- Қазақстанда мүгедектерді қорғайтын қандай заң бар? Сол заңға сәйкес мүгедектер мемлекет тарапынан қандай көмек ала алады? Олар үшін қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Телефон арқылы
Сұраққа қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Рая ОРАЛОВА жауап береді:
- Соңғы он шақты жылдан бері олар әртүрлі көмекші құралдармен жыл сайын қамтылып отыр. Олар - техникалық көмекші, арнаулы жүріп-тұру құралдары, шипажайлық-курорттық жолдама, зағип және мылқау адамдарға арналған тифло-сурдотехникалық құралдар, міндетті гигиеналық құралдар. Мүгедектерге арналған арбалардың серуендік түрі әр төрт жыл сайын ауыстырылса, бөлмеге арналғанын жеті жыл сайын ауыстырады. Есту аппараттары Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне үш жылдан кейін, ал, мүгедектердің басқа топтарына төрт жылдан кейін ауыстырылады.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға, соның ішінде тірек-қозғалыс аппараты бұзылған мүгедектерге гигиеналық құралдар 730 данадан, жыныс жүйесі бұзылған мүгедектерге 360 данадан жылына бір рет беріледі. Мүгедектер қандай да бір аталған құралдармен мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде қамтамасыз етіледі, ал ол құжатты жасақтайтын - медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясы.
Айта кетерлігі, жұмыс берушінің кінәсінен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан азаматтар жұмыс берушінің қаражаты есебінен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұрынғы жұмыс жасаған орны таратылған жағдайда мүгедек азамат ол жөнінде мұрағаттық анықтама тапсыруы керек, сол кезде ғана мемлекет қаражатынан өтініші орындалуға жатады.
Ал, шипажайлық-курорттық жолдама Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, Ауған соғысының ардагерлеріне, жалпы аурулығына байланысты мүгедектерге беріледі.
Қазіргі уақытта әлеуметтік төлемдерге және қажетті көмекші құралдарға қатысты құжаттар «Халыққа қызмет көрсету орталы-ғы» арқылы қабылданып, жергілікті уәкілетті органға тапсырылады.
Қозғалысында қиындығы бар мүгедектер үшін арнайы автокөліктер бөлінген, оның қызмет көрсетуіне жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, жұмыс қалалық бөліммен тығыз байланыста жүргізіліп келеді. Ал, мүгедектерден таксиді пайдалануға қатысты сұраныс «Мүгедек әлемі» Үкіметтік емес ұйымы арқылы қабылданады.
Жалғызілікті зейнеткерлер мен мүгедектер және 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы бекітілген әлеуметтік қызметкерлер үйден арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді.
Күні бүгін бөлімшенің есебіне алынған 233 жалғызілікті қарт пен 231 мүгедек балаға 64 әлеуметтік қызметкер үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді.