Бүгін, 19 желтоқсанда таңертеңгі сағат 10-да Атыраудағы «Қазпошта» орталық бөлімшесінің ғимаратының жанына (Абай, 9) Арлан» ҮЕҰ төрағасы Макс БОҚАЕВТЫҢ БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунға, ЕҚЫҰ төрағасы А. Аджубалиске және ҚР президенті Н. Назарбаевқа арналған Жаңаөзендегі қайғылы оқиғаға қатысты үндеуіне қол қою үшін бірнеше адам жиналды.
Ол өзінің жазбаша үндеуін Қазпоштаның орталық бөлімшесі арқылы жолдағысы келетіндігін 18 желтоқсан күні кешкісін Интернет-сілтемелер арқылы хабардар еткен.
«Мен 16 адамның өлімінен кейін қол қусырып қарап отыру мүмкін емес деп есептеймін. Бір апта бұрын қантөгістің алдын алуға болатын еді. Ереуілге шыққан мұнайшылар аспандағы Айды сұраған жоқ қой. Жүз пайыз болмаса да, олардың талаптарын сексен-тоқсан пайыз орындауға болатын еді ғой.
16 адамның қазасы бір адамның немесе бір қаланың ғана емес, бүкіл Қазақстанның басына келген қайғы. Тіпті, сонау 86-жылы Колбиннің өзі адамдарға оқу атуға бұйрық бермеген. Ол кезде водометтер қолданды. Әрине, жаралылар болды, бірақ сол кездің өзінде алаңда ешкім оқ атқан жоқ. Бұл мені қатты ызаландырды».
Өз үндеуінде Макс Боқаев мынадай ұсыныстар жасапты: 1) Маңғыстау мұнайшыларының осыдан 7 ай бұрын қойған талаптарын толығымен орындау; 2) Жаңаөзенге барлық қазақстандық және шетелдік БАҚ-тар үшін қолжетімділік болуын қамтамасыз ету. Жаңаөзенде интернет пен басқа телекоммуникациялық жүйелердің толыққанды жұмыс жасауын қамтамасыз ету; 3) Жаңаөзен қаласы мен Шетпе поселкесіндегі оқиғаларды тергеу және жан-жақты баға беру үшін халықаралық комиссия құру. Осы комиссия құрамына Жаңаөзен мұнайшыларының өкілдері мен олар таңдаған адамдарды енгізу; 4) Қаза болғандарды аза тұту күнін жариялау.
«Мен өзімді болмас іспен жұбатып отырғаным жоқ, - дейді ол. – Менің отандастарым, шамасы, осындай мыңдаған хаттар жолдаған шығар. Бірақ тиісті заң бар, президент сол заңға бағынып, азаматтардың хаттарына жауап қайтаруы тиіс».
Өз әріптестерін қолдау үшін қоғамдық бірлестіктердің бірнеше өкілдері келіп, үндеудің соңына өз қолдарын қойды. Қарапайым азаматтар арасынан екі адам келді. Бірі - өзін кәсіпкермін деп таныстырған және фамилиясын атамауды жөн көрген Ермек, екіншісі - құрылысшы, ЖК директоры Жасұлан МҰСАБЕКОВ. «86 жылы Алматыдағы оқиғаның қалай өрбігенін көрген едім. Ол кезде жасым 15-те еді. Мектебім алаңға жақын жерде болатын, - дейді ол. - Ол жерде адамдардың қалай зардап шеккенін көрдім. Мен мұның қайталанбағанын қалаймын. Бірақ Жаңаөзен мен Шетпедегі болған жағдай туралы жақ ашпауға болмайды. Адамдардың селқостық танытатындарына түсінбеймін. Бәлкім, олар бұл жөнінде асүйлерінде отырып әңгіме қылатын шығар, бірақ дауыстап сыртқа шығарып айтпау, масқара ғой. Атырау халқы салғырт қарайтындықтан бар мәселе осында болар, бәлкім, күннің суықтығы да кедергі болып отырған шығар. Бірақ бір шешімге келу керек... Халық қорқып отыр, оған селқостықты қосыңыз. Балаларымыз өсіп келеді. Өзімнің үш балам бар. Мұның бәрі бәрібір тарихта қалады ғой. Олар ертең өскен кезде, әке, сен сол кезде не істедің деп сұраса, не деп жауап береміз?».
Дүйсенбі күні таңертең орталық көпір маңындағы термометр минус 14 градус салқындықты көрсетіп тұрды. Күшті желдің салдарынан көшеде ең болмаса 15 минут жайбарақат тұрудың өзі мүмкін емес еді. Өкінішке орай, Қазпоштаның орталық бөлімшесіне кіріп, жылына алмадық. Телеграф есігі тас бекітулі болатын.
«Олардың жұмыс кестесінде 6 күн жұмыс істейді деп жазылған, - дейді М. Боқаев. – Сенбі күні олар сағат 8-ден 15-ке дейін жұмыс істейді. Тіпті, олар сенбіде демалса да, бүгін қалай болғанда да жұмыс істеулері тиіс қой».
Қол жинау кезінде Қазпоштаның орталық бөлімшелеріне жеке шаруаларымен келген адамдар поштаның жабық екенін көріп таң қалды.
«Қазпоштаның басқа бөлімшелері жұмыс істей ме, жоқ па, әлі анықтаған жоқпын. Егер істемесе, жеке пошталық қызмет арқылы жіберемін», - деді Боқаев.
Жалпы шара тыныш өтті, бірақ бұған прокуратура қызметкерлері қатысқан еді.
«Мен сағат 10-ға жақын келдім. Маған прокурор Еділбаев келіп, бейбіт жиылыс ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы заңның түсіндірмесін табыстады, - дейді Боқаев. – Бұл түсіндірмеде мен қаза болғандарды еске алып, аза тұту белгісі ретінде Қазпоштаның орталық бөлімшесінің алдына жиналуға шақырыппын-мыс. Егер прокуратурадағылар әріп танитын болса, мен бұқаралық акция үшін жиналуға ешкімді шақырған жоқпын. Интернет-сілтемеде мен үндеуге қол қойғылары келетіндерге Қазпоштаның орталық бөлімшесіне келуді ғана ұсынған едім. Ал аза тұту белгісі ретінде жұма күні (сол кезде 7 күн болады) өз киімдеріне немесе машиналарына қара ленталар тағуды, осылайша қаза болғандарды аза тұтуды ұсындым».
«Демос» қоғамдық құқыққорғау бірлестігінің төрайымы Тоғжан ҚИЗАТОВА өз қолын қою үшін Қазпоштаның орталық алаңына келіпті: «Маккен Англияға қарсы» деп аталатын іс бар. Оны БҰҰ Комитеті қараған еді, - деді ол. – Онда қала орталығында Ирландия республикалық әскерінің мүшелеріне оқ атқан мемлекет агенттерінің әрекеттері сипатталған. Ирландықтар сол кезде бомба әкеліпті. Бірақ БҰҰ комитеті мемлекет оқпен атылатын қаруды заңсыз қолданған, өйткені бұл адамдардың жарылыс құрылғысын әкелгені белгілі болған кезде құқыққорғау органдарының өздері дер кезінде ешқандай шара алмаған деген тұжырымға келді. Ол жерде тіпті лаңкестер болса да, қарапайым халыққа оқ атуға болмайды. Өйткені мемлекет агенттерінің (біздің жағдайымызда – полицейлер, ҰҚК) мұндай жағдайды болдырмауға мүмкіндіктері болды. Ал Жаңаөзенде мұнайшылар 7 айдан бері ереуілге шығып келеді. 14 желтоқсанда олар жазбаша түрде алаңда салтанатты мереке өткізбеуді өтінген. Бірақ бұған қарамастан билік ушықтырып жіберді. YouTube кеңістігінде қалада болған жағдайға (әкімдік ғимаратының өртенуі) жұмысшылардың қатысы жоқ екендігі көрініп тұр, тіпті бұл туралы президенттің өзі де айтты. Сондай-ақ, бейнежазбадан қарапайым әйелдердің алаңда патрондардың гильзаларын жинап жүріп, «Неге темір оқпен атасыңдар?» деп сұрағаны анық естіледі. Оқпен атылатын қаруларды қолдану туралы конвенцияның («Лауазымды тұлғалардың құқықтық тәртіп орнату үшін күш пен оқпен атылатын қару қолдануларының негізгі принциптері») бар екендігін білмейтін адамдар оқпен атылатын қаруды тек басқа шара қалмағанда ғана пайдалануға болатындығын түйсіктерімен сезінеді. Әскери жағдайды жарияламай тұрып, арасында бейбіт азаматтар жүрген тобырға оқ атуға болмайды. жасөспірімдердің қаза болуына жол беруге болмайды. Оның үстіне бұл Конвенцияға Қазақстанның өзі қол қойды».
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Суретті түсірген В. Истомин