Атырау, 22 қараша 13:31
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

​Қомағайлық - жеті күнәнің бірі

9 582 просмотра

Image 2Жақында редакциямызға ерекше бір оқырман келді. Жылпық сары адамның езуі жиылмай, әзіл айтып, өзіне-өзі риза болған адамдай нұрланып тұрды. Кейін белгілі болғандай, мұның өз себебі бар екен: ол бір жыл ішінде өз бетімен 42 келі салмақ тастапты!

Ол өз тәжірибесін оқырмандар-мен бөлісуді ұсынды. Бір қызығы, мені осы толық адамдар қалай арықтайды деген тақырып екі жылдан бері мазалап жүр еді. Мәселен, мен 7 жылдан бері бала туғаннан кейін естелік болып қалған артық төрт келімен қоштаса алмай жүрмін. Ондаған келі салмақты тастаған адамдар бар ғой. Осындай ерік-жігері мықты адамдар қашан да маған шабыт беретін. Осы тақырып екі жылдан бері ойымда жүргенімен, жазудың сәті болмап еді. Міне, енді, бұл тақырып маған өмірге риза Дмитрийдің бейнесінде (кешірерсіздер, тегін білмейді екенмін) өзі келе қалды. Біз осындай тағы бірнеше адамды тауып, әркім өздерінің жетістікке жету жолдары туралы айтады деп келістік. Дмитрий өз телефон нөмірін тастап, келесі кездескенше қалыпты салмаққа жету үшін тағы да бірнеше келі лақтыруға сөз беріп кетті. Мен қалай жүдегендері туралы айтуға дайын екі ер адамды таптым. Осындай тәжірибелері бар екі әйел түрлі себептермен ойларын бөлісуден бас тартты. Бұл уақытта Дмитрий телефон нөмірін немесе мекенжайын өзгертіп үлгерді ме, оған хабарласа алмадым. Сондықтан да ол бұл мақаланың ішінде жоқ. Алайда біз танысқан күні біраз әңгімелесіп үлгерген едік, қысқаша нұсқасын айтып берейін: әкесін бұл ерлікке қызы итермелеген екен. Ол мектеп бітіргелі жатқан және оқу жылының басында әкесіне назын айтқан еді: «менің мектеп бітіру кешіме әкемнің жіптіктей жас жігіт болып келгенін қалаймын». Нағыз әкеге қызының тілегі заңға пара-пар. Әкесі айтты, әкесі жасады. Дмитрий фитнесс орталығына барып, жылға жетпейтін уақытта 42 келі тастады.

Айта кетсек, біз басты құпияға жақындадық. Жетістіктің тең жартысы – мақсат қою. Бәстесу, уәде беру, ғашық болу, жүрегі жаралану, қарсы жыныстағы жандарға немесе әлемге билігін жүргізу және тағы басқа, ең бастысы – мықты, өткір, жанды күйдіретін болуы керек.

МАКС: «КАЛОРИЯЛАРДЫ САНАҒАН ЖОҚПЫН, БӘРІН ІШКІ ТҮЙСІКПЕН ЖАСАДЫМ»

Image 4Дейін. - Иә, дәл солай, - деп басын шұлғыды өз бетімен 40 келі тастаған Мақсот ҚҰРМАНБАЕВ.

- Сіз ұзақ жылдар бойы ақкөңіл толық адам болдыңыз, бұған қамыққан да жоқсыз. Кенеттен неге өмір салтыңызды өзгертуді шештіңіз?

- Әкемнің – газеттеріңіз талай рет жазған Бақтығали Құрманбаевтың - өмір салты көз алдымда өтті. Ол өмірінің соңына дейін жазда да, қыста да шолақ шалбармен жүгіретін. Бір күлкілі оқиға есімде. Желтоқсан айының кеші, жапалақтап қар жауып тұр, 22-дегі жас жігітпін. Жігіттермен сыртта темекі тартып, әңгімелесіп тұрмыз. Үстімде тон, құлақшын, мойынорағышпен – ешбір аяз алмайтындай қымтанғанмын. Жанымыздан әкем жүгіріп өтті, жартылай жалаңаш. Үстінде тек шолақ шалбар, телпек, қолғап пен спорттық аяқ киім. Шам жарығынан үстіне түскен қардың еріп жатқаны көрінеді, буланып жатыр. Ол жүгіріп бара жатып, «Балам, үйге бар, тоңып қаласың», - деді еш әзілсіз.

Міне, әкем өмір бойы үздіксіз жүгірді. 60 жасында қырықтағы жігіттей еді. Мен әкемнің өмір салтына бірден қызыққан жоқпын ғой!

Рас айтасыз, ең бастысы – мотивация. Сенесіздер ме, бір сәт өзіме әйелдер ықыласының төмен екендігін байқадым, - деп күлді Макс. – Шынымды айтсам, бұл өзіме басқа қырынан қарауға көмектесті. 40-қа толғанда өзімнің ең жоғарғы салмағым – 120 келіге жеттім. Сол кезде жәй жүре бастадым, баспамен жүгіре алмадым, таңертең ұйқыдан қиын тұрдым, 10 минут дегенде өзіме өзім әрең келдім, сүйектерім ауыра бастады... спорттық аяқ киім сатып алып, бір жыл бойы киген жоқпын. Спортпен шұғылдануды бастай алмадым, сол кезде адамдар жүгіріп жүргендерге күлетін еді. Кейін жүгіруді бастадым. Стройконторадан ДСК-ге дейін үш шақырымды 10 рет тоқтап жүгірдім. Әр 100-150 метр сайын демалу үшін тоқтайтынмын. Сол кездегі ең қиыны адамдардың сұқ көзіне мән бермеуді үйрену еді.

- Жақтырмай қарайтын ба еді?

- Иә. 2003 жылы велосипедке отырдым. Сол кез әлі есімде, жағалауда жалғыз болатынмын. Жас балалармен бірге жүретінмін, қатарларыма бұл таңсық еді. Бірде бір бұзақылар алда келе жатқан балаларды тоқтатты, қастарына жақындап, жуан дауыспен «Не болды?» деп сұрадым. Олар бір-біріне: «мен саған айттым ғой, ағай, ағай деп!» - деді де, қаша жөнелді. Айтпақшы, шетелдіктер біздің жағалауымызды толық пайдаланып отыр, олардан ақша алу керек, - деп күледі Макс.

- Диета ұстадыңыз ба?

Image 0Кейін. - Ешқандай арнайы диета ұстамадым. 10 жылдан бері спирттік ішімдіктер ішпеймін, тәттіні бұрыннан да ұнатпаймын, кофе ішпеймін. Шәй ішемін – онсыз жүре алмаймын. Етті жақсы көремін. Жүгіруді бастағанда тамақтануды азайттым, алтыдан кейін тамақ ішкен жоқпын, кешке шикі көкөністер салаты мен жеміс-жидектер жедім.

- Дегенмен, кешке жеміс-жидектер жеуге болмайды, көмірсулар ғой...

- Солай ма? Мен жеуге болады деп есептеймін. Калорияларды есептемеймін, қанша болатынын да білмеймін. Ештеңені, ешқандай әдістемелерді басшылыққа алған жоқпын. Бәрін ішкі түйсікпен жасадым – арықтауды қатты қаладым. Алайда спортсыз арықтау мүмкін емес. Бұл өзіңді уақытша алдау ғана. Дәрі-дәрмек, гербалайф, диета – мұның барлығы уақытша. Тек спорт қана көмектеседі. Алайда менің сол кезде бір қателігім болды: өзімді тамақтан шектеп, ағзама керек нәрселерді ала алмадым және түнде аяқтарым қалтырап, минералдар мен дәрумендердің жетіспеушілігі байқалды. Айына 4 келіден артық жүдеуге болмайды. Тек терің ғана салбырап кетпейді, ішкі органдардың май қабаты да кетуі мүмкін, ал, бұл олардың төмен түсуіне, ағзаға кері әсер етуіне әкеліп соғады. Яғни, спорт бұл жағдайда ішкі органдардың түсіп кетуіне жол бермей, тонуста ұстайды. Сондықтан да ауыр салмақты адамдардың омыртқасы ауырады, семіп қалған бұлшық еттері ұстамайды, омыртқа дискілері ығысып кетеді, осыдан келіп артроздар, остеохондроздар пайда болып, жүйке тамырлары қысылып қалады және т.б.

Бір жылдан кейін мен бұл проблеманы ұмыттым – арқам мен белімнің қақсап ауырғаны басылды, көкірек қуысы ашылып, тыныс алуым жеңілдеді. Таңертең ұйқым шайдай ашылып оянатын болдым. Терең, бірақ сергек ұйықтайтын болдым. Үш жылда – 20, 10, 10 келіден тастадым. 80 келі салмаққа дейін жеттім. Бірақ менің басты сыншым – анам: «балам, тоқта» деді. Өзім де тым әрі кетіп бара жатқанымды түсіндім. Содан соң көңілім жайланды. Масайрау шегіне жеткен кезде бұрынғы кейпіме оралдым. Содан соң құбылмалы жетістікпен қайтадан күресу басталды. Біресе салмақ жинап, біресе тастадым, +/- 10-15 келідей өзгеріс болды. Менің жасым мен 176 см бойымды есептегенде, салмақ 88-92 келі болу керек, қазір осыны ұстанып келемін.

Кейде босаңсып кетемін, әсіресе, қыста кешкісін тамақтан бас тарту қиындау – ботқа, тұшпара жей аламын. Бірақ бәрібір қонақтыққа бармаймын. Біздің менталитетіміз ұстанатын - сағат 10-нан кейін бешбармақ жеу, спирттік ішімдіктер ішіліп, ментолы бар шылым шегілетін ұйқысыз отырыстар – салауатты өмір салтының басты жауы. Салауатты өмір салтына түбегейлі бет бұрғаннан кейін араласатын достарың күрт азаяды. Адамдарға бешбармақ жемейтін, арақ ішпейтін адамдармен араласқан қызық емес. Дөрекілеу айтқанда, мен сияқтылар іш пыстырады.

- Еңбекпен арықтаған жаннан қандай кеңестер, ұсыныстар болар екен?

- Мен кеңес бермеймін, өйткені, бәрін өзімше жасадым, мүмкін дұрыс емес те шығар, бірақ бұл маған көмектесті. Менің рецептім мынадай болды: алдымен жүгірдім, содан соң спорттық жүріспен айналыстым. Арасында велосипед тептім, үйде күніне 30-35 мәрте кеудемді жерден көтеріп жаттықтым. Кейде 15 мәртеден 10 рет жаттығатынмын. 2015 жылы жүзе бастадым. Қыста сырғанай алмайсың, жүгіре алмайсың. Қазір аптасына бес рет бір сағаттан жүземін. Мұны біртіндеп көбейтпекпін. Іс жүзінде өмір салтын түбегейлі өзгертуге мақсат қою керек. Бұл күн сайын өз ағзаңмен, әдеттеріңмен, қанағатсыздықпен күресу. Соңғы кеңесім: біз бәріміз қомағайлықтың жеті ауыр күнәлардың бірі екенін естен шығардық. Неліктен кешкісін тамақ жейміз? Аузымызды қисаңдатып, шайнауға әдеттеніп кеткенбіз. Егер арықтаушы адамның қолына калориясы аз пайдалы тағамды ұстатса, ол соны жейтін болады. Сөйтіп, жаңа, пайдалы әдет қалыптасады!

ДАМИР: «СИҚЫРДАЙ БОЛҒАНЫН ҚАЛАДЫМ, БІРАҚ ОЛАЙ БОЛМАЙДЫ»

Image 1Дейін. Дамир ОРАЗҒАЛИЕВ 39 жаста, өткен жылы төрт ай ішінде екі жыл бойы жиналған 13 келі салмақтан арылыпты.

- Мен деревняданмын, Астрахан облысында Енотаевка деген село бар, сол жерде семіздер аз. Қарапайым деревняның өмірі толықсуға мүмкіндік бермейді. Содан кейін Атырау қаласына көшіп келдім. Отырып істейтін кеңсе жұмысынан, бақылаусыз және пайдасыз тағамнан салмақ жинай бастадым. 92 келі едім, 105 келі жамадым. Бәрі қалыпты секілді, кешкісін тамақ ішесің, жатасың, ұйықтайсың. Кейде айнаға қарап, мен кімге ұқсап кеткенмін деп ойлайсың... Содан соң жас ерекшелігіне байланысты шығар, проблемалар басталды. Гипертония болдым, қан қысымым 150-180-ге дейін көтеріліп кететін. Осыған байланысты жылына екі рет емханаға жатып шығамын, бас ауыруы, ойық жара алдындағы жағдай... Өзім ішімдік ішпейтін едім, кейбіреулер құсап стрессті осы үйреншікті әдіспен жоюды білмеймін, есесіне, тамақ жей беремін. Содан кейін адам төзгісіз күйге түстім, тез шаршап, қалжырап қалатын болдым, сыртқы түрім де келіспеді. Мамандығыма мұның бәрі кері әсер етті (Дамир - шоумен – З.Б. ескертпесі).

- Жалпы, тәбетіңе нүкте қоятын кез келген екен ғой.

- Иә, бітті деп ұйғардым. Бәрі сиқыр сияқты болса дедім - әлдебір годжи жидектері, биологиялық белсенді қоспалар, турбослимдер, телешоптардағы ғажайып тренажерлар... Эндокринолог дәрігер диета мен спорттық жүктемені қатар алып жүруге болмайтынын ескертті. Басқа не істеймін, фитнес-залға бардым. Бапкер Роман Иващенко менің арықтауыма үлкен септігін тигізді. Ол көп еңбектеніп, жаттықтырушының талаптарын орындау керектігін баппен түсіндірді. Алдымен менің өлшемімді алып, содан соң грамм бойынша диета жазып берді. Оған қоса бапкерді қуантуды әдетке айналдыру керектігін ескертті. Бапкер риза болса болғаны, - деп күлді Дамир. – Ол мені көмірсусыз диетаға отырғызды. Оған деген алғысым зор.

- Яғни, тәттілерсіз, жеміс пен ұннан пісірілген тамақтарсыз диета ма?

- Солай деуге болады. Тамақтану жүйесі мынадай: буға пісірілген омлет, жұмыртқаның сарысын алып тастаған жөн. Бірақ мен солай бірге жедім. Қайнатылған тауықтың төс еті, балық, майсыз ет, грильді немесе шикі көкөніс, қарақұмық, кофенің орнына – цикорий, бірақ бұл оңай; сондай-ақ, тұз бен қантты қолданбаған жөн. Сүзбе мен майлылығы аз айранды ішуге болады, жемістерден – көк алма, кивиді жеуге болады. Асүй таразысын сатып алдым. Бәрін өлшеп, осы мәзірді ұстандым. Бастапқыда көмірсудан ашығу әлсіретіп жібереді екен, бірақ одан ешкім өліп көрген жоқ. Аз порциялармен жиі тамақ ішу керек, мүмкін болса, әрбір үш сағат сайын. Бастысы – 21 күн шыдау қажет. Бұл - әдет қалыптасатын уақыт. Содан кейін жеңіл болады. Диетаны бұзып алып, еңбегің зая кетпес үшін арасында аздап күріш, макарон, тіпті, аз-мұз торт жеуге болады. Бастысы – қомағайланбау керек. Мұндай жағдайда бапкерім: «сен бір кесегін же, бастысы дәмін сезіну, ол одан әрі тәтті болып кетпейді, сен соны түсін» деді. Сондықтан қонақтықтарға барғанда ешкімді ренжітпес үшін аз-мұз ауыз тием. Айтпақшы, грейпфруттар аштық сезімін азайтады. Бұрын кешкісін шекілдеуік шағатын әдетім қалып қойған еді, сондықтан кешкісін кепкен жемістерді – кептірілген алма мен алмұрт жеймін.

Маған бапкерім қомағайлану күнін белгіледі. Ол: «Сен алғашқы 10 келіден арылған кезде – құйрық май жесең де болады» деген еді. «Дамир, алға!» деген сол күн де жетті. Бір қызығы, мен бірден бас қоймадым. Жексенбіні күттім. Өзіме бланманже немесе жұмыртқа-пашотты консоме әзірлеймін деп ойладым... Бірақ бәрі басқаша болды: мен «Дина» базарына барып, тандыр-самса жеп қайттым. Ол маған керемет дәмді болып көрінді. Содан соң ролтон сатып алып, ыстық сумен қайнатып, рахаттанып сіміріп алдым. Содалы коржикпен шай іштім. Сол күнім осылай аяқталды. Менің жақсы мейрамханаларға баруға мүмкіндігім бар, алайда, неліктен екенін білмеймін, осындай қарапайымдылықты қаладым, - дейді Дамир.

- Ал көмірсуы аз, ақуызы көп диета қымбатқа түспей ме?

Image 3Кейін. - Қымбат диета деген аңыз ғана. Менің пікірімше, оған пайдалылығы төмен тағамға жұмсалған бюджетпен бірдей қаржы кетті. Әрине, аптасына үш рет 1,5 сағаттан залда жаттықтым. Кардио және күш жаттығуларын кезектестірдім. Содан кейін жаттығу жеңілдей бастады, жүктемені көбейтіп, күн сайын дерлік жаттығуға бардым. Бір-бір жарым айдан кейін алғашқы нәтижелерді көрген соң, оны жоғалту қорқынышты болатын. 10 күннен кейін, айтпақшы басымның ауырғаны басылып, қан қысымым реттелді. Төрт айда 16 келі тастадым. Киім-кешегімді 2-3 өлшемге ауыстырдым. 56 едім, 50-52 өлшем болдым. Сөреде ұзақ уақыттар бойына жатқан киімдерім сыятын болды. Жұмыс жасау жеңілдеді, аз шаршайтын болдым. Содан кейін босаңсып, залды тастап кеттім. Бірақ тамақтану диетасын сақтадым. Алайда, жаттығусыз әсері болмайды екен. Дегенмен, жаттыққан соң диетаны да сақтау керек.

- Неге тастадыңыз?

- Жұмысымды ауыстырдым, уақытым да болмады. Сөйтіп салмақ жинай бастадым. Қазір тағы 95 келі болдым. Бірақ бұрынғыдай тамақ ішпеймін. Картопты аз жейтін болдым, сүйікті асым еді. Газды сусынды доғардым, кейде кола ішетінім бар. Қалай болғанда да қазір салат пен орташа қуырылған стейкті, грильдегі көкөністі жегенді жөн көремін...

- Қазіргі салмағыңызға көңіліңіз тола ма?

- Жоқ. Қазір уақыт таптым, спортзалға барып жүрмін. Қайтадан диета ұстай бастадым. Қазір нәтиже болатынына сенімдімін - өз-өзіме жақсы баға беретін болдым, жалпы, әлдебір мақсатқа жету оңайырақ болды. Әлдебір психологиялық әсер іске қосылды. Айналадағы адамдардың да реакциясы жағымды екенін жасырмаймын. Алғашқыдағыға қарағанда тез арықтап жатқанымды білемін. Жалпы бұл сенім мәселесі, өйткені, қомағайлық – күнә (мен мұны бүгін әлдебір жерден естідім!). Өзіңді жақсы көруің керек, бірақ аяуға болмайды.

- Саулық пен сымбаттылыққа жету үшін не керек?

- Ой, залға бармаймын, маған бәрі қарайтын болады, қорқамын деген секілді өзіңе деген сенімсіздіктен арылу керек... Сізге ешкім қарамайды, әркім өз-өзімен болады. Еш нәрсе де ғайыптан тайып өзінен өзі бола қалмайды, мақсатыңа жету үшін тер төгіп еңбектену ғана қажет.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА


3 наурыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.