- Жақында аз қамтылған және көп балалы отбасыларға төленетін әлеуметтік жәрдемақы төлеу процесіне өзгерістер енгізіледі деп хабарланған еді. Ол қандай өзгерістер екен?
Телефон арқылы
Сұраққа қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар-ламалар бөлімі әлеуметтік мәселелері бойынша зерделеу және құжат айналымын бақылау секторының меңгерушісі Айгүл КӨКТЕНОВА жауап берді:
- 2015 жылғы 28 қазандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №369-V Заңына сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап аз қамтылған отбасыларындағы 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін мемлекеттік балалар жәрдемақысы мен зейнетақы төлеу орталықтары арқылы тағайындалып, төленіп жүрген төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларына берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны төлеу тоқтатылып, аз қамтылған отбасы-ларға жаңа нұсқадағы атаулы әлеуметтік көмек берілетін болады.
Жаңа нұсқадағы атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз ақшалай көмек деп бөлінетін болады, шартты ақшалай көмек, кем дегенде, еңбекке жарамды бір мүшесі бар отбасыларға әлеуметтік шарт қоя отырып берілсе, шартсыз ақшалай көмек еңбекке қабілетсіз азаматтарға берілетін болады.
Шартты ақшалай көмектің басқа әлеуметтік көмектерден басты айырмашылығы – аз қамтылған отбасын кедейлік деңгейінен шығарудың нақты жоспарына сүйене отырып жасалған келісімшарт негізінде берілуі. Келісімшарт жасалған кезде еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жеке басының мүмкіндіктері мен тұрғылықты жерінің әлеуметтік-экономикалық, климаттық және т.б. ерекшеліктері есепке алынады.
Отбасының белсенділігін артты-рудың әлеуметтік келісімшарты тараптардың жобаға қатысу міндеттемелерін, атап айтқанда, жұмыспен қамту шараларына қатысу, жеке шаруашылығын дамыту, жеке кәсіппен айналысу, сонымен қатар қажет болған жағдайда скринингтік тексеруден өтуге, туберкулез, маскүнемдік, нашақорлық сияқты әлеуметтік мәні бар дерттерден емделуге немесе басқа да әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысуға дайын болуы сияқты міндеттемелерді қамтиды.
Жұмыспен қамтуға жәрдем-десудің мемлекеттік шараларына қатысу үш жасқа дейінгі баланы, он сегіз жасқа толмаған мүгедек баланы, бөгде адамның күтімі мен көмегіне мұқтаж мүгедектер мен егде адамдарды күтумен айналысатын тұлғаларды немесе стационарлық, амбулаторлық емделудегі азаматтардан басқа отбасының еңбекке қабілетті барлық мүшелері үшін міндетті шарт болып табылады.
Бұл аз қамтылған отбасыла-рындағы еңбекке қабілетті азамат-тардың жұмыспен қамтылуына немесе өзін-өзі жұмыспен қамтуына ықпал етуі тиіс. Сонымен қатар, әр түрлі себептермен қоғамнан шеттетіліп қалған азаматтарды қоғам өміріне белсене араласуға тартып, әлеуметтік масылдық пиғылдың кең таралуына тосқауыл болмақ.
Халықтың әлеуметтік әлжуаз санаттарының кедейлік деңгейінен шығуына ықпал етуге бағытталған реформа үстіміздегі жылдың шілде айынан бастап облысымыздың Құрманғазы ауданы мен Атырау қаласында пилоттық режимде енгізілмек.
Шартты ақшалай көмектің атаулы әлеуметтік көмектен тағы бір айырмашылығы – ақшалай көмектің жан басына шаққандағы табыс пен күнкөріс деңгейінің 60 пайызының арасындағы айырма мөлшеріне берілуі. Атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы табыс пен күнкөріс деңгейінің 40 пайызының арасындағы айырма ретінде беріледі.