Атырау, 25 желтоқсан 18:41
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Ғаламтордағы аңыздар мен үрейлі ойлар

2 732 просмотра

Осы қаралы күндері, «АЖ» сайтына (www.azh.kz) кірушілердің комментарийлерін оқып отырып, интернет-жұртшылығының санасын алдап-арбау қалай оп-оңай еді деген ойға қалдым. «Тойынған» жаңаөзендіктердің тарапына айтылған лағнет пен ызалы сөздерге қатысты емес. Қазнетті жаулап алған түрлі-түсті төңкерістер экспорты тақырыбындағы дабыра жөнінде әңгіме өрбітеміз.

Адайлардың қолымен біздің энергия қорларымызды қолдарына алуды армандаған арам ойлы «пиндостардың» (американдықтар) дүниежүзілік масондық астыртын әрекеттері жөніндегі үрейлі ертегілер интернеттегі рейтингісі ең жоғары спамдарға айналды. Осынау жұқпалы үрейлі ойды ғаламтордағы троллинг үшін жалақы алып отыратын арнайы қызметтің адамдары тарататын болса, бәрі де түсінікті ғой. Алайда билік президент кеңесшісі Ертісбаев пен түрлі нұрБАҚ-тар арқылы жұртшылықтың ашу-ызасын тұтата бастаса, бұл өте жиіркенішті нәрсеге айналады екен. Бүгінде дүниежүзілік астыртын әрекет тақырыбындағы сандырақтар сайтқа кірушілерді Ливиямен, Мысырмен, Қырғызстанмен қорқытып, geopolitika.kz секілді күмәнді сайттарда тез пайда болып, Қазнетте сәт сайын бой көрсетеді. №1 спам – Қазақстанның аңқау билігі туралы. Мұнда іштері тар пиндостар мұнайды иемденіп, айқай-шуды пайдаланып, халықты жаулап алғысы келеді дегенді айтады. Көздеріңізді ашыңыздар, тролли мырзалар, бүкіл қазақстандық мұнай біздің иелігімізде емес, оны өзіміз баяғыда-ақ американдықтарға, еуропалықтарға және қытайлықтарға сатып жібердік. Майлы шелпектер: Қашаған, Теңіз, Қарашығанақ (жуырда ғана түкке тұрмайтын 10 пайыздық үлесімізді әзер деп саудаласып алып қалған едік) және басқаларының бәрі олар үшін тиімді шарттармен және жақсы түсіммен шетелдіктердің қолына өткен. Біздің билік оларға кедергі келтірмейді, олардың көңілдерінен шығады: икемге келетін жұмсақ, тұрақты, өз халқын жақсы тізгіндейтін ел. Шетелдіктер мұнайды жайбарақат өндіріп, биліктің сотқарлығына (Қазақгейтке, адамдар құқығын бұзуға, оппозиция көшбасшыларын өлтіруге, 91 пайыздық сайлауға және т.б.) көз жұма қарайды. Ендеше, оларға Қазақстанның тұрақсыздығы не үшін керек? Батысқа өзінің мұнай беретін сиырын пышаққа шалып несі бар? Маңғыстаудағы қанды оқиғадан кейін ызаланған әрі абыржып қалған халықтың көңілін аудару үшін билік «адайлардың» бүлігін қуғынға ұшыраған банкир Әбілязов қаржыландырып отыр деген тағы бір аңыз таратты. Мен, кәсіби журналист ретінде жыл жарым уақыттан бері Маңғыстау облысындағы ереуілге қатысқан қарапайым адамдар мен олардың көшбасшыларымен тікелей сөйлесіп келемін. Орын алған оқиғаларды бақылауға алып, олардың соңғы барлық еңбек дауларының себептерін талдауға тырысып көрдім. Ереуілшілер туралы айтсам, олар саясаттың ауылынан алыс, «Нұр Отанға» да, оппозицияға да өкпе артпайтын дөрекі бір топ. Осы уақыт аралығында, бүгінгі қаралы желтоқсанға дейін бірде-бір мұнайшының ЕШҚАШАН саяси талап қоймағандығын атап өткім келеді. Олар саясат туралы сауалдарды қоймауды өтінді, біздің бәріміз де идеясыз, алаңда өзіміздің қарабасымыз үшін ғана тұрмыз, жалақыны көбейтуді сұраймыз, ал, қалғанына түкіргеніміз бар, - деді. Ал, олардың барлығы бір күннің ішінде күтпеген жерден саяси тұрғыда пісіп-жетіліп, Лондоннан қашқан банкирдің мүддесі үшін полиция оғына қарсы тұрды дегенге сену қиын. Бүгінгі күні халықтың түрлі үрей және жалған ақпаратпен бастарын қатыруға болатын сол баяғы қараңғы үнсіз қалған халық емес екендігі биліктегілер және оған қызмет ететіндердің барлығының естеріне түсе қоймаған сыңайлы. Бәлкім, олар, әрбір адамның туғаннан ар-ождан бастандығына, ой, сөз, ерік-қалауын білдіруге құқылы екендігін түсінгілері келмейтін болар. Ол құндылықтардың барлығы бізге Құдайдан келді және оны ешбір жан, ешбір билік немесе партия ала алмайды. Дәл осы құндылықтар сенің кім екендігіңді: азамат немесе құл екендігіңді анықтайды. Уақыт көші жылжып барады. Жаһандану мен интернеттің даму ғасырында бұл құндылықтарды халықтан жасыру мүмкін емес. Қазір біздің әлеуметтік желілерде бүкіл әлем бойынша мыңдаған достарымыз бар және ғарыштан онлайн бейнежазбаны көріп отырмыз. Сөзсіз, Маңғыстау оқиғаларының кейбір тұстарын билік жұртшылықтан жасырып қалуға тырысады, бұл оқиғаға қатысқандар мен көргендер де бар білетінін ашып айтпайды. Жаңаөзендегі бас алаңды жуып тазартады, жанып кеткен әкімдік үйін қайта салады. Алайда, өз азаматтарының (кінәлілер мен кінәлі еместердің) төгілген қанын жуып-шаю мүмкін емес. Қорғанған күннің өзінде де ештеңенің байыбына бармастан адамдарды – ереуілшілерді, тонаушыларды және жәй ғана өтіп бара жатқан жаяу жүргіншілерді автоматтан атуға бола ма?! Бұл қылмыс және өлгендердің туысқандары мен жақындары, достары мен таныстары мұны кешірмейді. Билік өзінің осы сұмдық қателігімен толық бір аймақтың халқымен арадағы қатынастың ара-жігін ашып жіберуі мүмкін ғой.

Азамат МАЙТАНОВ

Фотосурет lada.kz сайтынан алынды

22 желтоқсан 2011, 13:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.