Атырау, 24 желтоқсан 19:06
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Кенжеш Аққуова: «Біз шырқаған ән қазір еліміздің әнұраны болды»

3 875 просмотра

Ширек ғасыр өтсе де Желтоқсан тарихы әлі  мемлекеттiк деңгейде зерттеліп, оған ресми статус берілген жоқ. Бірақ сол оқиғаның куәгері болғандар астарлы ақиқатты алға тартады. Солардың бірі, біздің кейіпкеріміз - ағылшын-неміс тілінің мұғалімі, тәжірибелі ұстаз  Кенжеш Аққуова.  

САБАҚТАН ҚАШҚАН КҮН

1986 жыл, 16 желтоқсан.

Кенжеш оқитын Алматы қаласындағы шет тілдер институтының ағылшын пәні факультетінің 206 тобында Қазақстанның әр аймағынан келген 12 қыз оқитын. Кенжеш ол кезде 2 курста еді. Космонавт және Шевченко көшесінің қиылысындағы үш қабатты жатақханада тұрды. Сол күні кешкісін бөлмесіне келген группалас құрбысы Ғалия Алтынбекова:

- Кенжеш, ертең жастар алаңға шыққалы жатыр. Қонаевты орнынан алады екен. Орнына Колбин деген келгелі жатыр. Соған шеру өтеді. Біз де барайық, -деген ұсыныс айтқан.

- Жақсы, барсақ барайық.

17 желтоқсан.

Бұл күні Кенжеш оқитын топ екі парға ғана  қатысты. Екінші пардың үстінде ағылшыннан дәріс беріп жатқан кураторлары Шәрипа апайынан қыздар:

- Апай, бүгін алаңда шеру болады екен. Біз де барсақ қайтеді, - деп сұрағанда, неге екені белгісіз, ол кісі тілге келместен келісе кетті.

Келесі сабақ КПСС тарихына қатыспай, бәрі сабақтан қашып кетті. 12 қыз улап-шулап, автобусқа отырып, алаңға бет алды.

Алаңға келгенде көргендері -  қолдарына «Лениншіл жас», «Правда» газеттерін ұстаған жастар өзара дабыр-дұбыр етеді. Бәрінің айтатыны: «Қонаевты алып тастайды екен. Оның орнына Колбин деген біреу келетін көрінеді». Бір қараса, құрбылары екі - үштен бөлініп, көп ішіне сіңіп кетіпті. Жанында бір қыз ғана қалған.

Бір кезде алаңға бір топ адам келді. Арасында марқұм әнші Роза Бағланова бар. Олар мінбеге шығып: «Балалар, үйлеріңе қайтыңдар, тараңдар. Сендер ештеңе шешпейсіңдер» деп жиналғандардың тарауын өтінген. Бірақ ешкім тарап кетпеді.

Мінбеге көтерілгендер кетіп қалды. Бір кезде Орталық алаңдағы үкімет үйі жағынан сапер күректері және дубинкалары бар, мұздай қаруланған жауынгер жасақтары пайда бола кетті.

Әскерлер жастарды аяусыз ұрып-соғуға кірісті. Сол мезетте тұрғандардың бәрі сапқа тұрды да алға қарай жүріп кетті. Жауынгерлер ортаға  екпіндеп, топты ыдыратуға тырысты. Бірақ, бұл әрекеттерінен түк шықпады. Осылай шеру басталды да кетті. Алаңнан біраз ұзаған соң саптағылар ақ матаға жазылған «Қазақстанға өз ұлтының көсемі керек!» деген жалынды сөздер жазылған ұрандарды жоғары көтерді.

Алматының орталық көшелерінде жол қозғалысы тоқтап қалды. Бұл көшелерде де  жастар келеді. Сол мезетте Кенжеш өзін елінің бір патриоты сезінді.

Бір кезде қатты шаршады, тоңды. Үстіне ілген пальто да жұқа болатын. Осы кезде саптағылар Ш. Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін шырқай жөнелді.

- Біз шырқаған ән қазір еліміздің әнұраны болды, деп сол сәтті еске алады Кенжеш. 

Бұдан кейін «Атамекен» әні де шырқалды.  Кенжеш әнге қосылып келе жатып, жоғарыға көз салды. Өздерін көп қабатты үйдің төбесінен камераға түсіріп тұр екен.

Ту сыртынан біреу: «Әне, қараңдар!» дегенде, сол жаққа қадалып қарай қалған. Алды жарқ-жұрқ ете қалды. Фотографтың «сәлемі» екен. Бұл кадрдың кейін басына бәле болып жабысатынын ол кезде қайдан білсін.

Арттарынан өкшелеп келіп, баса жаздаған күш құрылымдарының көлігін жастар ақ қарға аунатып тастады. 

Жастар «Қазақстанға өз ұлтының көсемі керек!», «Біз Колбиннің болғанына қарсымыз!» деп ұрандатып келе жатты. Шерушілер Орталық алаңнан Бейбітшілік, Фурманов, Сатпаев, Төле би көшесіне дейін өрлеп кетті. Бұл кезде қасындағы группалас құрбысы Гүлфариза орталық көшеден қалып қойған болатын. Кенжеш те Космонавт пен Шевченко көшелерінің қиылысына жеткенде дәл жатақханасының тұсынан қалып қойды. Тамақтанып, әл жинап алмақ болды.

Бұл сағат 5-тің шамасы. Қас қарая бастаған шақ. Жатақханада «206-топ сабақтан қашып кетіпті» деген ақпарат тарап үлгерген. Бәрі бұларды көргенде дұшпандарын көргендей үркіп қарайды. Салқын қарым-қатынас орнаған.   

Кешкі асын ішіп алған Кенжеш КазМУ-да оқитын танысы Сәуле екеуі  тағы да алаңға бет алды.

 

ТҮНГІ ЖЕЛАЯҚ

Алаңда аласапыран. Күн суық. Прожектордың жарығы көз қарықтырады. Күндізгі сюжеттер тағы да қайталанып жатыр. Милиция қарулы. Олар қыздарды шашынан сүйреп, жігіттерді жағадан алып, ақ қардың үстінде жұлқылап жатыр. Олар да қарап қалмай, қарымта қайтарады. Нағыз қақтығыс енді басталған! Бұлар кімге барып қосыламыз деп тұрғанда, Кенжештің білегіне бір қайратты қолдар жабыса кетті. Құрбысы қашып үлгерген. Анадай жерде кузовы бар көлік тұр екен. Мұны екі жағынан екі милиция күштеп әкеліп, кузовқа лақтырды. «Бұзақы жастарды» лық тиеп алған көлік түн қараңғылығына сүңгіп, қозғалып кетті.

Бір кезде оларды  І- Алматы жақтағы тасада орналасқан бір сүреңсіз ғимараттың қасына әкелді.

Кенжеш ебін тауып, көліктен түсіргенде қашып кетті. Артынан біреу тапырақтап қуа жөнелген. Бұл талдардың арасымен қашты. Қуғыншы біраз қуа түсті де қалып қойды. Бірақ Кенжеш тоқтамады. Қашып келеді, қашып келеді. Талдардың арасымен қанша жүгіргені есінде жоқ. Тежеуіші істен шыққан көліктей тоқтай алмайды. Жүрек кеудеден шығардай боп алқынып кеткен. Тарс-тарс соғады.

Бір кезде сүрініп, жолдың шетіндегі арыққа құлады. Тізеден қан саулай жөнелді. Аққан жылымшы қан шұлығынан шығып кетті. Оған қарайтын шама жоқ. Сүйретіле арықтан шығып, жолдан такси тоқтатты. Жатақханасына жетіп жығылды.

Кейін алаңдағыларды көлікпен тиеп алып, қаланың шетіне алып кеткендерге ақ қар, көк мұздың үстінде көрсеткен қорлық пен зорлықтарды естігенде, «қаша алмай қалғанымда, солардың бірі мен болатын едім», дейді Кенжеш.

 

«АҚ ЖАЛАУ ҰСТАУШЫЛАР»

18 желтоқсан.

Шыжықтың көкесі бүгін басталды. Институт дәлізі гу-гу. Ызың әңгіменің тақырыбы – «желтоқсандықтар». Ағылшын факультетінің 206-тобында оқитын 12 қыз дереу қатаң бақылауға алынды. Үш әріптің адамдары институт ғимаратының бірінші қабатынан бір тергеу бөлмесін ашып алған. Сабақ өтіп жатыр деген аты ғана. Кезекпен тергеуге шақырып әкетеді. Қыздардың әр қадамы аңдулы. Тырп еткізбейді.

Сонымен тергеу басталды. «Сендерге кім бар деді?» деп басталатын сұрақтардың шеті көрінбейді. Қыздар «топ болып бардық» деген жауаптан танбайды. Екі сағаттан соң қайта шақыртады. Қайта сол сұрақтар. Қорқытып сұрайды, алдап – арбап сұрайды. Күнде тергеу.

Жатақханада олар үшін темірдей тәртіп орнады. Қыздар үйқамақтың тұтқынына айналды. Жатақхана қасында да учаскелік милиция бөлімшесі болды. Кешке соған барады. Сабақ- тергеу – жатақхана -тергеу. Күндер осылай өтіп жатты.

Оншақты күн өткеннен кейін 206-топты комсомол жиналысына салып, қатаң сөгіс берді. Топты «Үгіт - насихат жұмыстарын жүргізді, қоғамға қарсы, ақ жалау ұстаушылар, нашақорлар, бұзақылар» деп айыптады. Бұл «атақ» оларға біраз уақыт жолдас болды. Мұғалімдер де бұл топты көпке дейін «ақ жалаушылар» деп атап жүрді. Топтағы 3 қыз сабақ үлгерімі нашар деген себеппен келесі курсқа жіберілмеді.

Желтоқсан айының 20-сына қарай Кенжешке ҰҚК-ден шақырту қағазы келді. Тергеушілер сапта кетіп бара жатқан суретін көзіне шұқып көрсетті. Неше түрлі сұрақтың астына алды. Сол барғаннан 2 - курсты аяқтағанша тергеуге барып жүрді. Кенжештің ауылға, туыстарына жазған хаттары да тергелген. Арасында қалалық прокуратураға шақырады.  

Үшінші курсқа келгенде жылымық орнағандай болды. Бірақ Кенжеш институт бітіргенше бойын билеген үрейден арыла алмады. Тергеушілердің сұсты көзқарасы, қылмыстық кодекстің баптары жазылған қалың кітаптар  көз алдында қорқынышты картина болып қалып қойды.

Тағы бір есінде қалғаны – 1986 жылдың аяғында, жаңа жыл қарсаңында болған тегін концерт. Студенттер жатақханасына Қайрат Байбосынов, Ұлықбек Есдәулет бастаған өнер адамдары келіп, жастарға арнап өлең оқыды, ән салды. Сөйтіп бұл жылы мерекеге де саясат араласып кетті.

Иә, бұл күндер де артта қалды. Еліміз жаңа кезеңге аяқ басты.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ

Суретті түсірген В. Истомин

15 желтоқсан 2011, 16:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.