Атырау, 30 сәуір 22:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +13
$ 441.44
€ 473.09
₽ 4.75

Экс-полицейдің ісі: қылмыскер жауабын өзгертті

3 918 просмотра

Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында Дмитрий КИМДІ өлтірді деп айыпталған экс-полицей Манарбек ӨТЕУОВТІҢ қылмыстық ісін қарау жалғасуда.

19 сәуірде сотталушылардан жауап алынды.

Сотқа Асан ҚҰРБАНБАЕВ берген жауаптар ресми айыптау мәтініне ұқсас болды Экс-полицейдің ісі: айыптаушының сөзі мен бейнематериалдар»). Ол Кимді пышақтаған да, оны көмген де Өтеуов екенін мәлімдеді. Бір қызығы, өз жауабында Құрбанбаев Өтеуовтің Кимге алты пышақ жарақатын салғанын айтты. Ендеше қалған 20 пышақ жарақатын кім салған Экс-полицейдің ісі: «Қылмыскер 26 жарақат салған»)? Құрбанбаев білмейтінін, бірақ ол жерде өздерінен басқа ешкімнің болмағанын айтты. Өз жауабында Өтеуов 5 сәуірде өзінің тікелей басшылары - қалалық криминалдық полиция бастығы Нұрболат ҚАБДЕШЕВ пен ҚІІБ аға жедел уәкілі Бейбіт ШАЛТЕНОВКЕ сот отырысында таққан айыптауларды қайталады Экс-полицейдің ісі: ««Сізге басшы ретінде қылмысқа неге барып жүргенімді түсіндірдім»).

Шалтеновті әшкерелейтін жауапты Құрбанбаев та берді:

Өтеуов Шалтеновке не болғанын түсіндірді. Шалтенов маған: "сен неге өз жұмысыңды орындамайсың? Сен не істедің?" деді. Мен үндемедім. Содан кейін ол: "уайымдама, көмектесеміз. Басшылыққа айтамын, немен айналысып жүргенімізді біледі"... деді. 2015 жылдың 3 қыркүйегінде мен Шалтеновпен арнайы прокуратурада кездестім. Ол темекі тартып тұрды. Менен: "Сен не, тонау туралы айтқың келе ме?" деп сұрады. Мен: "Иә" дедім. Ал ол: "Әлің келе ме?" деп сұрады. Мен: "Мен аз білемін, бірақ білетіндерім бар" дедім. Ол: "Сенің қай жерге дейін баратыныңды көрейік. Осы жерде мәңгі жүрем деп ойлайсың ба? Сенімен кейін сөйлесеміз" деді де, балағаттап жіберді. Осымен тарастық.

Кісі өлтіруге қатысты сұрақтарға жауап бере отырып, Өтеуов ертерек берген мойындау жауаптарын өзгертті. Ол тергеу изоляторында болған кезде, оған бұрынғы басшылығы қоқан-лоққы жасап, моралдық қысым көрсеткендігін айтты. Сондықтан ол шындықты айту үшін соттың болуын күткен.

Датов көшесінде әйелді сәтсіз тонау орын алған кезде (Құрбанбаев әйелдің қолынан сөмкені жұлып алмақ болған кезде, оны он бес метрдей жерге дейін сүйреп барған), біз зардап шегушімен және Құрбанбаевпен ІІБ-ге келдік. Шалтеновтің кабинетіне кірдік. Ол маған: зардап шегушіні тергеушіге жібер деді. Содан соң менің көзімше Асанға ұрса бастады. Мен Асанды тергеушілерге апардым, олар заттай айғақтардың алынғанын ресімдеді. Содан кейін Шалтеновпен бірге біз Марат Тағаниязовтың кабинетіне кірдік. Мен баяндап: "191-баптың 2-тармағы ("Күш қолданып тонау"), солай болып қалды" дедім. Тағаниязов: "Қорқынышты ештеңе жоқ, Алла кешірсін, бар болғаны бір өзбек" деді. ...Құрбанбаевты уақытша ұстау изоляторына қамады. Мен Химпоселкеге зардап шегушіге барып, оған: "Көмектесіңізші, сіздің арызыңыз бойынша біз Құрбанбаевты қыспаққа алып, оны ұрдық, ол ауруханаға түсіп қалды, енді ол біздің үстімізден шағым жазды" дедім. Әйел менімен бірге нотариусқа асығып, талабы жоқ екендігі туралы арызын ресімдеді. Құрбанбаевты босатып жіберді, - деді Өтеуов. - ...Қылмыс жасалған күні, 2015 жылдың 5 тамызында біз Құрбанбаевпен бірге "Дина" базарына келдік. Мен бірден төрт өзбекті тоқтатып, өзімді полиция қызметкерімін деп таныстырып, олардан 5 мың теңгеден жинап алдым. Кешікпей Денисті көрдік (Дмитрий Ким осы атпен танысқан). Қызметтік куәлігімді көрсетіп, оған көлігімнің артқы орындығына отыруды ұсындым. Одан барсеткасын беруді сұрадым. Ішінде 225 мың теңге, бір бау кілт, чектер мен дәптерлер болды.

Содан соң одан өз құжаттарын көрсетуді сұрадым. Ол жоғалтып алғанын, бірақ өзі тұратын үйге баруға болатынын, ол жерде құжатын жоғалтуға байланысты ҚІІБ берген анықтама бар екенін айтты.

Денис Сәтпаев даңғылында немере ағасымен бірге тұратынын, ағасының отбасымен бірге демалуға кеткенін айтты. Біз айналма жол тарамына қарай кеттік, мен "Ақжол" дүкеніне кіріп, 5 литр су сатып алдым. Келесі сәтте мен Асанның Дениспен төбелесіп жатқанын, ал оның қашуға тырысқанын көрдім. Мен Денистің қолына қолкісен салдым. Соның алдында Асанмен Денисті қалай өлтіретінімізді, кім бірінші пышақ салатынын айқын жоспарлаған едік. Денис жол бойында өзі туралы әңгімеледі, әкесінің ерте қайтыс болғанын, өзінің кешікпей үйленетінін айтты. Атырау-Индер трассасының 33-ші шақырымында мен бұрылып, жолсызбен жүрдім. Денис: "Мені қайда апара жатсыңдар?" деп айқайлай бастады. Шамамен жиырма минуттай уақыт өткен соң көлікті тоқтаттым. Алдыңғы жолаушылар орындығында отырған Құрбанбаев қолына пышақты алды да, менен: "сен дайынсың ба?" деп сұрады. Денис "мені өлтірмеңдер" деп айқайлап, жылады. Асан бірінші соққыны жасағысы келді, бірақ Денис оны аяғымен теуіп жіберді. Мен Асанға: "пышақты көтерген екенсің, тоқтама!" деп айқайладым. Сол кезде Асан Денистің аяғына екі рет пышақ тықты. Содан соң алқымына тығып алды. Одан кейін мен пышағым майысып қалғанша Денистің кеудесіне он шақты рет пышақ ұрдым. Бірер минуттан кейін Денис есінен танып қалды. Асан көліктен шығып, шұңқыр қазды. Мен жақындап келіп, мүрдеден қолкісенді шештім. Біз оны шұңқырға сүйреп әкелдік. Асан мүрдені көмді...

Жасаған қылмысы туралы әңгімесін аяқтаған Өтеуов прокурор мен адвокаттардың сұрақтарына жауап берді.

– Сіз неліктен Кимді өлтірдіңіз?

– Проблемам бар еді, ақша таба алмадым... Нұрболат Қабдешев айтқандай жасадым. Мен полицияға жұмысқа орналасқан кезден бастап қылмыс жасауға үйреніп кеттім...

–- Қабдешев сізге кісі өлтіруге бағыт берді ме?

– Иә, ол: "куәгерлерді қалдырма" деді.

– Көлігіңізді тінту кезінде тамырға салатын система мен натрий хлорид ерітіндісі табылды. Олар қандай мақсатта қолданылады?

– Нұрболат Қабдешев бізді трамадолмен қамтамасыз етіп тұрды. Бұл адамға күш беретін және ұйықтатпайтын психотроптық препарат. Бүкіл оперлар қабылдайды, мен де қабылдадым.

– Қалай ойлайсыз, неліктен Құрбанбаев сізге қарсы айғақтар жинаған?

– Оны УСБ-ның (Ішкі қауіпсіздік басқармасының) жібергенін тек кейін білдім. Бұрын ерекше бөлімдегілермен менде көп инцидент болды. Олар мені көлікпен ұстағылары келді, қуғын жасады, мен олардың қызметкерін қағып кеттім. Келесі күні УСБ-ға өзім бардым, бірақ қызметкерлері ұрып тастады. Мен "102" пультіне шақырту тіркеп, ауруханадан анықтама алдым. Басқарма бастығының орынбасары Ринат ДАГАРОВТЫҢ өзі маған: «Жігітім, мен сені отырғызам» деді.

…Олар ұзақ уақыт соңыма түсті. Асанды қамауға алсаңыздар, оны қыспаққа алса, ол бәрін айтады. Әйтпесе, бұл қылмыс жұмбақ болып қалады.

…2015 жылдың мамырында Шамин көшесінде жарылыс болды. УСБ қызметкері қаза болды. Олар менің осы іске қатысым бар деп ойлап, кек алғылары келді.

– Бұған дейін өз бастығыңыз Қабдешевтің нұсқауы бойынша қылмыс жасағаныңызды растадыңыз. Енді УСБ қызметкерлері бұл қылмысты ұйымдастырды дейсіз бе?... Бір жауап беріңіз.

– Қабдешев маған: "жаса мұны" деді. Бірақ ол УСБ-ның маған Құрбанбаевты астыртын жібергенін білмеді... Біз қармаққа ілінген балық сияқтымыз. Құрбанбаев мені осы қылмысты жасауға итермеледі. Ол УСБ-мен келісімде болды. Олар мұны алдын ала жоспарлаған.

– Сіздің қолыңызға КАН отбасының ақшасы түсті. Неліктен сіз ақшаны уәде етілгендей, өз басшылығыңызға апарып бермедіңіз, ал 200 мың теңгені Құрбанбаевқа беріп, қалған соманы банктен алған несиенің қалған сомасын жаптыңыз?

– Маған бастапқыда бұл үйде ақша көп болады деп айтты. Мен Қабдешевке сендім.

– Тоналған зардап шегуші әйелдерден нотариалды куәландырылған бас тарту арыздарын ресімдеуге бастамашы болған кім?

– Марат Тағаниязов.

– Ал нотариусқа кім барды?

– Мен.

– Сіздің жоғарғы біліміңіз бар, сізге қылмыс жасай отырып, оны ашу статистикасын көтеру керек деді. Сіз неге бас тартпадыңыз?

– Бұл бүкіл жедел уәкілдің басында бар жағдай. Бәрі де полицей басшылығынан қорқады. Олар қаладағы үлкен адамдар және ешкімнен қорықпайды...

– Сіз Құрбанбаевтың басқа да қылмыстар жасауды ұсынғанын айттыңыз. Сіз неге бұл туралы тергеу кезінде айтпадыңыз?

– Мен мұны облыстың арнайы прокуроры Алмат БАХРИДЕНОВКЕ айттым.

– Құрбанбаев шұңқырдың алдын ала қазылғанын айтты…

– Бұл өтірік, егер шұңқырды алдын ала қазған болсам, онда тереңірек көмген болар едім.

– Сізге жауапкершіліктен босатуға уәде бергенін айттыңыз. Сіз құқыққорғау органдарының бұрынғы қызметкерісіз, заңгерсіз. Сіз мұны қалай елестетесіз?

– Жедел "разработка" түрінде ресімдер еді. Маған солай айтты, мен сендім.

Сот отырысының соңғы кезеңінде Өтеуов Кимді өлтіруге қатысты Құрбанбаевтың жауабын өтірік детекторында тексеру туралы өтініш берді. Бірақ ол өтініш қабылданбады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретке түсірген автор
22 сәуір 2016, 09:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.