Атырау, 23 қараша 00:42
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мұхтар Шаханов атыраулық студенттермен кездесті

9 377 просмотра

Image 022 сәуір күні Атырау мұнай және газ институтында ақын, қоғам қайраткері, «Жалын» журналының бас редакторы, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы Мұхтар ШАХАНОВТЫҢ студенттермен кездесуі өтті.

Кездесу шығармашылық, поэзия кеші ретінде өтті. Студенттер ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтып, сөзіне жазылған әндерді орындады. Ал, Атырауға белгілі әнші Әсет ӘЛИЕВ ақынның сөзі мен әніне жазылған «Махаббат елі» әнін әуелетті. Бір қызығы, жүрек тебірентер әннің шығу тарихы Атыраумен байланысты. Бұл туралы ақын 2014 жылдың күзінде Атырауға келіп, халықпен қауышқан кезде айтып беріп еді:

- Шығармашылық кештерімнің бірінде махаббат туралы жырымды оқып тұрған кезімде, екі көзі жасқа толған бір көрікті келіншекті теледидардан ұзақ уақыт көрсетіп тұрды. Неге екенін білмедім, сол келіншектің бейнесі есімде қалды. Атырауда болған поэзия кешімде бір әйелден ұзақ жазылған хат алдым. Жолықтық. Теледидардан көрсеткен, екі жанарын жасқа шылаған келіншек екенін бірден таныдым. Ең қызығы мынада - әйел менің 50-ге тарта өлеңдерімді, кейбір поэмаларыма дейін жатқа біледі екен. Екі ұлы мен үш қызы болса да, күйеуі әйелін менен сырттай қызғанады екен. Тіпті атарға оқ таба алмай жынданып кете жаздайтын көрінеді. Барлық кітаптарымды пештегі жанып тұрған отқа лақтырып жіберген. Осындай жағдайлар менің өмірімде екі үш рет болған. Ол әйелмен екі үш рет жолығып, ұзақ отырып әңгімелестік. Осы ән сол кезде Атыраудың бір қызына арналып жазылған...

Міне, осындай оқиға. Кеште Мұнай және газ институтының Қытайдан келген қытай тілінің аға оқытушысы Нұрбақыт УӘЛІБАЙ Шахановтың жазушы, орыс әдебиетінің классигі Федор Достоевскийге хат ретінде жазған «Құлпытас кепиеті немесе кері тебу заңы» поэмасын жатқа айтып берді. Н.Уәлібай Шахановтың шығармашылығымен ең алғаш 1989 жылы таныс болды, бұл кезде ол Бейжің қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінің 1-курс студенті болатын.

- Сол жылы Мұхтар Шахановтың өлең-жыр кітаптары Бейжіңдегі қазақ студенттерінің қолына алғаш тиіп жатты. Желтоқсан оқиғасының жарасы әлі басылмаған кез. Сол кезде қазақ студенттері болып кешке сабақтан кейін жиналып, Мұхтардың өлеңдерін оқып, әндерін шырқап, өзімізше жыр кештерін ұйымдастырып жүрдік. Желтоқсан оқиғасына қатысты оның сөйлеген сөздерін аңыз қылып айтысатынбыз, Қазақстан тәуелсіздік ала ма, алмай ма деп елеңдеп отыратынбыз. Ал, Шахановтың есімі 1986 жылғы желтоқсан оқиғасымен байланысты болды... Қытайдағы қазақтар негізінен Мұхтар Шаханов пен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа айтады, жақсы біледі. Кеңес Одағы тұсында 1989 жылы Кремльде КСРО халық депутаттарының І-ші съезінде Желтоқсан оқиғасына қатысты шындық айтылса, қазақ халқы үшін бір нәрсе жақсы жағынан өзгеретін болып көрінетін. Мұхтар Шаханов Кремльде өткен үлкен жиында 1986 жылғы трагедия жайында бәрін жайып салды, - дейді ол.

Айтпақшы, Съезде мінберге шығып сөз сөйлеуге рұқсат алу үшін Мұхтар Шаханов Арал теңізінің проблемасы туралы айтамын деп депуттарды алдап, Желтоқсан оқиғасында орын алған ащы шындықты жария еткен болатын (Мынау сол туралы Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» атты деректі романның негізінде жасалған режисер Бекқал Әбіштің «Желтоқсанның асықпаған ақиқаты және мемлекеттік бес комиссия мүддесі» атты деректі фильмнің сілтемесі).

Кездесу барысында ақын ұлттық мүдде үшін күреспеген қазақ зиялыларының құны көк тиын екендігін айтты. Сондай-ақ, өз ана тілін жоғалтып бара жатқан қазақ халқының трагедиясы туралы, олардың рухани мүгедекке айналғанын сөз етті:

- Қазір мынадай түсінік қалыптасты. Қай тілде сөйлесең, қай тіл бізге ыңғайлы болса, сол тілде сөйлей бермейміз бе, қазақ тілі деп айқайлаудың не қажеті бар деген ой алда тұр. Осындай көзқарасын ашық білдіріп отыр. Мен өз ұлттық тіліне қарсы шыққан адамды Құдайға қарсы шыққан адам депе есептеймін.

Кездесу барысында студенттер ақынға шығармашылығы туралы сауалдар қойды, кейін ол студенттерге қолтаңба беріп, естелікке бірге суретке түсті. Мен де жағдайды пайдаланып, Мұхтар Шахановқа жерді сатуға және шетелдіктерге жалға беруге қатысты пікірін сұрадым.

- Жердің бәрі сатылып жатыр ғой, - деді ақын кетіп бара жатып ойын ашып айтпастан.

Ал, 26 сәуір күні Фейсбуктегі өзінің парақшасында Мұхтар Шаханов Жер кодексіндегі өзгерістерге қатысты және Атырауда өткен митингіге қатысты мынадай жазба жариялады:

«Жалпы, бізді қазір яғни Атырау халқын "ұлтшыл" деп атап жүр. Олар еш уақытта заңнан тысқары шыққан емес. Олар "Анасын" ардақ тұтты. Олар бар болғаны – өз жерінің мүддесі үшін ғана күресіп жүр. Қазақстандағы мемлекеттік жердің мүддесі үшін орыстың өзі күресу керек. Қазақстандағы өзбектер, ұйғырлар және немістер күресу керек. Мемлекеттік жердің мүддесі үшін. Жұтқан ауасы үшін, қыл тамағынан өткен ас үшін.
Ал егер жойылуға кетіп бара жатқан ұлтымыздың мүддесі үшін біз айқай көтерсек, біз ұлтшылмыз, ал Мәскеуде өздерінің тілі, жері үшін күресіп жатқандардың барлығы патриоттар. Көрдіңіздер ме қандай жағдайға бізді алып келді? Бізге осындай айып таққаны үшін сотқа беруге болар еді кейбіреулерді. Қандай ұлтшылдық бар? Мұнда ешқандай ұлтшылдық жоқ, керек десеңіз. Бұл таза, мемлекеттің мүддесін көтеріп отырмыз.
Ал бізде мемлекеттік тілге деген көзқарас құлдырап кеткен. Міне осыны айтсаң, біз ұлтшылмыз. Сондықтан бұл көзқарас мүлде дұрыс емес.
Қолына ұзын сыпырғыш алып жүрген қазақтың өз жерінің иесі екенін сезіндіру қажет. Қашанға дейін мемлекеттің адамы үшін жер сыпырсын?
Жер дауы өте күрделі. Әр депутат "өз пікірім" деп сайрап жатыр. Өз пікіріңіз мол болса, Атыраудың мінбесіне кеп сайраңыз. Жеке журналистке жауап қатпаңыз, халыққа айтыңыз!
Бес жылға кетті. Бізде демократияның иісі де сезілмейді, демократия "жемократия" болып кеткен. Ал оның орнына қоятын депутаттардың көпшілігі "жепутатқа" айналып кеткен.
Халыққа керегі уәде немесе ауыздан шыққан сөз емес. Халыққа "Анасы" керек. Өз Анасының бауырында таршылық көрмеу қажет».

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

27 сәуір 2016, 10:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.