Атырау, 10 мамыр 05:03
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +12
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Зауыт пен әуежай кімге және қалай сатылады?

4 545 просмотра

Үкімет жариялаған кең ауқымды жекешелендіру шарасы шеңберінде 2016-2020 жылдардың сату жоспарына АМӨЗ бен «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ да кірді. Көпшілікті қызықтыратын басты сұрақтардың бірі – сауда-саттық қалай өткізіледі және ықтимал сатып алушы кім болуы мүмкін?

Біз сату тәсілі мен сатылу мерзімін анықтау үшін екі компанияға да сауал жолдаған едік.

«Атырау халықаралық әуежайы» АҚ

Қысқаша анықтама. Бірден-бір акционері – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ болып табылады. Негізгі қызмет түрі – әуе кемелерінің ұшу-қонуын, қарсы алып-шығарып салуды қамтамасыз ету, техникалық қызмет көрсету, авиациялық қауіпсіздікті қамтамсыз ету, әуе кемелерін отынмен қамту, әуе тасымалдауды сату. Қазіргі уақытта әуеторапта бірнеше кәсіпорын жұмыс жасайды, Гурьев біріккен әуежасағының барлық мүлігі соларға көшті. Бұлар - «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ (бұрынғы «Атырауаэопорты»), «АТМА – Атырау әуежайы және тасымалдаулар» АҚ, «Қазаэронавигация» РМК АФ, «КазЭйрУэст» әуекомпаниясы» АҚ.

«Самұрық-Қазына» Қорының еншілес кәсіпорындарының көрсеткіштер рейтингінде «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ активтер бойынша 10-шы орын алады: 2013 жылдың мәліметтері бойынша оның активінде 4 333 млн теңге болды. Және операциялық пайда бойынша 8-ші орында: 2013 жылдың ішінде 202 млн теңге болды.

Біздің редакция сауалына «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ-нан АҚ басқармасының төрағасы Есбол КЕРЕЙДІҢ қолы қойылған келесі жауап келді: «2015 жылдың 30 желтоқсанында ҚР үкіметі 2016-2020 жылдардағы Жекешелендірудің кешенді жоспарын бекітті. Ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға бәсекелес ортаға беруге ұсынылатын ірі еншілес, тәуелді мекемелердің және басқа аффилирленген заңды тұлғалардың тізімін бекіту ұсынылды. Осы тізімге «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ да енді.

Кешенді жоспар бойынша шаралар атаулары мен жауапты орындаушылар қарастырылған. Тиісінше, сіздер қойып отырған сұрақтардың жауаптары тек бірден-бір акционер мен басқа жауапты орындаушылардың белгілі бір шараларды жүзеге асыруына қарай белгілі болады. «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ-ның бірден-бір акционері – «Самұрық-Қазына» АҚ болып табылады.

2014-16 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспары бекітілген ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 31 наурыздағы №280 қаулысы күшін жойды. Ал «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ сол жоспардың тізіміне енген жоқ».

Бұл жерде 2014 жылдың қаулысындағы көптеген нысандарды сату мүмкін болмағанын және олар 2016-2020 жылдардың бағдарламасына ауыстырылғанын айқындап кеткен жөн. Ал Атырау қаласының халықаралық әуежайы тізімдерге алғаш рет енгізіліп отыр.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС

Қысқаша анықтама. АМӨЗ-дің 99 пайыз қатысушысы - «ҚазМұнайГаз – Өңдеу және Маркетинг» АҚ болып табылады. Ол өз кезегінде «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның толық меншігінде. Зауыт қызметінің негізгі бағыты – шикі мұнайды өңдеп, бензин, дизель отынын, мазут және басқа да мұнай өнімдерін алады. Табыстың басым бөлігі мұнайды және мұнай өнімдерін өңдеу қызметтерін көрсетуден түседі.

АМӨЗ-дің қомақты несиелік қарызы бар, соның есебінен Хош иісті көмірсутек өндіру кешенін (ХӨК) және Мұнайды терең өңдеу кешенінің (МТӨК) құрылысы жүргізілуде. АМӨЗ Қазақстанның Даму банкі (ҚДБ) мен қытайлық «Эксим Банк» арасында жасалған жеке несиелік келісімнің негізінде ХӨК бойынша несиелік келісім жасаған. Несиелік қаржының басым бөлігі қытайлықтардан, тек 15 пайызы ҚДБ арқылы алынды. Несие 10 жыл мерзімге зауыттың бүкіл мүлігі кепілзатқа салынып берілген, соның ішінде бүкіл салынып жатқан нысандар – барлығы ҚДБ-не кепілзатқа салынған.

2015 жылдан бастап негізгі несиені қайтару басталды – қаңтарда зауыт алғашқы траншты, шілдеде екіншісін төледi (төлем жылына екі мәрте жүргізіледі). Өтемақы мөлшері – 55 млн доллар шамасы және банктік сыйақылар. МТӨК құрылысына үш банкпен келісім жасалды: «Эксим Банк», ҚДБ және JBIC жапон халықаралық ынтымақтастық банкі. Несиенің жалпы сомасы – 1 млрд 680 млн доллар. Басым бөлігі – қытайлық ақшалар. Жапон және қазақстандық банктер шамамен 250-270 млн доллардан бөлісті. Несие ҚМГ кепілдемесімен алынды. Мұның шарты да сондай. Алғашқы транш 2017 жылы төленуге тиіс.

Біздің АМӨЗ-ге жолдаған сауалымызға бас директор Қайрат ОРАЗБАЕВТЫҢ қолы қойылған жауап келді. Онда бүгінгі күні ЖШС-ні сату тәсілі мен мерзімі белгіленбегені хабарланған.

«АЖ» экономист Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВТЕН комментарий алмақ болды. Оның айтуынша, әуежай мен АМӨЗ-дің ІРО арқылы сатылуы неғайбыл екен.

– IPO арқылы ірі ұлттық компаниялар сатылады. Ал АМӨЗ бен әуежай, дәлірек айтқанда, бәссауда әдісімен үлестерді сату арқылы өткізілетін болар. Бәлкім, ірі үлесті бір нақты сатып алушыға сатып, ал әуежайды бүкіл 100 пайызын бір сатып алушыға сататын шығар.

– Қазіргі жағдайда жекешелендіру туралы шешім қаншалықты дұрыс?

– Егер нақты осы екі нысанды айтар болақ, онда әуежайды жеке қолға беру керектігімен келісемін. Ал АМӨЗ-дің берілуі дұрыс шешім болар ма екен. Әдетте трансұлттық компаниялар өнімдерді өткізу кезінде аяқталған циклге ие болу үшін холдингтер құруға тырысады. Бұл жерде, меніңше, зауытты ҚМГ-ге қалдырған дұрыс болар еді.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

11 ақпан 2016, 18:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.