Атырау, 26 желтоқсан 05:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Неке куәлігінсіз шариғат жоралғысы заңсыз

4 967 просмотра

Шариғат жолымен некелерді қиюға заңмен тыйым салынады. Қазір үкімет ҚР «Неке және отбасы туралы» заңына түзетулер енгізуді жасақтауда. Енді АХАЖ бөлімінің неке қию туралы куәлігінсіз мешіттер мен шіркеулерде діни неке қию жоралғыларын жасауға тыйым салынбақшы.

Билік басындағылар бұл еркінен тыс қиылған некелер санын азайтуға көмектеседі деп есептейді. Қарап отырсаңыз, кейбір  отбасылар ертедегідей қалыңдықты ұрлап құрылғанымен, ондай некелер АХАЖ бөлімінде тіркелмейді. Өйткені: а) әдетте, қалыңдықтың жасы 18-ге жетпейді; ә) күйеу жігіт ресми түрде некеге отырған болып шығады. Демек, мұндай жағдайларда жас жұбайларды АХАЖ бөлімінде некеге тұрғызбайды. Сондықтан да бұл жұптар мешітке барады. Егер отбасының шырқы бұзылған жағдайда оның азаматтық зайыбы құқықсыз болып қалады. Ол өзінің бұрынғы жұбайынан алиментті және бірге жинаған мүліктерін бөлісуді талап ете алмайды.

Кейде қалыңдықтарды үнемдеу мақсатымен ұрлап кететін жағдайлар да болады. Полицейлер бұған сенбестік танытады. Заң бойынша қалыңдықты ұрлау адамды ұрлау және оның үстіне бірге тұруға мәжбүрлеу мақсаты бар деп бағаланады.

- Егер қалыңдықты оны еркінен тыс ұрлаған болса, онда ол арыз жазуы тиіс және ол қылмыстық іс болып есептеледі, - дейді ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВА.

– Мен бұдан не шығатынын білмеймін, - дейді «Вайнах» шешен-ингуш этномәдениет бірлестігінің төрағасы Сейдамин АКАЕВ. – Бізде алдымен мешітке барып, содан соң ғана АХАЖ бөліміне барады. Мен өз әйеліммен отасқаныма 44 жыл болды, ешқандай куәліксіз-ақ бақытты өмір сүрудемін. Мен сегіз баланың әкесі және он бір немеренің атасымын. Қалыңдықты ұрлауға қатысты айтар болсам... бізде Атырауда бұлай істеуге жол берілмейді. Қалыңдықты ұрлаған күнде де оның бәрі міндетті түрде ата-ананың келісімімен болады. Осылайша екі отбасы да қалың малға төлейтін, той және басқа да сый-сияпаттар секілді басқа да қиындықтардың шығынынан оңай құтылады. 

«Салам» дағыстандық  этномәдениет бірлестігінің төрағасы Мусса АЛИШАЕВ:

-Неге олай болмасқа? Егер заңға түзетулер енгізіліп жатса, демек, оның қажеттілігінің туғаны ғой. Біз әйелім екеуміз некемізді алдымен АХАЖ бөлімінде рәсімдеп алдық, екі жылдан соң шариғат бойынша некемізді қидық.

-Мен тіпті, бұған қалай қарарымды білмеймін, -деп ойға шомды ұйғыр мәдени қоғамы филиалының төрағасы Әнуарбек НОДЯРОВ. – Дәстүр де бар, заң да бар. Әйеліміз екеуіміз АХАЖ бөліміне тіркелдік. 

Мешіт пен шіркеуде заңға қатысты іс туындаған жағдайда бәрі де сақтықпен айтылады. Қ.Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Мұнархан ӘЛІМОВ жастардың құжаттарын қазірдің өзінде жеке басын куәландыру үшін тексеріп жатыр. «Бізге бастысы – қыз бен жігіттің кәмелетке толғандығы, -дейді ол. Алайда, заңға осы түзетулер енгізілсе, әрине, онда неке қию рәсімін неке қию туралы куәлігін көрсеткеннен кейін ғана жасайтын боламыз».

Свято-Успенский соборының настоятелі  Михаил әкей жас жұбайларға некесін қиюға тыйым сала алмайтындықтарын айтады: «Егер жастардың некесін қиюға деген ниеті болса, АХАЖ бөлімінің анықтамасы, әрине, ең басты мәселе болып табылмайды. Егер екі жас бірін-бірі сүйетін болса, біз оларға қалай «жоқ» деп айтпақпыз? Бүгінгі таңда мынадай да жағдайлар орын алуда, біреуімен некесін қияды, сөйте тұра екінші біреуімен бірге тұрады. Бәлкім, заңнамаға түзетулер енгізу дұрыс та болар және бізде заң негізінде құжатты талап ете аламыз. Ал, енді жасы кәмелетке толмағандардың некесін қию мәселесіне бұған дейін де тыйым салынып келді. Христиандарда қалыңдықты ұрлау дәстүрі жоқ».

Үкіметтің түзетулерді жасақтауды аяқтау мерзімі әзірге белгісіз.

Анастасия ПАСТУХОВА

 

ҚР Қылмыстық кодексінің 125- бабы –«Адамды ұрлау». Төрт жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынана айыруға жазаланады. Ал, егер ол алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен  және кәмелетке толмағандығы көрінеу анық адамға қатысты жасалған болса, онда мүлкін тәркілеп немесе онсыз жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 

Қазақстандық «Шығармашылық бастамашы әйелдер лигасы» Алматы облысының селолық аймақтарында сауалнама жүргізді. «Сіз қалыңдықтарды ұрлау немесе жасы кәмелетке жетпегендердің некелесуі жағдайымен бетпе-бет келіп көрдіңіз бе?» деген сауалға «иә» деп сауалнамаға қатысқандардың (сауалнамаға 12-ден 60 жасқа дейінгі 764 адам қатысқан) 63 пайызы жауап берген. Лига сондай-ақ, жасөспірім қыздардың құқығы көбіне ауылдарда бұзылатындығын анықтады.

14 желтоқсан 2011, 22:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.