Атырау, 26 желтоқсан 06:07
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Руслан Бердиматов: «Мен туралы әлі де естисіздер!»

3 516 просмотра

Біз жерлесіміз Руслан БЕРДИМАТОВТЫҢ отандық шоу-бизнестің шыңын бағындыру жолындағы жетістіктері жөнінде әлденеше рет жазған едік. Оның еңбекқорлығына қызықпасқа болмайды. Бір жыл бұрын Қазақстанда алғаш рет өткізілген британдық «X-Factor» таланттар шоуының финалисі болып, Джеймс БРАУННЫҢ «Ifeelgood» әнін өзгеше орындауымен есте қалды. Оның осы орындауындағы бейнежазба әлі күнге дейін ғаламтор кеңістігінде үлкен танымалдылыққа ие боп келеді.

 

Жоба аяқталған соң Русланды «Еуразия» Бірінші арнасы «Фактор X-treme» реалити-шоуына шақырып, онда басқа «X-Factor» финалистерімен бірге төзімділігін, ерік жігері мен рухын сынады. Ал қазір «Жетінші» арнада ресейлік «Фабрика звезд» шоуының аналогы «Жұлдыздар фабрикасы» жүріп жатыр. Онда біздің Руслан жетінші есепті концертке дейін жеткенімен, өз еркімен басқа қатысушыға орын беріп, жобадан кетті. Алайда нүкте қоюға әлі ертерек. 24 желтоқсанда ол жобаның финалына қатыспақшы. Руслан «Жайық самалы» оқырмандарына өз басынан кешкендері туралы әңгімелеп беруді жөн көрді.

 

ҰСТАЗДАР ДА ЖЫЛАЙДЫ  

– Сенің отандық «Фабрика звезд» шоуындағы жетістік-теріңе куә болған көрермендерді толғандырған бір сұрақты қояйын. Жобадан неге кетіп қалдың? Қазылар алқасы алғаш рет өз құқықтарын пайдаланып, көрермендердің смс-дауыстарының қорытындысына қарамастан, сені жобада қалдыруды ұйғарған еді. Байғали СЕРКЕБАЕВТЫҢ өзі сен туралы жақсы пікірлер айтып, қазылар алқасының саған және сенің талантыңа сенетінін атап өткен болатын...

– Алтыншы концертте мен номинацияға шығып қалдым. Мен Равиль ИСАКОВТАН аз дауыс жинадым. Әрине, қазылар алқасының мені жоғары бағалағанына және тағы бір мүмкіндік бергеніне риза болдым. Бірақ мен үшін келесі аптада екі қатысушы шығып кетуі тиіс болатын. Бір апта бойына өзімді кінәлап, іштей желініп жүрдім. Батыржан ТАЗАБЕКОВ жұртшылықпен қоштасу үшін қолына микрофон алған кезде, шыдай алмадым. Жүгіріп шығып, мұның әділдік еместігін, оның орнына өзімнің кететіндігімді айттым. Менің орныма басқа қатысушының, яғни, бейтаныс адам емес, достасып үлгерген адамның кеткенін біле тұрып, біреудің орнын иеленіп, жайбарақат ән айтуды жалғастырғым келмеді. Судьялар менің қателік жасап отырғанымды айта бастады, бұл диалог жарты сағаттай уақытқа созылған секілді. Зал «кетпе» деп шулады, көрермендер жылап, вокалдық және сахналық өнерден дәріс беретін ұстазымның көз жасы мөлтілдеп тұрды. Батыржан да жылап тұр екен. Сол кезде мен де өз-өзімді ұстай алмай, көзімнен жас парлады. Судьялар шешіміңе сенімдісің бе, әлде эмоцияның жетегінде кетіп, осындай шешім қабылдадың ба деп қайта-қайта сұрап жатты. Мені содан кейін ғана жіберді. Бірақ Тимур ЖАФАРОВ мені финалға шақыратынын, 24 желтоқсанда өзімді көрсетуге мүмкіндігім бар екенін айтты. Қазір дайындалып жатырмын.

 

ЖОБАДА ОЙНАМАЙДЫ, ӨМІР СҮРЕДІ 

Реалити-шоу танымалды бола бастады. Бірақ көрермендер біздің экранда көретініміздің бәрі бірдей шындыққа сай келмейтінін, кейбір қатысушылар тек арнайы жасалған имиджді ұстанып, өздеріне берілген рөлді ойнайды деп күмәнданады. Бастапқыда басқа қатысушылармен қарым-қатынасың реттеле қоймаған кезде көрермендер алаңдаушылық білдірген болатын...

– Жоқ, жобада біз ойнаған жоқпыз. Бастапқыда қатысушылардың бәрі көңілді, көпшіл, сенімді болатын, содан кейін бәрі өзгерді ғой. Мұны осының өзінен көруге болады. Жұлдыздар үйінде қатысушылар телефонсыз, теледидарсыз және интернетсіз, үнемі көз алдарында белгілі бір адамдарды ғана көріп өмір сүрді. Бірнеше аптадан кейін қатысушылар біртін-деп ызалана бастады. Әркім әрқалай әрекет етті. Мәреге жақындаған сайын бәсекелестік айқын сезіле бастады. Сөйлесуге де уақыт азая берді.

Ал жобаның басындағы жағдайға келер болсақ, оған менталитет кінәлі. Бізде ол түрлі аймақта сан түрлі боп келеді ғой. Біз, батыстықтар, сол адам туралы пікірді көзіне тура айтуға әдеттенгенбіз. Біреу жақсы айта алмаған болса, біреулерде нөмір жақсы шықпаса, мен оларға көмектесуге тырысып, кемшіліктерін айтатынмын. Шынайы көмектескім келді, бірақ қалған қатысушыларда, әсіресе, оңтүстікте бұлай емес екен. Жігіттер менің қарым-қатынас жасау мәнерімді жақсы қабылдады, ал қыздар жағы ренжіп қалатын. Қазылар алқасы, тіпті маған ескерту де жасады. Сол кезде мен, егер бұл қыздарды ренжітетін болса, оларды енді ренжітпеспін деп шештім. Содан кейін менде проблема болмады, барлық қатысушылармен өте жақсы қарым-қатынаста болдым. Бәлкім, сондықтан да болар, соңғы дауыс беру алдында маған қиын болғаны. Ал жалпы Батыржан өзімнің інімдей болып кетті.

– Демек, сен таза батыстың жігіті болғаның ғой?

– Мен Атырауда туып-өстім. Жасым 23-те. 2005 жылы Алматыға оқуға кеттім, анам менімен бірге көшіп келді. Оқуымды аяқтаған соң оңтүстік астанада жұмыс істедім. Содан соң фирма мені Атырауға жіберді. Анам қазір осында тұрады. Әпкем мектеп кезінде еуропалық білім алам деп ұйғарған болатын. Қазір Германияда тұрады, ол жерде отбасы, балалары бар.

– Яғни отбасыларыңда бәрің де дегеніне жетпей қоймайтын бірбеткей екенсіңдер ғой.

– Біздің туысқандарымыздың бәрі сондай (күлді), қойған мақсаттарына жетпей қоймайды.

– Жобаны қарап жүрсің бе? Кімге жанкүйер боласың?

– Иә, жобаның барлық жаңалықтарынан хабардар боп жүремін. Өзіме жанкүйер боламын. 24 желтоқсанда финалға шығатынымды айтып өттім ғой. Сондықтан маған қолдау көрсетулеріңізді өтінемін. Көрермендердің махаббаты мен қолдауы кез-келген орындаушы үшін өте маңызды. Мен үшін дауыс берген жерлестеріме алғысым шексіз. Әсіресе, атыраулық кішкене Аделинаға көп рахмет. Оның жасы бар болғаны 5-те, бірақ мен үшін жүздеген смс-тер жіберіп: «Сен міндетті түрде жеңесің, мен саған сенемін» деп, ересектер секілді қолдау көрсетті. Мен осы кішкене бүлдіршіннің сенімін ақтағым келеді.

– Жетістікке жету үшін шоу жеңімпазы болу міндетті емес екенін барлығы да жақсы түсінеді. Superstar.kz финалына жете алмай қалған әнші Айқын соның дәлелі. Бастысы, сенің есте қалуың. Саған продюсерлерден ұсыныстар түсті ме?

– Бәрі де адамға байланысты. Егер жұлдызың жанып, үйде отырып танымал продюсердің ұсынысын күтер болсаң, біттім дей бер. Жолыңда кездесетін бүкіл есікті ашу керек. Радиоға, теледидарға, газеттерге барып, өзіңді жаңа қырыңнан байқау керек. Бұл конкурсты күшті трамплин деп есептейтінімді айттым. Ал әрі қарай қатысушы қанатын өзі қомдауы керек, әрине, егер ол өсетін болса (күлді). Продюсерлердің ұсыныстары бар, әлі де түсіп жатыр.

СҰРҒЫЛТ АДАМДАРДАН ЖОҒАРЫ БОЛ

–Бірнеше айдың ішінде өте танымал жігітке айналдың. Сенің жүзіңді үнемі теледидардан – «Жетінші» арнадан және «Еуразиядан» көріп отырамыз. Саған жаңа тәжірибе мен танымалдылықтан басқа, бұл жобалар не берді?

– Конкурс шарықтауыма мүмкіндік берді. Бұл көптеген қазақстандық және шетел жұлдыздары қатысқан өзгеше шоу. Мен, күні кеше ғана ешкім танымайтын қарапайым жігіт «Boney M» тобымен бір сахнада ән шырқадым. Жобада менің көптеген шығармашылық армандарым орындалды деуге болады. Алексей ЧУМАКОВТЫ пір тұтатын едім, енді онымен дуэтте ән айттым. Александр ПАНАЙОТОВТЫҢ керемет вокалына сүйсінетін едім, ол бізге шеберлік класын өткізді. Менде тәжірибелі продюсер болса екен дейтін едім. Енді «Фабрикадан» кейін оның болатынына сенімдімін. Вокал бойынша және шығармашылық тұрғыда конкурстың бастапқы кезіне қарағанда анағұрлым кәсіпқой әншіге айналдым. Бізге ән айтуды, би билеуді, сахнада өзін-өзі ұстауды үйретті. Ал Валерий МЕЛАДЗЕ, Байғали СЕРКЕБАЕВ бізбен араласып, ешкім де бере алмайтын кеңестер берді.

– Бір күні сен туралы жағымсыз нәрселер айтқан біздің сайтымыздағы комментаторлармен керісіп қалғаның есімде. Мұндай пікірлер конкурсқа қатысушыларға қатты кедергі келтірді ме?

– Ешқандай да кедергі келтірмеді. Өйткені бізде интернет болған жоқ қой. Біз оны көрген жоқпыз (күлді). Валерий Меладзе мұндай комментарийлер ғұмыр бойына әртістің

соңынан еріп жүретінін ескерткен болатын. Адам қандай жетістікке жетсе де, қашан да сыртынан жамандайтын адамдар табылады. Оларға мән бермеу керек. Егер олар табысқа жететін болса, олар туралы да қалың жұртшылық солай айтар еді. Мұндай кезде оларды компьютердің ар жағында отырған сұрғылт адам деп елестетіңдер деп кеңес берген болатын ұстаздарымыз.

 

«ФАКТОР X-TREME» НАҒЫЗ ЭКСТРИМ БОЛДЫ

– Мен өзімнің «Фактор X-treme» қатысушыларына қызығатынымды мойындаймын.  Сіз әрине, одан үлкен әсер алған боларсыз?

– Ондай адреналинді күнделікті өмірден ала алмайсың! «Х-Фактордан» Атырауға оралғанымда біраз жұмыстар жиналып қалған екен. Күтпеген жерден «бірінші» арнаның продюсері қоңырау шалды. Мен келгеннен кейінгі бір аптадан соң маған қол қоюға келісім-шартты ұсынды. Ал, онда таулар, рафтинг, парашютпен секіру көрсетілген. Оны көргенде есімнен тана жаздадым, бірақ, қолымды қойдым. Өйткені, маған оның бәрі қызықты. Беймәлім нәрселер мені қашанда қызықтыратын.

Оңай болған жоқ. Біз арқамызға ілген  30 килограмдық арқақаппен тәулігіне 16 сағат жүріп отырдық. Өте жәй жүреміз, өйткені, жылдам және қатты қозғалсақ ауа жетпей қалады, күшіміз болса санаулы секундтарға ғана жетіп жығылады. Жоғарыға көтерілген сайын басымыздың ауруы күшейе берді. Күндіз бізді таудың күні күйдірсе, ал, түнде ауаның жетіспеуінен, суық пен аштықтан көз ілмейтін болдық. Бөтелкедегі сулар қатып қалып, оларды газды оттықтардың көмегімен жібітетінбіз, ал, газ қоры тез бітіп қалатын. Бірде таңертең біздің жанымыздан екі еуропалықтың тіккен күркесін таба алмай қалдық. Түнде оларды қар көшкіні басып қалған. Олар бәрібір табылмады... Өзіммен бірге жүрген Азика МҰСАЕВАМЕН бірге біз бір-екі рет құздан шыға алмай қалған германиялық отбасыға көмектескеніміз бар. Осындай жастары егде тартса да өздерін осы секілді  сынақтан өтуге мәжбүрлейтін адамдарға қарап сүйсінесің.

Таудың шыңына дейін біз Азика екеуміз бірінші болып жеттік. Одан кейін жасылдар командасына көмектесе бастадық. Көк киімділерді күттік. Ақыры артымыздан тікұшақ келіп жетті. Алайда, ол шың басына қона алмады, тым ауыр болды. Ақыры бізге төрт тәулік бойына таудан түсуге тура келді. Мені біздің қыздарымыз Азика, Гүлсина МУСАЕВАЛАР және Дария АҚПАРОВА таң қалдырды. Олар жарады, жігіттерден қалыспастан тау шыңына дейін жетті. Тау шыңына шыққанымның арқасында менің көзқарасым түбегейлі өзгерді. Мен басқа адамға айналғандаймын, оны тіпті, менің туысқандарым да аңғарған. Өмір мен өлім ортасында болып, мен өмірдегі кездесетін қиындықтарға басқаша қарайтын болдым. Олардың бәрінен де қиналмай өте алатындығымды түсіндім.

Келесі екі сынақ барынша жағымды уайым сыйлағанымен қауіпті еді: парашютпен секіру және тау өзенінің бойымен төмен қарай сырғу керек болды. Бірнеше секунд еркін төмен қарай құлауды ештеңемен салыстыруға келмес, сол кездегі адам айтқысыз бойдағы сезімді ешқашан ұмытпаспын. Біздің алдымызда - парашютпен секіріп, белгіленген нүктеге таяу жерге қону міндеті тұрды. Біздің командада көздеген мақсатқа жетуге бәрінен де жақын болған тағы да біз Азика екеуміз болдық. Ол белгіленген нүктеден 15 метрге ғана, ал мен 17 метр ғана асқан болдым. Қалған қатысушылар тіпті, жүз метр қашықтықтарға дейін кетіп қалды.

Маған бәрінен бұрын рафтинг ұнады. Әсіресе, мен жылдамдығы сағатына 70 шақырым болатын ағысы бар Шелек өзенінен 4 шақырымдай төмен құлдилағанымызды ешқашан ұмытпаспын.Тас бөгеттердің арасынан ауа бөшкелердің ұшқан жылдамдығы соншалық, түсіру командасы сәтті кадрларды түсіріп үлгермеді, сондықтан да бізге өзен жағасындағы жіңішке жолмен ауыр қайықты арқалай отырып, қайта-қайта жоғары көтерілуге тура келді.  Бізге он айналым жасау керек болды. Төменге қарай құлдилаған сәтіміздің бірінде біздің Руслан КРИВЕНКОВ суға құлады. Дайын отырған құтқарушылардың өзі қалай болғанын білмей қалды. Азика екеуміздің шошып кеткеніміз соншалықты Русланның артынан бірге түсіп, оны судан шығарып алдық. Барлық сынақтардан соң біздер өзіміздің аман-есен оралуымыздың құрметіне керемет кеш ұйымдастырдық. 

– Спорттық сайыстың қайсысын да  болмасын теке-тірессіз өтпейді. Айталық, жасылдар командасының қатысушылары үнемі өзді-өзі ұрсысып жатады. Сіздер өз командаларыңыздың ішінде тең достық қарым-қатынасты  сақтауға қалай қол жеткіздіңіздер?

-Бәлкім, біздің жолымыз болған шығар?! Жереби тастау барысында командаға жақсылары тап келген болар. Оған қосымша біздің ортақ мақсатымыз болды, ол тау шыңына жету. Нұсқаушылар шыңға ең көп дегенде екі адам ғана жетеді деп мойындаған еді, алайда, шыңға өрлеген жеті адам болды. Ұйымдастырушылар қатысушылардың бірінің қаза болып кетуінен де қорықты. Біз шынында да таудан оралмай қалуымыз да мүмкін еді. Біздің жоба кезінде үш адам көз жұмды, олардың бірі біздің екі таныстырушымыз және парашют бойынша нұсқаушы  еді. Оның парашюты ашылмай қалды. Демек, «Фактор X-treme» шынайы нағыз экстрим болды. Осындай жағдайларда біз балалармен өте жақын дос болып кеттік.

-Әрқайсысы миллионнан алды, ал, қалған тағы да жеті миллион не болды?

– Біздерді жинады да экстримнің жалғасатындығын айтты. Соңғы тапсырма қауіпті болмағанымен, ақылға сыйымсыз еді. Бізге өзіміздің жолымызға Алматыны кезіп ойланбаған жерлерден қандай да бір қызықтарды іздеп, жүргіншілермен тілдесіп, оларға өлең оқып, ән айтып, би билеп ақша табуымыз  керек болды. Бұл ойынның шешуші түйіні ескі бір жертөледегі тірі егеуқұйрықтар салынған қорапта жасырылды. Ал, қажетті жер «Алматы-менің алғашқы махаббатым» фестивалі өтетін Көктөбеде болып шықты. Барлық кедергілерден өтіп, ақыры көздеген жерге жетсек, бұл жерде жасылдар сұхбаттарын беріп үлгерген!

- Сен бірнеше ай бойына қиын да ауыр күндерді бастан кештің, сөйтіп, көпке танылдың. Осының бәрінен кейін жай ғана үйге оралып, одан әрі достарың үшін ғана ән салатыныңа өкініш білдірмейсің бе?

-Иә, продюсерлер де маған темірді қызған кезінде соғуға -ән жазып, клип түсіріп, жарыққа шығарумен белсенді айналысуға кеңес береді. Қазір соған қолайлы жағдай. Оның үстіне менің қазіргі танымалдығым өзіме көмектесуде. Адамдар маған көмек қолын созуға ниет білдіріп жатады. Мен Алматыға кететін болармын. Онда мүмкіндіктер көп, оларда жеңімпаздары сый ретінде танымал шетелдік студияларда ән жазу мүмкіндігіне ие болатын жұлдыздар байқауы жиі болады. Жоба кезінде мен үшін нағыз тәлімгер-ұстаздарым бола білген Ринат ҒАЙСИН және Байғали Серкебаевтармен одан әрі бірлесе жұмыс істеймін деген үмітім бар. Жерлестеріме мен туралы  әлі де еститіндеріне  уәде беремін!  

– Саған сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен Зульфия ИСКАЛИЕВА

8 желтоқсан 2011, 17:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.