Самал ықшамауданының тұрғындары. "АЖ" мұрағатынан. Самал ықшамауданына "Гелиос" компаниясының жанармай құю кешені салына ма, жоқ па, ақырғы шешім қабылданғанға дейін бүкіл құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Қазір қадағалау органы құжаттармен жете танысуда.
Жер алып, үй салғаннан кейін Самал-1 және Самал-2 ықшамаудандары тұрғындарына лайсаң күндері қалаға жету проблемаға айналды. Жолдың асфальтталуын күтпестен адамдар ақша жинап, өз қаржыларына орталық асфальтқа дейін жол салды. Осы көктемде олар салдырған жолдың қақ ортасына "Гелиос" компаниясы жанармай құю кешенін салмақ болып жатқанын біледі. 9 сәуірде әлі құрылысы басталмаған жерге тұрғындар жиналып, оған "Гелиос" өкілдері мен қалалық сәулет бөлімінің басшысы Қуанышбек МАҚАШЕВ қатысты. Жиналыс қорытындысы бойынша самалдықтар құрылыс жұмыстарының тоқтатылатындығын, ал компания құжаты егжей-тегжей қаралатындығын мәлімдеді ("Самал жанармай құю бекетіне қарсы").
22 сәуірде қала әкімінің үш орынбасары – Гүлмира ШӘКІРОВА, Әділбек ЗАЙДУЛЛИН және Амантай АЙТБАЕВ, сонымен қатар қала сәулетшісі үйлерінің дәл түбінен жанармай құю кешенінің салынуына қарсы шыққан тұрғындар өкілдерімен кездесті. Әңгіме барысында олар бұл мәселенің өте күрделі екендігін, өйткені бір жағынан екі ықшамаудан тұрғындарының, екінші жағынан шаруашылық субъектісінің мүдделері туралы әңгіме қозғалып отырғанын түсіндірді. Кезінде жер телімі Атырау тұрғынына беріліп, кейін ол жерді "Гелиос" компаниясына сатқан екен. Ахуал қала әкімінің бақылауына алынған. 27 сәуірде тұрғындарға ресми жауап жолданды. Онда қалалық биліктің жер телімін беру туралы шешімнің күшін өздігімен жоя алмайтыны айтылған. Бүкіл құжаттар прокуратураға жолданды, ақырғы шешімді сол қабылдауы тиіс. Өз тарапынан қалалық прокуратура құрылысты басқа жерге ауыстыру мүмкіндігі туралы "Гелиос" компаниясымен келіссөздер жүргізуді қолға алды, қазір нұсқалары әзірленуде.
Зульфия ИСКАЛИЕВА