Бір қарағанда, романтикаға толы көрінгенімен, қарашаның ызғарлы күнінде өңменіңнен өткен желмен жағаласа сыртта анықтама күтіп тұрғанымызда мұның құлаққа жағымды естілуі екіталай. Қалалық ішкі істер бөлімінің қақпасының алдында қала тұрғындарына осындай қызмет көрсетілді.
Алғашында адамдардың мекен-жай анықтамасы үшін көшеде кезекке тұруға мәжбүр болғандығы туралы ақпаратты әсірелеп айтылған нәрсе деп ойлаған едім. Дегенмен, тексеріп көрмек болдым, кеңсеміз одан қашық емес еді. Шынымен де ғимаратқа кіріп, комментарий алу үшін автоматпен қаруланған полицейлер күзетіп тұрған торлы есіктің алдында 40 минуттай күттім. Ал кезекте бар болғаны бес адам тұрған едік.
Алайда күту мұнымен шектелмеді. Ғимараттың өзінен бізді тағы да ішінен бекітілген кереге көз есік күтіп тұрды. Есік алдында ызаланған адамдар топталып тұр. Есікке түсі суық келген қыз бала жақындап, еш тілге келместен, үш адамнан өткізіп тұрды. Көп уақытымды жоғалтқан мен ақыр аяғына дейін күтуге бекіндім. Мұның бәрі бір жарым сағат уақыт алды, бұл әрине көп. Алайда халыққа қызмет көрсету орталығынан оны алуға кететін үш күнмен салыстырғанда (мұны кезекте тұрғандардан білдім) түк те емес.
Соңғы кезде мекен-жай бюросына адамдардың көптеп келуін оның басшысы Майра КЕНЖЕҒАЛИЕВА кейін түсіндірді.
– Келушілеріміздің басым бөлігі бюджет қызметкерлері. Олардың айтуларынша, қалалық әкімдік бүкіл анықтамаларды шұғыл арада тапсыруға тапсырма берген екен. Шамасы, баспанаға мұқтаждар туралы дерекқорды жаңартып жатқан секілді. Сондықтан, білім беру және медицина саласының қызметкерлері толып кетті. Әдетте, бізде ондай кісі көп болмайтын. Осыған байланысты бізде ығы-жығы, айқай-шу көбейіп, қызметкерлерге алаңсыз жұмыс істеу қиынға соғып жатыр. Кезекті реттеу үшін бірнеше адамнан ғана жіберіп отыруға, ал негізгі кезекті баспалдақ алаңында ұстауға мәжбүр болдық. Бірақ бұл уақытша шара. Бюджет қызметкерлерінің легі көбейген кезде қайтадан сыртқы есікті ашатын боламыз.
Ал бізге ҚІІБ бастығы Серік ЕРБӨЛЕКОВ ҚІІБ ауласына кіретін кірер ауыз туралы былай деді:
– Сол күні бізде басталып жатқан «Мигрант» деп аталатын операция жөнінде кеңес өтті. Біз келушілердің легін уақытша шектеген едік. Кезекке тұрушыларды сыртта күттіріп қою туралы ешқандай ресми бұйрық болған жоқ. Келесі күні келушілер ішке еркін кірді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген В. Истомин