Атырау, 5 қазан 02:58
 ашықВ Атырау +17
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Мұнайшылар дайындайтын орталық

2 424 просмотра

Қаладағы ауқымды оқу орталықтарының бірі жуырда тапсырылмақ. Аяқжолдар, соқпақтар салынып, тіпті газондар төселгенімен, мұнай-газ саласының кадрларын дайындау жөніндегі Аймақаралық кәсіптік орталық биыл ашылмайды. Өйткені орталық жабдықтармен жарақталуды күтіп отыр.

Ақиқатқа айналған Елбасы жолдауының көлемі мен инфрақұрылымы таң қалдырады. 

– ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, ҚР президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси даму жолында» деп аталатын жолдауын жүзеге асыру мақсатында 2005 жылы облыста кадрларды дайындау үшін төрт Аймақаралық кәсіптік оқу орталықтарын салу жоспарланды. Осы орталықтардың алғашқысы – Атырау қаласының Нұрсая ықшам ауданында салынып жатқан мұнай-газ саласының кадрларын дайындау жөніндегі Аймақаралық кәсіптік орталық (әрі қарай - Орталық), - дейді Атырау облыстық білім беру басқармасы бастығының міндетін атқарушы Клара МҰҚАШКЕРЕЕВА.

Орталық мұнай-газ саласының қызметкерлерін дайындау, қайта дайындау және біліктілігін көтеру үшін құрылған. Кешен 700 оқу орнына арналған. Оның құрамына екі оқу корпусы, 480 орындық жатақхана, 100 орындық қонақ үй, шеберхана, жабық бассейн, полигон, стадион және басқа да қосымша ғимараттар кіреді.

Орталық басшысы боп Тұрар ӘМІР тағайындалды. Бұл жерде мұнай және құрылыс саласы бойынша 13 мамандық бойынша кадрлар дайындайтын болады. Республика қаржыландыратын жоба құны 3 миллиард теңгеден астам тұрады.

– Орталықты басқару үшін «Кәсіпкер» холдингі құрылды. Оның жалғыз ғана акционері – білім және ғылым министрлігі. Осы холдинг арқылы орталықты басқаруға Қазақстанның мұнай және газ нарығында жұмыс істейтін ірі компаниялар тартылмақ, - деді К.Мұқашкереева. – Білім және ғылым министрлігі орталықты оқу бағдарламаларымен, әдістемелермен, инженерлік-педагогикалық кадрлармен қамтамасыз етуді өз мойындарына алады. Бұл 2011-2020 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасындағы техникалық және кәсіби білім беруді модернизациялау» бағдарламасының аясында жасалатын болады.

Осы бағдарламаға сәйкес, әрбіреуі 350 мың доллар болатын 68 грант бекітіліп, 147 кәсіптік стандарттар, 290 білім беру стандарттары, 940 оқыту бағдарламалары дайындалатын болады. 350 инженер-педагогтар шетелде қайта даярлаудан өтеді. Атырау облысынан 11 адам осындай қайта даярлаудан өтті. Бұдан басқа, Орталықта педагогикалық жұмысқа шетел мамандарын тарту жоспарланып отыр.

Алайда бұл ғажайып кешеннің нақты ашылу мерзімін Мұқашкереева ханым атап айта алмады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

8 желтоқсан 2011, 18:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.