Атырау, 11 желтоқсан 23:05
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Жалақымен жылап көрісетіндер көп

5 813 просмотра

Редакцияға кәсіпорындардағы еңбекақының уақытында төленбеуі мен қос бухгалтерияға қатысты оқырмандардан үнемі шағымдар көп түседі. Қос бухгалтерияны табыс және әлеуметтік салықтарды толығымен төлеуден жалтаратын алақол жұмыс берушілер жиі пайдаланады. Жұмысшылардың өз құқықтарын қалай қорғай алатындығы туралы Атырау облыстық адвокаттар алқасының қалалық заң консультациясының адвокаты Гүлсім САБЫРОВА әңгімеледі.

 

– Бірнеше айдан бері жұмыс берушіден еңбекақым бойынша алажағымды ала алмай келемін. Сот арқылы еңбекақымды қалай өндіріп алуыма болады? Ол үшін қандай құжаттар керек? Мұндай өтініштерді қарау тәртібі қандай?

Қуаныш

Егер қызметкерге еңбекақы есептеліп, бірақ төленбеген болса, онда мұндай істер Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу Кодексінің 140-бабының 6-тармағына сәйкес, бұйрықтық өндірісте қаралады. Мұнда сот борышкерден қандай мерзімде жиналған болса да, бүкіл қарызды өндіріп алады. Өйткені жұмысшыны жалға алушы еңбекақыны есептеп, қызметкеріне осы соманы алу құқығын береді. Бірақ қандай да болмасын себептермен оларды төлей алмайды. Жұмысшыға бухгалтериядан жұмыс орны бойынша еңбекақы есептелген, бірақ төленбеген сомасы туралы анықтама алуы, өз мекен-жайы бойынша қалалық немесе аудандық сотқа арыз жазуы, жеке бас куәлігінің, СТН, үй кітабының, еңбек келісім-шартының көшірмелері мен бухгалтериядан аталмыш анықтаманың түпнұсқасын алуы қажет. Сотқа мұндай арыз бергені үшін өтініш берушіден мемлекеттік баж салығы алынбайды. Іс бұйрықтық өндіріс тәртібімен арыз түскен уақыттан бастап үш күн ішінде тараптардың шақырылуынсыз қаралады. Сот бұйрығының көшірмелері тараптарға жолданады. Егер борышкер (бұл жағдайда жұмыс беруші) оларды алғаннан кейін 10 күн ішінде сот бұйрығына жазбаша түрде қарсылық білдірген арыз түссе, сот бұйрығы сот ұйғарымымен жойылуы тиіс. Мұндай жағдайда өндірушінің, яғни, қызметкердің еңбекақысын өндіріп алу жөнінде талап-арыз жазуға толықтай құқығы бар. Талап-арызға алдыңғы арыз бергендегідей құжаттар пакеті жалғанады.

Талап тәртібінде, егер дау болса, мәселен, жауапкер талап-арыз берушінің еңбекақының төленбеуіне қатысты айтылған дәлелдеріне келіспеген, егер жұмыс беруші, өзінің пікірінше, әділ себептерді желеуретіп еңбекақыны есептемеген және төлемеген істер қаралады. Егер талап-арыз берушінің еңбекақының төленбеу фактісін растайтын құжаттары болмаса, талап-арызға сіздің жұмыс істейтініңіз, жұмыстан босатылғаныңыз, еңбекақыңыз туралы растайтын кез-келген құжатты, мәселен, еңбек кітапшасының, жұмыс берушінің жұмысшыны қабылдау, жұмыстан босату немесе тәртіптік жаза тағайындау туралы бұйрықтарының көшірмелерін және т.б. тіркеу керек. Дауды қарау кезінде сот тараптарды, басқа да процеске қатысушыларды тыңдап, істегі материалдарға талдау жасайды. Сот тараптардың өтініш хаттары бойынша куәгерлерді, сарапшыларды шақырып, талап-арыз берушіден немесе жауапкерден істі дұрыс шешу үшін қажетті құжаттарды талап ете алады. Қызметкерге жалақыны үш айдан аспайтын уақытта алып беру туралы сот шешімі ҚР Азаматтық іс жүргізу Кодексінің 237-бабының 2-тармағына сәйкес дереу орындауға жатады. Мұндай істер тараптардың арасындағы бейбіт келісім жасаумен аяқталып жататын жағдайлар кездеседі. Алайда бейбіт келісім шарттарына мұқият қараған жөн. Бұл келісім сол талап-арыз бойынша сотқа қайтадан арыз беру құқығынан айырады. Сот тәжірибесі көрсеткендей, түрлі ұйымдық-құқықтық нысандағы жеке кәсіпорындарда тіпті қызметкерлердің еңбек кепілдігі көбінесе қамтылмайды. Еңбек келісім-шарты жасалмайды, тіпті жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтар да көбінесе жоқ болады. Жұмысшылар еңбек келісім-шарты өрескел бұзылып, жұмыстан босатылады, жәрдемақылар мен пайдаланылмаған еңбек демалысын төлеуді айтпағанның өзінде, еңбекақы төлеу кешіктіріледі.

– Жұмысшыда құжат бойынша төменгі еңбекақы мөлшері болып, ал қалған сома «қаралай қолма-қол ақшамен» төленсе не істейді? Мұндай жұмыс берушілерге қатысты заңда қандай айыппұл санкциялары қарастырылған? Қызметкерлер жұмыс берушіден моралдық зиянды өтеуді талап етуге құқылы ма?

Гузель

Мұндай жағдайларда соттар белгілі бір дәлелдермен расталған, мәселен, еңбек келісім-шартында, еңбекақы мөлшері туралы анықтамада, зейнетақы қорынан алынған көшірмеде жазылған еңбекақыны өндіріп береді. Осыған байланысты қызметкер жұмыс берушіден еңбекақының нақты мөлшері жазылған келісім-шарт жасауды, оның бір данасын уақытында беруді талап етуі қажет. Өйткені жұмыстан босатылған кезде оны жасау қиын болады. Осылайша жұмыс берушілер өз қызметкерінің зейнетақы және салық жарналарын толық төлеуден жалтарады. Бұл еңбек келісім-шартының нормаларын өрескел бұзу боп табылады.

ҚР «Еңбек туралы» Заңының 134-бабының 3-және 4-тармақтарына сәйкес, еңбекақы төлеу және қызметкерімен жасалған еңбек келісім-шартын бұзуға байланысты басқа да төлемдерді төлеу жұмыс берушінің кінәсінен кешіктірілсе, жұмыс беруші қызметкеріне бережақ пен өсім төлейді. Өсім мөлшері еңбекақы төлеу бойынша міндеттемелер орындалатын күндегі ҚР Ұлттық банкінің қайта қаржыландыру мөлшерлемесімен есептеліп, әрбір мерзімі өткен күнтізбелік күн сайын есептеледі. Төлем жасалатын күннің ертеңгі күні басталып, төленген күннен бастап аяқталады. Еңбек келісім-шарты тоқтатылған кезде жұмыс берушіден қызметкерге тиесілі сома ол тоқтатылған күннен кейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей төленеді.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, көбінесе сот қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғайтын соңғы және ең тиімді құрал боп табылады. Өздерінің еңбек құқықтары мен міндеттемелерін қорғау мәселесінде азаматтардың заң жөніндегі сауаттылықтарын арттыру сотқа дейін осы санаттағы талап-арыздар мен даулардың азаюына әкеп соғады. 

Қазіргі кезде еңбекақыны кешеуілдету, өкінішке орай, жиі кездесіп тұрады. Жұмыс берушінің бұған қатысты дәйектері көп шығар, бірақ одан сізге жеңіл болмайды. Банк несиенің өтелуін күтеді, балаңыздың оқуын төлеуіңіз керек, машинаны жөндеу қажет, дүкеннен азық-түліктерді де ешкім тегін бермейді. Жалпы, егер еңбекақыны кешіктіру қолайсыздық туғызса, бұл туралы сотқа мәлімдеп, өзіңіз моралдық зиянды бағалаған сомада өтемақы талап ете аласыз. Алайда сот бұл соманы азайтып, қайта бағалауы мүмкін. Бастысы – заңның сізді қолдайтындығын есте ұстаңыз. Ал әрбір нақты жағдайда не істеу керектігін әркім өзі шешеді.

– Қызметкер жылына неше рет еңбекақыны сақтамай демалыс ала алады және мұндай демалыстардың ұзақтығы қандай болады? Менің бастығым мені ақысыз демалысқа жіберуден бас тартып, тек ақылы еңбек демалысын бере алатынын айтты.

Ләззат

ҚР «Еңбек туралы» Заңының 111-бабының 1- және 2-тармақтарына сәйкес, қызметкерге өтініші негізінде жалақы сақталмайтын демалыс берілуі мүмкін. Демалыстың мұндай түрін алуға негіз Еңбек Кодексінде анықталмаған. Соған орай, олар түрлі болуы мүмкін. Қызметкердің өтінішінде демалыс ұзақтығы және жұмыс беруші шешім қабылдауы үшін демалыс алу себебі көрсетілуі тиіс. Басқаша айтқанда, қызметкерге жалақы сақталмайтын демалыс беру жұмыс берушінің құқығы боп табылады. Қызметкер жылына неше рет осындай демалысқа шығуы мүмкін және оның ұзақтығы қандай болатындығы тек жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы келісім бойынша ғана анықталады. Осы баптың 3-тармағында жұмыс беруші некеге тіркелген, бала туылған, жақын туыстары қайтыс болған, еңбек шартында, ұжымдық шартта көзделген өзге де жағдайлар кезінде қызметкердің жазбаша өтініші негізінде күнтізбелік бес күнге дейін жалақы сақталмайтын демалыс беруге міндетті екендігі жазылған.

Дайындаған Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген В. Истомин

7 желтоқсан 2011, 20:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.