Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің (ТМРжБҚК) Атырау облысы бойынша департаменті «Жылыой ауданы әкімінің аппараты» ММ-не қатысты тергеу ісін бастады.
Бұл туралы ТМРжБҚК сайтында хабарланады. Өкілетті органның араласуына департаменттің келісімінсіз Жылыой ауданы әкімінің аппаратының «Анашым» балабақша-бөбекжайы» КМҚК-ын құруы түрткі болған.
- Мұндағы заң бұзушылық - олар алдымен бізбен келіспей балабақша құру туралы қаулы шығарды, тек содан кейін ғана департаментке өтінішхат берді, - дейді ТМРжБҚК департаменті басшысының орынбасары Болат СҮЛЕҒАЛИЕВ. - Әрине, біз осы мектепке дейінгі мекемені ашуға рұқсат береміз. Бірақ әкімдікті осы заң бұзушылық үшін жауапкершілікке тарту керек. Айыппұл саламыз ба немесе ескертумен шектелеміз бе – тергеу барысында шешіледі.
Естеріңізге салсақ, ағымдағы жылдың наурызында кәсіпкер Мағау МЕРҒАЛИЕВ Құлсарыдан 165 орындық балабақша салып, Жылыой ауданы әкімдігінің балансына берген болатын («Балабақша сыйлады»).
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ