Атырау, 11 желтоқсан 17:21
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Жалын құшқан Жаңаөзен. Ресми түрде құрбандар жоқ

3 247 просмотра

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы орталық алаңда Тәуелсіздік күніне арналған шара халықтың полициямен қақтығысына ұласты.

Ереуілге шыққан мұнайшылардың айтуынша, бәрі де мерекенің дайындығынан басталған.

- Олар әдеттегі біздер отыратын жерге киіз үйлер тіккілері келді, біз оған қарсы болдық. Өйткені жыл сайын бұл үйлер алаңды бойлай тігілетін. Енді келіп Жаңаөзен қаласының әкімі бізді қуып жіберу үшін қасақана алаңның ортасына тігуді ұйғарыпты, - дейді ереуілшілердің бірі Оразбай Тұрсынбаев.

Ол одан әрі қарай 14 желтоқсанда халық арасында наразылықтың күшейіп бара жатқандығы туралы Жаңаөзен қаласы прокуратурасы мен қалалық әкімдіктің канцелярияларына ресми хатты тіркеп, ескерткендерін айтты.

- Мен осы ескерту хаттарын бізді, ереуілге шығушыларды кінәлап айыптамас үшін прокуратура мен қалалық әкімдікке өз қолыммен тапсырдым. Өйткені халықтың төзімі таусылғанын көріп отырмыз. Бәріне де әйтеуір бір шешім қабылдау керек қой, - деді ол «АЖ» тілшісіне телефон арқылы.

Кейінірек қоңырау шалған басқа бір ереуілші Марат Жүсіпбаев: «Бітті! Сахнадан бәрі қуылды, алаңда тек халық қалды!» - деп хабарлады

Мұнайшылардың айтуынша, халықтың бейбіт ескертпесіне күш құрылымдары жауап қайтарған. Алаңды арнайы жасақ, омондықтар қоршап алыпты.

«Олар алдымен газ баллондарын қолданып, кейін қарумен шабуыл жасады, - дейді Жаңаөзендегі дереккөздер. – Алаңға жиналған топ шыршаны, автобусты өртеп, сахнаны қиратты». Кейін халықтың ашу-ызасы жаппай тәртіпсіздіктер мен жанжалға ұласып кетті.

«Қалалық әкімдіктің, «Өзенмұнайгаз» ӨФ ғимарттары мен «Аруана» қонақ үйі өртелді», - деп хабарлайды қозғалыс белсендісі Күнсұлу АЙТЕШОВА. Көп адам жарақат алған, құрбан болғандар бар.

- Әкемнің аяғына оқ атты. Бет-аузы қан-қан болды. Алаңда жараланғандар көп, - деді телефон арқылыхабарласқан мұнайшы Бейсен Нұровтың 16 жастағы қызы Айткүл жылап.

Оқиғаны көзімен көрген басқа жанның айтуынша, 8 адам қаза болған.

- Мен  2 әйел мен 6 ер адамның қаза болғанын көрдім. «Жедел жәрдем» машинасы жетіспей, үлгермей жатыр, - деді ол телефон арқылы.

Жаңаөзендегі жаппай толқу бүкіл облысқа таралған секілді. Тілшімізге Ақтау қаласынан «Қаражамбасмұнай» АҚ компаниясының ереуілші жұмысшыларының белсендісі Еркін Озған хабарлағандай, жұмыстан қуылған жұмысшылар компания ғимаратының алдына топталып жиналыпты.

-Бізге Шетпе ауданының адамдары да қосылады. Олардың барлығы жұмыстан босатылған жұмысшылардың туысқандары, - дейді Е. Озған.

 

РЕСМИ ХАБАРЛАМАДАН

Маңғыстау облысының күш құрылымдары әзірге үнсіздік танытуда. Облыстық ІІД баспасөз хатшысы Гүлзада Төлеуғалиева комментарий беруден бас тартты. Ал облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі облыста жаппай ереуіл болғанын жоққа шығарды.

- Жаңаөзенде тек бірнеше адам ғана шыршаны өртеп, сахнаны қиратқан. Бар болғаны сол, - деді өзін таныстаруды қаламаған әкімдік қызметкері.

Ал бас прокуратураның сайтында Жаңаөзендегі жағдайға қатысты құрбандар мен атысты жоққа шығарған ресми мәлімдеме пайда болды.

«Атап айтқанда, қаланың орталық алаңындағы мерекелік шара өтпей қалды, тәуелсіздік күніне орай тігілген киіз үйлер мен көшпелі сахна бүлінді. Екі полиция қызметкері соққы алды. Әлеуметтік желілердегі «атыс болды, адам қайтыс болды» деген ақпараттар шындыққа жанаспайды» делінген бас прокуратураның баспасөз хабарламасында.

Сәния ТОЙКЕН

17 желтоқсан 2011, 23:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.