14 ақпанда М. Өтемісұлы атындағы драма театрда «Ақ Ерке-Жайық» этно-фольклорлық ансамблінің шығармашылық кеші өтті.
АДЫРНА ЖӘНЕ ТАҒЫ БАСҚАЛАР
Керемет қойылым болды. Көненің сиқырлы әуендері мен дыбыстары театрландырылған көріністермен, батырлардың айқастарымен астарласып, ұлттық билерге ұласты. Концертте қазақтың халық әуендерімен қатар ансамбльдің жетекшісі Бауыржан Ақтайдың авторлық шығармалары («Арнау», «Қазақ елі», «Көктем сазы», «Көшпенділер рухы» және т.б.) орындалды. Бізде ұлттық ансамбльдерге арнап жазатын сазгерлердің саусақпен санарлық екенін ескерсек, бұл да ерекше әсерге бөледі.
«Ақ Ерке-Жайық» ансамблі 2012 жылы облыстық Халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығы жанынан осы мекеменің директоры Алма Андарбаеваның бастамасымен құрылды. Мақсаты - қазір көп қолданылмайтын көне музыкалық аспаптарды, көмеймен ән айту сияқты дәстүрлерді жаңғырту.
Ескі аспаптар сатылып алынды, ынталы музыканттар да табылды, алайда... не ойнауға болады? Өйткені, дайын партитуралар мен репертуар жоқ еді.
Ансамбльге жас композитор Бауыржан Ақтай келгеннен бері бәрі өзгерді. Консерваторияда оқып жүріп, ол «Алтын Орда» этно тобын құрды, сондай-ақ, қазақтың барлық көне аспаптарында ойнауды үйренді. Бауыржан көмеймен ән айту өнерін меңгерген, кезінде Ринат Гайсин басқарған «The Magic of Nomads» этно-ансамблінде өнер көрсетіп, Еділ Құсайынов сынды әншімен бірге ойнаған.
Бауыржан Ақтай Бауыржанның білімі де жеткілікті. Миялыдағы музыка мектебінде педагог Айнаш Ағашинадан скрипка сыныбы бойынша дәріс алған жас бала Атыраудағы Дина Нұрпейісова атындағы музыка колледжінде оқыды. Содан кейін Алматыдағы Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияны домбыра мамандығы бойынша аяқтады.
Ансамбльдің музыкалық жетекшісі болып жұмыс жасайтын Ақтай ұжымның репертуарын дайындайды, өзі де шығармалар жазып, халық әуендерін ерекшелендіріп өңдейді.
- Бауыржан келгеннен кейін біздің екінші тынысымыз ашылғандай, - дейді ансамбльдің мүшесі, ерекше экзотикалық аспап – адырнада ойнайтын Айтолқын Ержанова.
- Біз көне әуендерді ойнауда тек алғашқы қадамымызды жасап жатырмыз ғой, ол келмегенде ештеңе жасай алмайтын едік. Бауыржанның ерекше қасиеті бар – ол қолына түскен кез келген заттан әуен шығара алады.
- Алар биігіміз әлі алда, бізде идеялар көп және осы халқымыздың бай музыкалық өнерін әлемге көрсеткіміз келеді, - дейді Бауыржанның өзі. - Біз тек түркі музыкаларын ғана ойнамаймыз, репертуарымызда әлемдік классикалық туындылар бар, сондай-ақ, импровизацияға мүмкіндік беретін джазды да ұнатамыз.
БҰЛ ТОЙЛАРДА ТАРТЫЛАТЫН ӘУЕН ЕМЕС
«Ақ Ерке-Жайық» ансамблінің құрамында 12 музыкант бар, жартысы қалыптасқан кәсіпқойлар болса, бір қатары Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық колледждің студенттері. Ұжым түрлі байқауларда талай жеңіске жеткен. Алғашқы жеңіске 2013 жылы «Көпұлтты Астрахан» халықаралық фестивалінде жетті. Мұнда бірден екі номинация бойынша Гран-При алды. Келесі жылы Дағыстанда өткен «Дербент - өркениеттер тоғысқан жер» халықаралық фестивалінен де жүлделі оралды. Ал, 2015 жылы Алматыда өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ғасырлар сазы» халықаралық фестивалінде «Ақ Ерке-Жайық» Ахмет Жұбанов атындағы арнайы сыйлыққа ие болды.
Музыканттар адырна, жетіген, сазсырнай, қылқобыз, нар-қобыз, домбыра, шертер, шіңкілдек, шаңқобыз, ағаш шаң-қобыз, сыбызғы, дабыл, дауылпаз, даңғыра, асатаяқ, қамыс-сырнай, әл-канун, кахон, сусылдыр, қоңырау сияқты көне ұлттық аспаптарда ойнайды... Сонымен қатар көмеймен ән айта алады.
- Мені әуендердің жаңаша ойналуы таңғалдырды. Бұл тойлар мен клубтарда еститін музыкаларымыз емес. Көмеймен ән айтуды, көне аспаптар дыбыстарын тыңдай отырып, қанымызда бар өнер екенін еріксіз мойындайсың, - деп концерт туралы өз пікірін айтты мұнайшы-инженер Дәулет Батыров.
- Бұл музыканттар ата-бабаларымыздан қалған мұралардың сақталуына зор үлес қосып жүр. Бұлардың жерлестерім екенін мақтан тұтамын, - деп ризашылығын білдірді мектеп мұғалімі Нұраш Дүйсенова.
Көшпенділердің мұрасын қадір тұтқан музыканттар шаңқобыз, жетіген, сазсырнай, қамыссырнай сияқты аспаптарды шебер қолданып, көмеймен ән айтқанда залды сары даланың рухы мен тек қазақ әуендеріне тән «қоңыр үнге» толтырды. Сонымен қатар олар жаңашылдықтан да еш қамықпайды, үнемі жаңа музыкалық идеялар іздеу үстінде жүреді. Кәсіби тілмен айтсақ, олар әр қайсысы қатаң белгіленген ноталар бойынша ойнайтын «академиялық шаршы» тәртібін ұстанбайды. Мысалы, көне халық әні «Япырауға» қазіргі заманғы ырғақтарды қосып, соңғы жағында өзінің қалыпты әуеніне қайта оралады. Бұл шығарма да ерекше шықты.
Басқа музыкалық ұжымдарда жетіген жетекші аспап ретінде емес, көбіне «көрініс» үшін қосылатынын білеміз, ал, мұнда жетіген әуені барлық композицияларда жеке орындалады.
«Ақ Ерке-Жайық» мүшелері басқа да ұжымдарда ойнайды, алайда осы ансамбльге келгенде өздерін ерекше сезінеді екен. Барлығы да бірнеше аспаптарда ойнай алады. Әйгерім Қараменова - Атырауда жетігенде ойнайтын жалғыз музыкант. Оның ұстазы – Бауыржан.
Бұл музыканттар өз ісін сүйеді және туған ұлтының әуенін орындаудан ләззат алады. Бұларға қарап тұрып, жанымызды даланың сиқырлы әуенімен қозғап, қуанышқа бөлеген жастардың бір-бірін тапқанына шүкіршілік етесің.
Ансамбльдің құрамы:
1. Бауыржан Ақтаев (бесаспап) – жетекші
2. Ақбөкен Темір (домбыра, дабыл, дауылпаз)
3. Әділ Жүнісов (домбыра, дабыл)
4. Ерсұлтан Қуанов (домбыра, дабыл, шаңқобыз)
5. Айтолқын Ержанова (қобыз, адырна, шаңқобыз, шертер)
6. Бақыт Асан (қылқобыз, шаңқобыз)
7. Тұрлан Жұмағалиев (шертер, дабыл, шаңқобыз, ортеке)
8. Дәулеткерей Сүндетов (шаңқобыз, бас домбыра, көмеймен ән айту)
9. Әйгерім Нәбиева (прима-қобыз, қылқобыз, шаңқобыз)
10. Руслан Сұлтанғалиев (дауылпаз және сусылдыр)
11. Әйгерім Қараменова (жетіген, шаңқобыз, домбыра) – 4 курс студенті
12. Ақмарал Ноғайбаева (әнші)
Зинат ОРЫНБАСАРОВА