Атырау, 26 желтоқсан 05:55
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Орман емес, шағын тоғай болуы мүмкін

6 730 просмотра

Үш апта бұрын «NCOC» консорциумы Қарабатандағы орман қорғау алқабының жобасын таныстырды («АЖ», №47, 24.11.11 ж. - «Қарабатан мен Атыраудың арасы орманға айналады»). Қаладағы жолдары бола қоймаған көгалдандырушылардан айырмашылығы консорциум ұсақ-түйектің бәрін ескеріп, бұл іске батыстың үлгісімен кірісіпті. Дегенмен де, жергілікті үкіметтік емес ұйымдар мен тәжірибелі көгалдандырушылардың бұған қатысты өз пікірлері бар екен.

«ӘСЕР ЕТКЕН ЖОҚ»

Шараға қатысқан Макс БОҚАЕВ («Арлан» ҮЕҰ) өз әсерімен бөлісті:

- Біріншіден - әсер еткен жоқ. Тіпті осы ағаштар бой алып, өсіп кетсе де, бұл жолақтар жеткіліксіз болады, кішкентай ғана орман боп шығады. Қарабатандағы зауыттың қуаттылығы сондай, ені кем дегенде 2-3 км-дей алқаптың болғаны тиімді. Ал егер Атырау қаласын болжамды шығарындылардан қорғау жөнінде айтар болсақ, онда бұл (Қарабатан мен қала арасындағы) жолақтардың ұзындығы 10-15 км-ден кем болмауы тиіс. АМӨЗ секілді өнеркәсіптік аумақтарға көгалдандыру жүргізілетін санитарлық нормалар өнеркәсіп аумағының 20 пайызын көгалдандыруды қарастырады. Сондықтан бізге таныстырып отырған жобаны шағын адамдар тобы жүзеге асыруға мүдделі болып отырған пиар-акция ғана деп есептеймін.

Жоба құны бойынша көп сұрақтар бар. Түрлі жарияланымдарда 9-дан 30 млн долларға дейін түрлі цифрлар бой көрсетеді. Бұл жобада қандай әдістер мен материалдар қолданылатынын (топырақты дренаждау, геотекстиль, Батыс Қазақстан облысынан әкелінген көң) көрген кезде, Қарабатанға жақын маңдағы Ескене стансасында әлдебір теміржолшының – станса бекетшісінің өсірген қарағаштарын есіме түсірдім. Ол ағаштар қазір үлкен. Шамасы, 15-20 жыл бұрын отырғызылған болуы керек. Ол жерге ешқандай геотекстиль мен тамшылатып суаруды, Батыс Қазақстаннан әкелінген 30000 текше метр көңді ешкім де пайдаланбағанына сенімдімін. Оның үстіне, мұның бәрінің немен аяқталатыны, Қарабатанда ағаштар өсе ме, жоқ па, белгісіз. Осы жағдайды пайдаланып, Аджип ККО, НКОК компанияларына вахталық поселкелерге көбірек ағаштар отырғызса деген ұсынысым бар. Бұл жұмысшыларға көп пайдасын тигізеді деп ойлаймын.

 

ТАМЫРЛАРЫН ҚАЛАЙ ЖАЯДЫ?

Мен қаладағы көгалдандыру саласына танымал кәсіпкер Георгий ЩЕРБАКОВТАН көшеттерді отырғызу кезінде пайдаланылатын технология жөнінде айтып беруін өтіндім. NCOC қызметкерлері таныстырылым бойынша материалдарды ұсынудан, неліктен екені белгісіз, бас тартты. Ал нақтылайтын сұрақтарға жауап қайтармауды жөн көрді. Георгий технология жөнінде менің айтуыммен және консорциумнан әлденеше рет табандап өтінгеннен кейін ғана алынған фотосуреттер бойынша түсінік алды.

- Бұл зор шығындар ғой, - деді Щербаков. – Бүгінде көгалдандырушылардың мүмкіндіктері тек қаржылармен ғана шектеледі. Мұндай технология болса барлық көшеттердің керемет жерсініп, өсіп кететініне сенімдімін. 10 жыл бойына ешқандай проблема болмайды деп ойлаймын. Бұл тәлімбақтар өсіруге, жылыжайларда қолданылатын классикалық шағын көлемді технология. Мұнда өсімдіктің тамыр жүйесі тұтастай жасанды қорек ортасымен – субстратпен шектеледі. Фотосуреттерден шұңқырлардың арнайы материалмен және геомембранамен қабатталып, толықтай табиғи жағдайдан оқшауланатыны көрініп тұр. Жасанды дренаж, тамшылатып суару, басқа жерден әкелінген көң қолданылады. Бәрі керемет, мұндай жағдайда бастапқы кезде бізде сирек кездесетін ағаштардың сұрыптары бой алып кете алады. Бірақ ол жерге біздің климатқа сай келетін қарағаштар, шетен мен басқа да ағаштарды отырғызады ғой. Олар үшін тек тұрақты суару мен жақсы дренаж ғана маңызды.

Ағаштардағы тамыр жүйесінің көлемі ағаштың ұшар басының көлемімен мөлшерлес. Ересек қарағаштың тамырының ұзындығы 30 метрге дейін жетуі мүмкін. Ал бұл жерде тамыр жүйесі шұңқырмен шектеліп, тек ағаштардың аласа бойлы сұрыптары үшін ғана жарамды болады. Олардың тамырлары 3-4 метрге дейін өседі. Ал егер бұл қарағаш болса, ол әрі қарай қалай өседі? Біздің қатты желі бар климатымызда тамыр жүйесі шектелген ағаштардың жайы не болмақ? Осы тақырыпта жазылған алдыңғы мақалада сіз компанияның жетекші ауылшаруашылық институттарын, соның ішінде шетелдік институттарды жобаға тартып отырғанын жазған едіңіз. Бәлкім, осы аудандағы топырақтың анализі топырақтағы тұздың көп мөлшерін немесе жерасты суларының беткі қабатта орналасқанын көрсеткен шығар. Бұл осы жобаға тартылған ғалымдардың пікірінше, орман алқабы үшін осындай жылыжай жағдайын жасауды қажет еткен болар. Олардың тұжырымдарымен танысқан қызық болар еді. Өйткені осы технология бойынша болашақ ағаштардың өмірі әрдайым адамға тәуелді болады ғой. Ал менің түсінуімше, бұл жерде әңгіме орман туралы болып отыр.

 

ЕСКЕНЕ СТАНСАСЫНЫҢ ҚҰПИЯСЫ

Макс Боқаев еске алған бақ сонау Кеңес дәуірінде Ескене теміржол стансасын жағалай отырғызылған орман қорғау жолағы боп шықты. Станса бастығы Асқар САРИЕВТІҢ айтуынша, теміржолдың екі жағындағы теректерді (ұзындығы 200-300 метрдей, ені 30-50 метрдей) шынымен де станса қызметкерлері - қатардағы теміржолшылар отырғызыпты.

- Бұл жерде ешқандай да басқа жақтан әкелінген топырақ пайдаланылған жоқ, тек уақытында суарып тұрған, - деп атап өтті Сариев.

Өз атымнан қосарым, Қарабатандағы орман қорғау алқабы жобасының құны туралы коммерциялық құпия дегенге сілтеп, жақ ашпаған консорциум өкілдері бұл соманың «Табиғат қорғау қызметі» деген шығындар бабына енетінін ғана хабарлады.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Фотосуреттерді «NCOC» консорциумы ұсынды

14 желтоқсан 2011, 21:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.