Атырау, 21 желтоқсан 06:58
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

НКОК тыңдауы: біржақты жауап алу

Сурет
3 228 просмотра

«Ренессанс» қонақ үйінде «Қашаған» кенішін тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру (ТӨИ) жобасына толықтырудың қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағалау (ҚОӘАБ) бойынша қоғамдық тыңдау өтті.

«ШРК ШЕГІНЕН АСПАЙДЫ»

Бірден айта кету керек, компания менеджерлері ақпаратпен бөлісуге құлықсыз болды. Олардың экологтармен диалогы жауап алуға көбірек ұқсады. Әзірленген ҚОӘАБ туралы ақтаулық «НИПИ Нефтегаз» АҚ қызметкері Татьяна МИГУНОВА баяндама жасады:

ТӨИ жобасы 2011 жылы бекітілді. Тәжірибелік-өнеркәсіптік жұмыстарды жүргізу мерзімдері бастапқыда үш жылды құрады. Игеру 2012 жылдың желтоқсанында басталуға тиіс еді, бірақ кейін бұл уақыт үш мәрте кейінге шегерілді. Алдымен 2013 жылдың сәуіріне, содан кейін 2013 қыркүйегіне, енді биылғы жылдың желтоқсанына ауыстырылды. ТӨИ жобасына толықтыру тәжірибелік-өнеркәсіптік жұмыстардың мерзімін бес жылға дейін көбейтуді қарастырады. Бұл Қашағандағы мұнай және газ өндіру туралы нақты мәліметтер алу үшін жасалады. ТӨИ кезеңінде құрлықтағы және теңіздегі нысандар шығарындыларының болжамды есебі кенішті штаттық режимде пайдалану кезінде санитарлық-қорғау аймағының (СҚА) шекарасында ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясының аспайтынын көрсетіп отыр.

НКОК компаниясынан нақты жауаптар алуға тырысқан академик Мұфтах ДИАРОВ (суретте) орнынан тұрып, сұрақтар қойды:

Бүкіл ел Қашағанды игеруге үлкен мән беріп отыр. Сіз бізге 2013 жылы құбырда не себепті жарылыс болғанын толық тексеру жұмыстарының нәтижелерін жариялауға уәде бердіңіз. Кім жазаланды, қазақстандық тараптың кінәсі бар ма? Зиян мен жоғалған пайданы кім өтейді?

Сұраққа НКОК басқарушы директоры Бруно ЖАРДЭН (суретте) жауап берді:

Коррозия (тоттану) себеп болды, компания толық тексеру жүргізу үшін қомақты қаржы жұмсады. Коррозия құбырдың шытынауына әкеліп соққан. Құбырдың өзі мұндай бүлінетін жағдайға арналмаған. Мұны соңы осыған әкеліп соқты. НКОК мұндай жағдай болашақта қайталанбас үшін құбырды осы өңірдің жағдайына сай келетін басқасына ауыстыру туралы шешім қабылдады. Біз ішкі қабықшасы бар құбырды пайдаланатын боламыз, бұдан кейін бізде мұндай проблема болмайды.

Академик жауапқа қанағаттанбай, сұрақ қоюды жалғастырды.

Осы кезде компанияның қауіпсіздік техникасы және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі директоры Игорь ЛУКАШОВ (суретте) ТӨИ кезінде атмосфераға тасталатын жалпы шығарындылар туралы мәліметтерді хабарлады.

Алдын ала есептеулерге сәйкес, ТӨИ жобасына толықтыруды жүзеге асыру кезінде ластаушы заттар шығарындылары алау қондырғыларының есебінсіз 36 мың тоннаны құрайды. Кешеннің құрлықтағы бөлігінде алау қондырғыларында шығарындылар 162 мың тоннаны құрайды.

«БҰЛ ЖЕРДЕ ОТЫРҒАНДАР АСПАЗДАР ЕМЕС»

Содан соң «Глобус» экологиялық-құқықтық бастама орталығының төрағасы Галина ЧЕРНОВА сөз алды:

Жоба тәуекелдер мен қауіп-қатерлерді басқару тұрғысында мүлдем әзір емес. Халықаралық стандарттар талап еткендей, сіздер құбырлардың ықтимал жарылыстары, шытынауларын ғана емес, Қашағанда пайдаланылатын бүкіл жабдықтарды да ескеріп толық сипаттауға тиіс едіңіздер.

Жоба ескі, ал тәуекел орасан. Осы тұрғыда мұны міндетті түрде есептеу керек. Бұл процесске жұртшылықты да қосу керек. Бұл жерде мемлекетті басқаруға келген аспаздар емес, осы мәселелерді едәуір жетік білетін адамдар келіп отыр. 2000 жылы «Артур де Литл» компаниясы осы жобаның бастапқы кезеңі үшін ҚОӘАБ жасақтады. Неліктен сіздің жобада апат болған немесе жарылған жағдайда қоршаған ортаның күкіртсутекпен улану қаупі бар екені туралы бірде-бір сөз жоқ? Сол кездің өзінде «Артур де Литл» компаниясы Қашағанда ең алдымен күкірсутекке қатысты проблема орын алатындығын, ол екі қалаға – Атырау мен Ақтауға жайылатындығын ескерткен еді.

Сіздер ТӨИ кезеңін бес жылға дейін көбейтпексіздер. Жоба тиімсіз, оның қарызы көбейіп кетті. Қазір ел парламентінің депутаттары оны тоқтату туралы мәселені қойып отыр, өйткені ол елімізге едәуір айыппұлдар, тұрақсыздықтар және қарыздар қаупін төндіріп тұр. ТШО-да бүгінде жылына 55 мың тонна көлемінде шығарындылар лимиті бар. Ал іс жүзінде 85 мың тонна шығарынды тастайды. Өйткені оларға газ тұтатын жабдық сатып алғаннан гөрі, айыппұлдар төлеген тиімдірек. Сіздер жоба бойынша жылына 36 мың тонна, ал алау шаруашылығын есептегенде 166 мың тонна шығарынды тастамақсыздар. Елімізде бүгінгі күні шығарындыларға мұндай лимит жоқ, өйткені Қазақстан көшетхана газының шығарындыларын шектеу туралы Киото хаттамасына қол қойып, биыл Париж келісіміне қол қойды. Сондықтан жоба қорғауға дайын емес деп есептеймін. Жұртшылық оны қолдай алмайды.

Лукашов бұған қатысты құбырдың жарылу мүмкіндігі ҚОӘАБ кезеңінде ескерілгенін айтты. 2013 жылы компания күкіртсутек жылыстаған жағдайда ахуалды модельдеу жөніндегі таныстырылымды өткізген. Жоба материалдарында экологиялық қауіпті бағалау туралы тарау бар. Материал көлемі өте үлкен болғандықтан, оны оқып шықпапты.

Жайық-Каспий Орхусс орталығының жетекшісі Шынар ІЗТІЛЕУОВА ТӨИ-ге толықтыру бойынша ҚОӘАБ бекітілу үшін әлі мемлекеттік сараптамадан өтуі тиіс екенін мәлімдеді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор

22 наурыз 2016, 14:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.