицейлер, БТР-лар мен әскери көліктер толып жүр. Шамасы, ақтаулықтар үшін мұндай көрініс 5 күн ішінде үйреншікті жағдайға айналған секілді, оларға мән беріп жатқан ешкім жоқ.

Қаладағы орталық «Ынтымақ» алаңы түгелдей полицейлердің батальондарымен және арнайы шұғыл әрекет ету жасағымен қоршалған. Ереуілге шығушылар мен оларға қолдау көрсетуші жергілікті халық екі топқа бөлініп, жолдың бойында тұр.

Полицейлерді фотосуретке түсіріп жатқанымды көрген ереуілшілердің бірі маған жақындап келді.

– Сіз оларды не үшін суретке түсіріп жатырсыз? Ақтауда ереуілге шығушылар қиын ахуал қалыптастырды деп жазғыңыз келе ме? – деді наразы үнмен.

Біз таныстық. Жігіттің есімі Алик ОРЫНБАЕВ екен, жасы 23-те, Қаламқас кенішінде жұмыс жасайтын көрінеді.

– Біз демократиялық мемлекет боп есептелеміз. Біз неліктен шығып, өз пікірімізді айта алмаймыз? Неліктен халыққа қару қолданады? Басқа елдерде қалай болатынын көріп жүрміз ғой, бірақ ол жақта ереуілшілерге оқ атпайды ғой, - деді ол.

Біздің әңгімемізге егде тартқан Алмагүл апа араласты. Оның айтуынша, ол бұл жерге ереуілшілерге қолдау көрсетіп, болып жатқан оқиғаға өзінің наразылығын білдіру үшін келіпті. 

– Өзімнің жеті балам бар, екеуі ересек болды, бірақ жұмыссыз отыр. Басқа аймақтарда қалай екенін білмеймін, бірақ бізде Ақтауда жұмысқа орналасу үшін 3-5 мың доллар ұстатуың керек. Күйеуім 11 жыл Қаражамбаста жұмыс істеді. Оны еңбекақысын көтеруді талап еткені үшін жұмыстан шығарып жіберді, - деді Алмагүл апа.

Алаңға ереуілге шығушылардың барлығы бірауыздан растағандай, осы проблемалардың барлығы 2009 жылы талқыға салынып, шешілген екен. Бірақ, неліктен екені белгісіз, олардың еңбекақылары әлі күнге дейін тиісті дәрежеде төленбей келген.

Егер өңменіңнен өтер суық желдің өтінде тұрған тұрғындардың сөзіне сенсек, Жаңаөзен мен Шетпедегі қырғынды погон таққандар бастапты.

- Біздің көпшілігіміздің Жаңа-өзенде туысқандарымыз бар. Мұның қалай болғанын біз солардан естідік. Сол жақтан келгендер ол жерде қаза болғандардың көп екендігін айтты. Олардың денелерін, бәлкім, бермейтін де шығар. Өйткені, сол кезде қаза болғандардың нақты саны белгілі болады ғой.

 

ӘКІМДІКТЕ

Ал жергілікті билік Жаңаөзен мен Шетпедегі жағдай тұрақталды деп хабарлап жатты. Үкіметтік комиссияның құрамына кіретін басшылар өз қызметтерінің алғашқы нәтижелерін жария етті. Комиссия мәліметтері бойынша, Жаңаөзендегі бүлінген әкімшілік пен азаматтық нысандар саны 41 екен.

– Оларды қайта жарақтауға қажетті болжамды сома 2 миллиардтан астам теңге құрайды. Жаңаөзендегі «ӨзенМұнайГаз» ӨФ-гі жұмысқа шығушылар саны көбейді. «Қаражамбасмұнай» мен «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ нысандары қалыпты режимде жұмыс жасап тұр. Жаңаөзен қаласындағы тәртіпсіздік кезінде азық-түлік дүкендерінің жапа шекпегендерін атап өткен жөн. 16 және 17 желтоқсанда жабық болғаннан кейін, келесі күні кейбір дүкендер ашық болды. Бағаның өсуі байқалмады, дүрбелең мен кезектер болған жоқ. Өткен тәулікте (20 желтоқсанда) қоғамдық тәртіпті бұзу оқиғасы тіркелген жоқ, - деп мәлімдеді Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Жанна ОЙШЫБАЕВА (суретте).

Ж. Ойшыбаева хабарлағандай, бірқатар БАҚ-тарда көп адам қаза болды деп хабарланған мәліметтер қате екен.

– Мен бұл журналистерді Жаңаөзендегі мәйітханаға апардым. Олардың өздері санап шығып, ол жерде бар болғаны 6-7 адам бар екеніне көз жеткізді. Ертең (21 желтоқсанда - автор) журналистерді Ақтау ауруханаларында жатқан зардап шегушілермен кездестіруді жоспарлап отырмын. Олардың ішінде Жаңаөзен қаласының ІІД бастығының орынбасары да бар, - деп хабарлады ол.

Сондай-ақ, Жанна Ойшыбаева тонаушылар қиратқан барлық нысандардың облыстық бюджет есебінен қалпына келтірілетінін атап өтті.

– Мәселен, «Сулпак» дүкенін қалпына келтіру үшін құрылыс материалдары бөлініп, қалпына келтіру жұмыстарына жаңаөзендіктер жұмылдырылатын болады.

Баспасөз хатшысының айтуынша, тете премьер Өмірзақ ШӨКЕЕВ пенМаңғыстау облысының әкімі Қырымбек КӨШЕРБАЕВ бүгін (20 желтоқсанда) Жаңаөзен ақсақалдарымен кездескен.

– Олар өз тілектері мен ескертпелерін жеткізді. Әңгіме мазмұнды өтіп, ақсақалдар мен билік өкілдері арасында өзара түсіністікке қол жетті, - деді Ж. Ойшыбаева.

ТАҒЫ ДА АЛАҢДА

Ал сол кезде «Қаражамбасмұнай» жұмысшыларының тете-премьер Өмірзақ Шөкеев басшылық еткен үкіметтік комиссия мүшелерімен кездесуден оралғандары белгілі болды.

Ереуілге шыққан мұнайшылар белсендісі Еркін ОЗҒАННЫҢ айтуынша, жоғары шенді шенеуніктер олардың сұрақтарына ақыры нақты жауап қайтармапты:

– Кездесуге мұнай және газ министрі Сауат МЫҢБАЕВ, «ҚазМұнайГаз» ҰК президенті Болат АҚШОЛАҚОВ,  тете-еңбек министрі Біржан НҰРМАҒАМБЕТОВ қатысты. Біз олардан Жаңаөзендегі төтенше жағдайды қашан жояды деп сұрадық. Қаза болғандардың нақты санын қашан жариялайды? Мемлекет тарапынан қаза болғандардың отбасына қандай көмек көрсетілетін болады деп сұрадық. Бірақ Шөкеев бізге бір аптадан кейін ғана жауап беруге уәде берді. Олардың айтуынша, ұялы телефон мен интернетті қалпына келтіру қалыптасқан ахуалға байланысты әзірге мүмкін емес екен.

– Бізге жауап бермейінше, біз ешқайда кетпейміз, - деді ереуілге шығушылардың біріМарат Нұрбесинов. – Біз Жаңаөзендегі құрбандықтар үшін жауап берулерін талап етеміз.

Еркін Озған түсіндіргендей, қаражамбастықтарға үкіметтік комиссия басқа жұмыстар ұсынған.

– Бізге басқа кәсіпорындарда жұмыс істеуді ұсынды. Бірақ бұл жұмыстарды олар біздің орнымызға жұмысқа алынған жұмысшыларға ұсынсын, ал бізді бұрынғы жұмыс орындарымызға алсын.

Естеріңізге салсақ, 19 желтоқсанда «Ынтымақ» алаңында Ө. Шөкеевпен болған кездесуде Ақтау тұрғындары мемлекеттік комиссияға талаптарын қойған: «1. Елімізде азаматтарға қарсы қасақана қаза келтіруге байланысты үш күндік аза тұту жариялау;  2. БАҚ-тарға барлық қаза болғандар туралы толық мәліметтерді жариялау; 3. БАҚ-тарға жаралылар туралы, оларға жақын туыстары қол ұшын беруі үшін олардың қай жерде екендігі көрсетілген толық мәліметтерді жариялау; 4. Кісі өлтіру фактілері бойынша қылмыстық істерді ашық тергеуді қамтамасыз ету; 5. Жақын туысқандарына салт-жоралғылар жасауға мүмкіндік беру; 6. ҚР Президентінің қаза болғандардың отбасыларына материалдық көмек көрсету туралы нұсқауын орындау; 7. Маңғыстау облысының қандай да болмасын айып тағылмастан күдікпен қамауға алынған барлық азаматтарын (Бас прокуратура мәліметтері бойынша – 130 адам) босату.

Тете-премьер Шөкеевтің – мемлекеттік комиссия жетекшісінің жеке өзінен біздің талаптарымызды тез арада қанағаттандыруды және өз шешімін БАҚ-тарда жариялауды талап етеміз».

Біз алаңнан кетейін деп жатқанда, екі баласын ерткен жас әйел келіп, тұрғандарға бауырсақтар мен самса таратты.

– Есімім Гүлнар. Осы маңға жақын жерде тұрамын. Жігіттерге жүрек жалғап алсын деп әкелдім. Менің де көңілім осы жақта ғой, - деді ол.

Сәния ТОЙКЕН

Ақтау қаласынан

Суреттерді түсірген автор

22 желтоқсан 2011, 13:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.