Атырау, 18 желтоқсан 21:21
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

​Шетелдік компаниялар баж салығынан босатылған. Ал біздің қай жеріміз кем?

6 278 просмотра

22 сәуірде Атырауда энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ пен Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ қатысуымен өткен өңірлік кеңесте жер қойнауын пайдаланушылардың экологиялық нормаларды сақтау мәселелері, сонымен қатар, қазақстандық мұнай-сервис компанияларының проблемалары талқыланды.

Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Ербол ҚУАНОВТЫҢ айтуынша, тек штаттан тыс шұғыл жағдайларда ғана атмосфераға күкіртсутек шығаруға рұқсат етілген ережеге қарамастан, іс жүзінде компаниялар бұл ережені елең қылмай, шығарындылар шығарады. Яғни, штаттық режимде де.

- Қоршаған ортаны қорғау - бұл жер қойнауын пайдаланушылар жұмысының негізгі құрамдас бөлігі болып табылады. Не болатынын, неге рұқсат етілмейтінін нақты белгілеп алуы керек. Бірде-бір компания өз абыройына нұқсан келтіріп жұмыс жасамайды, олардың алдына міндет қойып, бақылау жасап тұрыңыздар. Егер қандай да болмаса проблемалар бар болса, ұсыныстар енгізіп, оны шешу керек, - деді Н.Ноғаев.

Қазақстан сервистік компаниялар одағының төрағасы Алмас ҚҰДАЙБЕРГЕННІҢ айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанның мұнай-сервистік нарығына 2 мыңнан астам компания қатысады. Онда 200 мың адам жұмыс жасайды. 2014 жылдың ортасынан бастап жұмыс көлемінің азаюына байланысты қызметкерлер саны шамамен 40 мыңға қысқарды. Жер қойнауын пайдаланушылардың жалпы сатып алулар көлемінің 50 пайыздайы мұнай-сервис компанияларының үлесіне тиеді. 2015 жылы көптеген компаниялар бұрғылау және құрылыс жұмыстарының көлемін едәуір қысқартты. Бұл бюджетті қайта қарауға және шығындарды оңтайландыруға әкеледі. Дағдарысқа қарамастан, біздің елімізде ауқымды жобалар - Теңіз кенішіндегі келешек кеңею жобасы, Қарашығанақ, Қашаған кеніштерінің екінші кезеңі жобалары жоспарланып отыр. Бұл жерде жергілікті компаниялардың мүмкіндіктерін барынша пайдаланған жөн. А.Құдайберген Сервистік компаниялар одағы шешуге тырысып жүрген бірқатар мәселелерді атады. Біріншіден, бұл қазақстандық компаниялардың көпшілігінде Қашаған мен Қарашығанақ секілді күрделі кеніштерде жұмыс жасау тәжірибесінің жоқтығы. Көбінесе ірі жер қойнауын пайдаланушылар жергілікті фирмаларды тартып, тәуекел еткілері келмейді. Одақ кеніштермен кем дегенде біріккен кәсіпорын құру секілді келісімшарттар жасау бойынша өкілетті органдардың жұмысын күшейтуді ұсынды. Екінші мәселе - бұл Қазақстан нарығындағы табысты шетелдік компаниялардың тұрақтанған пулы. Оларда жаңа технологиялар, тәжірибе, қаржы бар. Жас қазақстандық сервистік компанияларға шетелден технологиялар сатып алуға, шетелдік кадрларды тартуға тура келеді. Сондықтан біздегі қызмет құны көбінесе жоғары болады. Шетелдік сервистік компаниялар жабдықтар сатып алуға 3-4 пайызбен несиелер ала алады, ал қазақстандық компаниялар біздің банктерден 20-22 пайызбен қарыз алады. Осы проблемаларды шешу үшін отандық сервистік компанияларға жабдықтар сатып алу үшін несиелер беру, анағұрлым қолайлы шарттармен айналым капиталдарын кеңейту мәселелерін қарау ұсынылды.

Біздің мұнай-сервистік компанияларымыз үшін тағы бір маңызды мәселе - бұл кедендік баж салығы мен ҚҚС төлеуден босатылған шетелдік жеткізушілер үшін берілетін артықшылықтар.

- Қазақстандық компаниялар тендерге қатысады, оларда осы факт салдарынан бағалар 17-20 пайызға жоғары. Өйткені олар импорттық материалдарға баж салығы мен салықтар төлеуге тиіс. Біз кедендік баж салығы тұрғысында тең жағдайды қамтамасыз етуді ұсынамыз. Өз деңгейімізде салық комитетімен келіссөздер жүргіздік, алайда нәтижеге қол жеткізе алмадық.

Министр Қанат Бозымбаевтың айтуынша, шетелдік жеткізушілер үшін салық артықшылықтарын жою мүмкін болмайды екен. Өйткені бұл жерде өнім бөлінісі туралы келісім және салық заңнамасының тұрақтылығы туралы әңгіме болып отыр. Ал, жергілікті компаниялар үшін берілетін артықшылықтар жөнінде әлі де тақырыптық мәселелер қозғалатын болады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА

23 сәуір 2016, 12:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.