Атырау, 31 қазан 12:53
 бұлттыВ Атырау +10
$ 488.45
€ 529.19
₽ 5.04

Мұнай құбырындағы апат жанбайлықтарды ауыз сусыз қалдырды (жаңартылды +СУРЕТ)

10 805 просмотра

30 қарашада Атырау облысының Исатай ауданында «Потенциал ойл» компаниясына тиесілі мұнай құбырында апат орын алды.

Бұл мұнай құбыры «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-на («Ембімұнайгаз» ӨФ) тиесілі Жаңаталап кенішінің маңында орналасқан. «Потенциал ойл» қызметкерлері тоқтатқанша бірнеше сағат бойына аққан мұнай құбыр жүріп өтетін ауыз су каналына төгілген.  Жергілікті халық ең алдымен суды тазартуды талап етіп отыр. Олардың айтуынша соның кесірінен малдар қырыла бастаған.

Біз оқиға орнына жеткен кезде мұнайдың 2 километрдей аумаққа жайылғанын көрдік.

- Бұл жағдайдың орын алғанына үшінші күн болды. Ал «Потенциал ойл» бізді мазақ етіп отырған сыңайлы: олар мұнайды төрт қызметкеріне шүберекпен жинатып қойыпты! – дейді село тұрғыны Нұрғиса МҰХАМЕДЖАНОВ.

Мен бастапқыда сенімсіздеу тыңдағаныммен кейін шынымен де мұнайды тазалап жүрген бірнеше адамды көзіммен көрдім. Олар шелекке мұнайды шүберекпен жинап, оны металл бөшкеге құйып жатыр екен.

- Біз қолымыздан келгенді жасап жатырмыз. Кешікпей басшылық та келеді, - деді учаске батығы Сапарғали ӘБІЛОВ.

Каналды тазартудың мұндай тәсілі ызалы жанбайлықтардың көңілдерінен шықпады. Олар «жұмысты» тоқтатып, компания басшылары мен әкімдерді шақыруды талап етті. Каналдың жанынан қарғаларға жем болған сиырлардың өлімтігін көрдік. Ал бір сиырды жанбайлықтар біздің көзімізше каналдан шығарып алды.

- Міне, біз осы суды ішіп отырмыз. Оны 100 градусқа дейін қайнатып ішеміз ғой деп өзімізге басу айтып қоямыз. Кейбір тұрғындар ғана Аққыстаудан айына екі рет бір цистернасы 4 мың теңге тұратын суды сатып ішіп отыр, - дейді тұрғындар.

АУДАНДЫҚ ӘКІМ МЕКСИКАЛЫҚ СИНДРОМҒА ШАЛДЫҚҚАН БА?

Кешікпей оқиға орнына «Потенциал ойл» компаниясының бас директоры Мұрат ШУВАЛИЕВ пен бас инженер Амантай ӘЛІБАЕВ, ауыл әкімі Әліби ХАЙДАРОВ та жетті.

- Апат себебі – тұрбаларды жалғаған жердің герметизациясы жойылған. Шамасы, қолайсыз ауа-райының салдарынан орын алған болуы керек, - деп түсіндірді А.Әлібаев. – Ластану деңгейін беткі жағында орналасқан тұрба көлемі арқылы есептеп шығарамыз. Геометриялық есептеулер бізге аққан мұнайдың болжамды көлемін атауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл 360 литр. Кеше бұл жерге мұнай төгіндісінен су қоймаларын тазартатын техникасы бар «Меко Казахстан» фирмасының өкілі келді. Бірақ, өкінішке орай, олардың бүкіл техникасы Баутинада. Ол техникалардың таяу уақытта бұл жерге жеткізілуі неғайбыл.

«Потенциал Ойл» ЖШС бас инженерінің айтуынша, тағы бір компания – «Зона Трейдинг» ЖШС сынама алып, оны Малайзиядағы өзінің бас кеңсесіне жіберіпті.

- Олар мұнайды тез ажырататын арнайы биологиялық реагенттер арқылы зарарсыздандыратын болады, - деді Әлібаев.

Жанбайлықтарды зарарсыздандырылғаннан кейін каналдағы суды пайдалануға болатындығы мазасыздандырған еді.

- Анализ қорытындысын алғанша ештеңе айта алмаймын. Жалпы жарылған тұрба мен төгілген мұнай біз үшін проблемаға айналды. Егер сіздерге ауыз су қажет болса, айтыңыздар, сіздердің резервуарларыңызға құюға дайынбыз, - деп тұрғындарды тыныштандыруға тырысты бас инженер.

Ал бас директор Мұрат Шувалиев каналдағы суды техникалық су деп бағалап, оны мүлдем ішуге болмайды деді.

- Не айтып тұрсыз?! – деп шорт кетті Жанбай селосының тұрғыны Назар ХАМДУЛЛИН. – Мен өзім осы ауылда туып-өстім. Осы каналдағы суды 42 жылдан бері ішіп келемін. Бәлкім, бұл суды сіз ішпейтін шығарсыз. Енді біздің, жанбайлақтардың жағдайы не болмақ? Келтірілген зиян үшін өтемақы төлейсіз бе?Жанбай халқы «Потенциал ойлдан»  зиянан басқа пайда көріп отырған жоқ. Біздің селомыздағылардың бәрі дерлік жұмыссыздар, ең болмағанда біреуін жұмысқа алып көрдіңіз бе?

«Потенциал Ойл» басшысының бұл сұраққа берер жауабы болмады.

Жанбай селосының әкімі Әліби ХАЙДАРОВ село тұрғындарына 6 желтоқсанда Қиғаш өзенінің суы келетін жаңа су құбырын қосуға уәде берді.

- Бізде әлі он күнге жететін су қоры бар. Бізге апат туралы ақпарат түскен бойда, село жаққа тартылған шлюзді жауып тастадық, - деді әкім.

Исатай ауданының әкімі Бақберген ҚАРАБАЕВТЫ ақыры  оқиға орнынан көре алмадық. Менің қоңырауыма ол түсініксіз жауап берді. «Мексикада да ештеңе істей алмаған. Сондықтан ештеңе де шықпайды. Адамдар неменеге абыржиды, жағдай бақылауға алынған», - деп тұтқаны лақтыра салды.

ЖҰМЫССЫЗ СЕЛО

«Потенциал ойл» ЖШС бұл жерде 2001 жылдан бері жұмыс жасап келеді. 2006 жылдан бастап мұнай өндіре бастаған. Бүлінген тұрба жақында ғана, биылғы жылдың қаңтарында пайдалануға берілген.

- Қазіргі каналдың үстінен мұнай құбырын жүргізбес бұрын жұртшылық тыңдауын өткіздіңіздер ме?

- Біздің кенішіміз оншалықты үлкен емес, жобамыз да шағын, - дейді А. Әлібаев. – Сондықтан жұртшылық тыңдауын өткізуге қажеттілік болған жоқ. Ал бізде барлық қажетті рұқсат құжаттар бар.

Жанбай селосы облыс орталығынан 100 шақырым жерде. Оның тұрғындарының басым көпшілігі жұмыссыз. Ал жақын маңдағы «Жаңа талап», «Мартыши», «Забурын», «Сазанқұрақ» секілді кеніштерді игерумен айналысып жатқан мұнай өндіруші компаниялар оларды жұмысқа алуға құлық танытпай отыр.

- Егер халықты жұмыспен қамту бөлімі квота бөлсе, олар жұмысқа алынады. Бірақ, өкінішке орай, мен әкім болған бес жылдың ішінде бірде-бір мұнай компаниясы жергілікті тұрғындарды жұмысқа алуға ниет білдірген емес, - дейді село әкімі Ә.Хайдаров.

ОЛАРДЫҢ ОЙЫНША АЛАҢДАУҒА СЕБЕП ЖОҚ

Атырау облыстық  табиғи ресурстар мен табиеғат қорғаушылар жұмысын реттеу жөніндегі  басқарма бастығы Ербол ҚУАНОВ  Жанбайдағы ахуал жайлы түсінік беруден ат-тонын ала қошты.

- Біздің басқарамының  бақылау инспекциялық құзыры жоқ.  Біз тек  жер қойнауын пайдалану туралы келісім-шарттарға бақылау жасаймыз. Алаңдайтында «Потенциал ойл» аса ірі табиғат пайдаланушы емес,-деп мәселені Жайық-Каспий экологиялық департаментіне сілтеді.

Жайық-Каспий экологиялық  департаментінің  бас мемлекеттік  экологиялық инспекциясы  міндетін атқарушы  Қабижан ҚАПАНОВТЫҢайтуынша  олар мұндай жағдаймен алғаш рет кездесіп отыр.

- Біз әрине оларға айыппұл саламыз. Су бетіндегі төгілген мұнайды тез арада анықтау қиын. Оған есептеулер жүріп жатыр. Әзірге 4 м куб топыраққа  мұнай  төгілгенін анықтадық. Судан алынған сынама қортындысы  шыққанша  суға төгілген мұнайды да анықтайтын боламыз. Тек содан соң ғана «Потенциал Ойл» компаниясына  қандай  шара  қолданалатыны айта аламыз

Оның айтуынша «Потенциал ойл» қолданбақшы болған  биологиялық препарат Атырау экологиясына жарамай қалған.

-Компания үміт артқан биоперапарат  белгілі темпаратурада ғана әрекет ететін болып шықты. Енді каналды тек қолмен тазалаудан басқа амал жоқ,-дейді бас экоинспектор.

Атырау облысы бойынша Төтенше жағдайлар жөніндегі баспасөз хатшысы Самал ӘБДІРОВАЖанбайдағы экоапатты  деңгейі жағынан  төтенше жағдай болып саналмайтынын айтады.

- Егер 1 тоннадан астам мұнай төгілсе ғана төтенше жағдай болып саналады,-деді ол.

Жанбайдағы төгілген мұнай  мемлекеттік  табиғат қорғаушылардың  мұндай жағдайларда әлсіздігін көрсетті. Дайындық керек. Өйткені біздің  экологиямызды  аса қиын жағдай күтіп тұр.

Сәния ТОЙКЕН

Суретті түсірген В. Истомин

2 желтоқсан 2011, 19:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.