Атырау, 24 желтоқсан 18:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Шетпе: пойыз тоқтады. Жаңаөзен: 5 қаңтарға дейін төтенше жағдай

2 777 просмотра

Маңғыстау облысындағы ахуал шиеленісуде. Бейресми ақпарат көздері бойынша, Жаңаөзендегі оқиғаға байланысты облыс аумағында орналасқан кейбір мұнай компанияларындағы жұмысшылардың бір бөлігі жұмысқа шықпай қалыпты. Ал Шетпе поселкесінің ауданында жергілікті тұрғындар тобы жолаушылар пойызының қозғалысын тоқтатқан.

Ереуілге шыққан«Қаражамбасмұнай» АҚ мұнайшыларының белсендісі Еркін ОЗҒАННЫҢ айтуынша, Қаламқас, Қаражамбас, Жетібай және т.б. кеніштеріндегі жұмысшылардың бір бөлігі, сондай-ақ, «Аджип» компаниясының жұмысшылары жаңаөзендіктерге ниеттестік таныту белгісі ретінде жұмыстарын тоқтатып, орталық алаңға жиналу үшін Ақтауға келіп жатыр екен.

Маңғыстау ауданының Шетпе стансасының тұрғыны Бауыржан хабарлағандай, жергілікті тұрғындар теміржолды бөгеп тастаған.

- Ақтау – Ақтөбе бағытындағы №309 жолаушылар пойызының тоқтатылғанына төрт сағат болды. Халық ауданның барлық ауылдарынан ағылып кеп жатыр. Олар жаңаөзендіктерге қарсы қанды қырғынды шұғыл арада доғаруды талап етуде, - деді Бауыржан телефон арқылы.

«Қазмұнайгаз БӨ» АҚ баспасөз хатшысы Дәулет Жұмәділ біздің сұрақтарымызға былай деп жауап берді:  

- Бірқатар компаниялардың өз жұмыстарын тоқтатқандығы жөнінде құзырлы жергілікті органдардан сұрай аласыз. Мен нақты «Өзенмұнайгаз» ӨФ-гі ахуал туралы айта аламын. Бізде бәрі тұрақты. Өндірістік нысандар мен жұмысшылардың қауіпсіздігі қарастырылған. Рас, қиыншылықтар бар. Таңертеңгі және кешкі ауысымдарда жұмыс жасайтын жұмысшыларды тасымалдайтын автобус жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартты. Біз бұған түсіністікпен қараймыз. Өйткені олар өздерінің және отбасыларының қауіпсіздіктеріне алаңдайды.  

Ал «Қаражамбасмұнай» АҚ тете президенті Әли Сахимов Қаражамбас кенішіндегі жұмыстың толықтай тоқтағандығы туралы ақпаратты 100 пайыз жалған деп бағалады.

- Біздің кәсіпорын толықтай жұмыс жасап тұр, жұмысшылардың ешқайсысы өздерінің жұмыс орындарынан кеткен жоқ, - деп түсінік берді Әли Сахимов.

Біз Маңғыстау ауданының әкімі Қармыс Боқановпен сөйлесе алмадық, өйткені әкімде ұзақ-сонар мәжіліс өтіп жатқан-ды.

Осы материалды дайындап жатқанда жолаушылар пойызы орнынан қозғалған жоқ. Шетпе стансасының тұрғыны Бауыржан оларды атыраулық 60 полицейдің күзетіп тұрғанын хабарлады. Жергілікті полицейлерді Жаңаөзенге алып кеткен. Алайда атыраулық полицейлер наразылық білдірушілерге жақындамай, қашықта тұрған. Шамасы, арнайы жасақты күткен сыңайлы. Соңғы рет қоңырау шалғанда Бауыржан келіп жеткен арнайы жасақтың наразылық білдірушілерге күш қолданғанын, бірнеше адамның жергілікті ауруханаға түсіп, қамауға алу жүргізілгендігін хабарлады. Шетпе стансасындағы қақтығыс кезінде бір адамның қаза болғандығы туралы ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.  

Ал кеше президент «Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында төтенше жағдай енгізу туралы» жарлыққа қол қойды. Енді жарлыққа сәйкес, қаланың шекарасында 17 желтоқсанда сағат 18-ден бастап 2012 жылдың 5 қаңтары күні сағат 7-ге дейін төтенше жағдай енгізілді. Қала коменданты болып Маңғыстау облысының ІІД бастығы Аманжол Қабылов тағайындалды.

Кеше өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында президент Жаңаөзендегі ахуалға кінәлілердің жазаларын алатындығын атап өтті.

Сәния ТОЙКЕН

18 желтоқсан 2011, 20:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.