Атырау, 24 желтоқсан 07:04
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Желтоқсан желі ызғарлы еді

6 862 просмотра

12 желтоқсанда Атырау облысының әкімі Бергей  РЫСҚАЛИЕВ 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесті.

Әкіммен кездесуге шамамен 20 шақты көтеріліске қатысушы шақырылды. Әрине, біздің аймақта сол айтулы ақтаңдақ оқиғаға қатысқандар саны анағұрлым көп (айталық, бізде “АЖ”-да бұрынғы ҚазМУ-дің  журналистика факультетінің студенті ұяң да қарапайым Меруерт Ахонова жұмыс істейді). Әкім жиналғандарды қарсы алып, өз естеліктерімен де бөлісті:

- Сол жылдары мен де студент болдым, Алматыда оқыдым, алайда, 1986 жылы әскер қатарына шақырылдым. Әскери борышымды Целиноградта өтедім. Есімде, 16 желтоқсан күні ұлты қазақ әскери қызметшілерді казармаға жауып тастады. Бес күн бойына бізге үйден келген хатты бергізбеді және үймен сөйлестірмеді. Тек артынан ғана бірнеше күннен соң бізге болған оқиға туралы айтылды. Әрине, бар шындықты айтпады. Бізден көп нәрсені жасырып қалды. Күні бүгінге дейін біз сол оқиға туралы жаңа бір шындықтарды біліп келеміз. Менің жұбайым да желтоқсан оқиғасына қатысқан, ол да басқа да көптеген студенттер секілді жоғары оқу орнынан шығарылған.

- Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың бірі Х. Досмұхамедов атындағы АМУ-нің проректоры Аққали АХМЕТОВ сол  күндерде алаңда халықтың өз таңдауын жасауға құқылы екендігін дәлелдеуге тырысқан қазақ қыздарының қайсарлығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, тұңғыш рет КСРО тарихында тәуелсіздік үшін өз құқығын білдірген халқымыздың қоғамдағы рөлін де атады. Дәл сол 1986 жылғы желтоқсаннан кейін ғана Одақтың басқа республикалары өздерінің тәуелсіздік құқығын алу туралы айта бастады.

Облысқа танымал кәсіпкер «Аина» компаниясы тобының бас директоры Нұрлан ЕСҚАЛИЕВ басқа да жастармен бірге кеңестік тоталитарлық режимге наразылық білдіру үшін алаңға шыққанын айтты.

Сол кездегі сәулет-құрылыс институтының 4 курс студенті «Жылыоймұнайгаз» ӨФ қызметкері Гүлшара МАЙЛЫБАЕВА былай деп еске алады: 

- Мен кейін көпке дейін милиция қызметкерлерін көрген сайын үркіп-шошитын болдым. Сол күні ұзын шинель, каска киген, қолдарында дубинкалары бар милиционерлер маған кинодағы фашистер секілді болып елестеді. Біз алаңға қарай кетіп бара жатқанымызда бізді шашы желбіреген бір әйел адам тоқтатып, біздің кері қайтуымызды өтінді. Бірақ, біз оған қарамастан алаңға бардық. Қайта келе жатқанымызда құрбыларымның бірі сүрініп қалды ма, артта қалып қойды. Мен оған көмектеспекші болып артыма бұрылғанда, бізді бір топ милиционерлер қоршап алды да, «Алатау» ауданының ІІБ алып барды. Есімде сол жылы Алматыда қыс қарлы болды, қыздардың бірі арыққа тығылды, оны пальтосы ақшыл түсті болғандықтан адамдар байқамай қалды. Аудандық ІІБ-нің дәлізінде біз қатар түзеп, тізіліп тұрған милиция қызметкерлерінің арасымен өттік. Олар бір метр сайын тұрды. Олардың біреуі менің мойынымдағы шарфымды тартып: «Сіздер үшін басқа өмір басталды!» деді. Бізді қылмыскерлер секілді әр қырымыздан суретке түсірді. Біреулер есімдерін өзгертіп айтты, ал, мен шындығымды айттым, өйткені, бізді суретке түсірді, демек, ешқайда қашып құтыла алмайсың деген сөз ғой. Келесі күні мені комсомолдан, одан кейін институттан шығарды. Бірақ, бір жылдан соң оқуға қайта қабылдануға мүмкіндік туды.

Атыраулық желтоқсан оқиғасына қатысушылар сол күндері жатақханадан ешкімді шығармағандығын, алаңға бару үшін екінші қабаттан секіргендерін естеріне алды. Алаңнан қашып шыққан балаларға көмектесіп, қандарын жуып берген.

-Барлығы біріне-бірі көмектесті. Біз ол кезде жас едік. Қуғынға қарамастан ешкім ешқайда қашқан жоқ. Біз өз жатақханаларымыздың баспалдақтарына отырып алып, әнұранымызды шырқадық,- деп еске алды әйелдер.

Сол оқиғалардың тағы бір куәсі болған «Аина» компаниясы тобының менеджері Мейрамбек БИЖАНОВ қарусыз жастарға қарсы қолданған әдістер туралы әңгімеледі:

- Студенттер қоршалып тұрған жасақтан топ болып өтіп кетуге тырысты.Оларды соңынан қолға түсіру үшін әдейі қоршауды бұзып ішке енуге мүмкіндік берді. Жігіттерді дубинкалармен мұзды жерге құлатып, қалталарын қағып, машиналарға тиеді де тауға әкетіп отырды. Автоматшылар болған жоқ, алайда, милиция бастықтарының қолдарында қажеттілік туған жағдайда атуға құқық берілген тапанша болды.

Осы кездесуде аталмыш оқиғаның куәгерлері сол ақтаңдақ күндерді еске алудан әсте жалықпады. Әкім олармен жиірек, жылына кем дегенде екі рет кездесуге уәде етті. Және өз қол астындағыларына олардың әрқайсысының тұрмыс жағдайларын білуге тапсырма берді. Ол сондай-ақ, Атырауда атыраулық желтоқсан оқиғасына қатысушыларға құрмет ретінде олардың  есімдері жазылған монумент салуды және олардың естеліктері бойынша кітап шығаруға ұсыныс жасады. 

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

14 желтоқсан 2011, 21:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.