Атырау, 24 желтоқсан 06:47
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Телефондар тарихынан шертілген сыр

3 349 просмотра

Гүлсім ҚАБИРОВА байланыс саласында 50 жылдан аса уақыт еңбек етті. Ол сол жылдар ішінде бүгінгі күні «Қазақтелеком» АҚ кеңсесінің бірінші қабатындағы жаңа мұражайға қойылған көптеген жәдігерлермен жұмыс істеп үлгерді.

Ол телеграф жұмысына Жеңіске бір ай уақыт қалған кезде, яғни, 1945 жылдың 9 сәуірінде кіріскен еді. Жас қыз әріпті басатын Бодо аппараты операторының шәкірті болып орналасты. Аппаратта бар болғаны 5 клавиш болды, ал, нәтижесінде одан түрлі әріптер мен цифрлар басылып шығатын. «Бізде екі Бодо аппараты болды, оның бірі Алматымен байланысты қамтамасыз етсе, екінішісі Орынбормен (ол кезде қала Чкалов деп аталатын) байланыстырды. Ал, осы Орынбор арқылы Мәскеумен және басқа да Ресейдің қалаларымен байланысқа шығатынбыз, - деп әңгімелейді Гүлсім ҚАБИРОВА. – Байланыстың тау арқылы шығатындығына қарай Алматы бағытындағы байланыс дұрыс жұмыс жасамады, жедел хаттар апталап жатып қалатын болды. Кейін Мәскеумен тікелей байланыс орнады. Еліміз соғыстан кейін қайта жандана бастады, жа-ңа нысандар салынды. Мәс-кеу еліміздің астанасы және іскерлік, әкім-шілік орталық болғандықтан бұл бағытқа жолданатын жедел хаттар толассыз болды. Телефон байланысы нашар болды, сондықтан да барлық кәсіпорындар, қалалық, облыстық партия комитеттері тек телеграф арқылы ғана хат жазысты. Жеделхаттар жолдады».

Кәсіпорынның барлық қызметкерлері әскери есепте тұрды. Жұмыс жауапты да беделді болатын. Байланысшылар әдемі формалы киімдерін киіп жүрді, оларға бірнеше маусымдық форма жиынтықтарын беріп отырды. Ал, бұл соғыстан кейінгі қиын жылдары қызметкерлер үшін үлкен көмек еді.

Кейін байланысшыларға СТ-35 әріп басатын аппараттар берілді, одан соң олар автоматты СТА аппаратында жұмыс істей бастады, бүгінде осы аппараттың бірі мұражайда тұр. Біздің әріптестеріміз - журналистер телетайпты қолданып көрді. Аудандармен байланыс ескіше – «нүкте-сызықша» (Морзе әліппесі) бойынша жүргізілді. Маңғыстаулық Форт-Шевченко және Таушық қосындарымен байланысшылар, өздерінің айтуынша, «кілтпен», яғни, құпия байланыс «Гурьев-20» бойынша байланысқан. 60-шы жылдары Маңғышлақ салына бастады, жаңа елді мекен алдымен Шевченко, кейін Ақтау деп аталды, ал қазір жеке облыс болды.

Бұның бәрін шағын мұражайдың жәдігерлерін тамашалаған кезде байланыс ардагері Гүлсім апай есіне алды. Мұражайға ерекше жәді-герлер, еліміз бен Атырау облысында телекоммуникация құралдарының даму тарихынан сыр шертетін мұрағат материалдары (суреттер, құжаттар, бейне және аудио жазбалар) қойылған. Бүгінгі күні мұражайда «Телеграф», «Телефон» және «Радио мен телевидение» санаттары бойынша шамамен 50 жәдігер бар. Сирек ұшырасатын жәдігерлер ішінде 1901 жылғы шыққан телеграф аппараты, телефон коммутаторы, әр жылдарда шыққан телефон аппараттары, өлшегіш құралдар, алғашқы  «Электроника Ц-432» маркалы түрлі-түсті теледидар, «Маяк- 202» (1961 г.)  дыбыс зорайтқыш және басқа да құралдар кездеседі. Байланыс саласының даму жылдарын монитордан да көре аласыз: қағаз мұрағат көшіріліп, цифрлық форматқа жинақталған. Бұл жерде ардагерлердің, Атырау телекоммуникация дирекциясы басшыларының фото түсірілімдері, әр жылдардағы ұжым мүшелерінің суреттері, мақтау қағаздары мен құттықтау хаттар, жалпы барлық бағалы деген қағаз материалдар «алтын цифрлы мұрағатқа» енгізілген. Атырау телекоммуникация дирекциясының бас директоры Ерсайын ДҮЙСЕМАЛИЕВТІҢ айтуынша, мұражай жәдігерлерінен осы саланың даму тарихын көруге болады екен. «Біз өткен мен болашақты біріктірдік, барлық қағаз түрінде жинақталған мұрағат цифрланған мұрағатқа енгізілді. Осылайша біз ақпараттарды жинақтауға заманауи бетбұрыс енгіздік».

«Иә, байланыс бұл жылдар ішінде техникалық жағынан алғанда көп дамыған, -деді өз ойын бөліскен Г.Қабирова. – Жаңа техникамен мен жұмыс істей алмаған болар едім. Әрине, әр заманның өз байланысы бар деген осы ғой».

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген В. Истомин

14 желтоқсан 2011, 22:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.