Кеңсеміздің маңында орналасқан бұл үйге бірер жыл бұрын бас сұққан едім. Еш шақыртусыз. Себебі, үйдің төбесіндегі күн панелі мен дуал үстіндегі жел қозғалтқышы қондырылған діңгектерді көріп, таңғалғаным сондай, бұл жерден жайбарақат өтіп кете алмадым.
Көпшілігіміз шетелдегі көгалды алаңдарда орнатылған қуатты жел генераторларын немесе ескі үйлер мен заманауи виллалардың шатырларынан күн панельдерін көргенде іштей қызығып, неге бізде де солай жасамасқа деп күйінетініміз рас. Атырауда жарты жыл бойына күн күйіп тұрады, ал, біз қуат көзін жүз жыл бұрынғыдай көмірсутек отынын өртеу арқылы аламыз. Мұндай ойдың баламалы энергетика туралы естіген әрбір адамға оралатыны анық.
Сондықтан осынау гибридті қондырғыны құрастырған “Казаэронавигация" РМК Атырау филиалының инженер-радиотехнигі Мұрат НҰРСҰЛТАНОВТАН мақала кейіпкері болуды өтінген едік. Алайда сол кезде ол бас тартып, менің нөмірімді жазып алып, қоңырау шалуға уәде берген болатын. Осылайша... екі жылдан соң қоңырау шалды. Ол ақыры желдің және күн сәулесінің күшімен электр қуатын алатын өзінің алғашқы тәжірибелік қондырғысын сынақтан өткізуді аяқтапты.
ҚАЙРАЙМЫЗ, КЕСЕМІЗ, ДӘНЕКЕРЛЕЙМІЗ, ПІСІРЕМІЗ
Сәуле мен жел өңдегішке, сол жерден жинауышқа түседі. Төрт күн панелі мен шағын жел қозғалтқышынан тұратын қондырғының қуаттылығы - бір киловатт. Бұл өз қолымен жинақтаған станоктарға толы шеберхананы, компьютерлік және басқа оргтехникалар орналасқан кабинеттерді, ауланы жарықтандыруға және автоматты қақпа жұмысын толықтай автономды электрмен қамтамасыз етуге жеткілікті.
Мұрат осы роторлардың, өңдегіштердің, генераторлар мен басқа да жинақтағыштардың әрекет ету принциптерін көрсетіп, түсіндіруге тырысты. Мен оған мұның еш пайдасы жоқ екенін жаймен ғана ұқтырдым: физиканы мектеп кезінде-ақ ұнатпайтын едім. Алайда физиканың көмегімен жасалған өркениеттің бүкіл игіліктерін ықыласпен пайдаланамын. Көрінбейтін сымдармен жалғанған түймелер мен ішкі жағында ұшқынды импульс зымырап жүрген датчиктерге толы бірқалыпты ызыңы бар металл қондырғының жұмыс жасап тұрғанын өз көзіммен (бұл ең сенімді дәлел) көрдім. Өнертапқышпен әңгіме айтып отырмыз (қолынан келмейтіні жоқ, бәрін жөндейді). 220 вольтты жарық жанып, радио ойнап, компьютер процессоры сытырлап тұр. Мұның бәрі «Атырау Жарықтың» арқасында емес.
Мұның бәрі қоқыр-соқырдан жасалған. Ең ірі инвестиция – Қытайдан алынған күн панельдері. Қалғандары – жылдар бойына шеберханада жинақталған техникалық қоқыстар. Өнертапқыштың басты байлығы – радиотехникалық білімі, инженерлік тәжірибесі мен алтын қолдары.
– Бәрі өзіміздің материалдан жасалған. Бізде бәрі қазақстандық: «Динадан» немесе басқа қосалқы бөлшек аспаптарынан түсіріліп алынған, қалғандарын қолмен қайрап, кесіп, орап, дәнекерлеп, бұрғылап жасаймыз... - деп күледі Мұрат.
ҚАРЖЫНЫ ҚАЙТАРУ ҰЗАҚҚА СОЗЫЛАДЫ
Дегенмен, Мұрат «жасыл» энергияның арзанға шықпай-тынымен келісті. Жобадағы ең қымбат салым – сол кездегі 150 теңге бағам бойынша 1 000 долларға шыққан күн панельдері мен сым орамы, магниттер мен басқа шығын материалдарын қосқанда, қондырғы шебердің еңбегін есептемегенде 300 мың теңге тұрады.
Қазір ол шағын қондырғы есебінен, орташа алғанда, айына 1 200 теңге электр энергиясын үнемдейді. Ал күн панелінің әрекет ету мерзімі – 10 жыл. Яғни, сол кезде ол тек панельдерге жұмсалған қаржыны қайтарып үлгереді, ал оны жаңасына ауыстыру қажет болады... Мұрат егер инвестор табылса, мұндай шағын қондырғыларды өнеркәсіпте шығаруға әзір. Бірақ егер өнертапқыш өндіріс процесін анағұрлым күшті оңтайландыру тәсілін таппаса, пайдаланушы үшін қаржыны қайтару ондаған жылдарға созылуы мүмкін.
– Мұндай қондырғылар шалғай аудандар үшін орынды болады, ол жерлерге шақырымдаған электр желілерін тарту тиімсіз. Мәселен, шопан қыстағына, далалықтағы шағын қоныс-мекендерге, бұрғылаушылар, геологтар станцияларына... Бұл бензин жағып, үнемі «ұшатын» генераторлар сатып алуға қарағанда тиімдірек. Оның үстіне экологтардың пікірінше, менің станциям - зиянсыз.
ШАҒЫН ӘРІ МЫҚТЫ КОМАНДА
Шеберханада бізбен бірге екі жас жігіт отырды. Олар шебердің әрбір сөзін қағып алып, оның әрбір қимылын қалт жібермей отыр. Ұлы Нұрбек – азаматтық авиация академиясының студенті, жиені Қазбек бұрғылаушы мамандығы бойынша білім алуда. Бірақ электрик мамандығына ауысқалы жүр екен. Нағашысы секілді радиотехник болғысы келеді. Бозбалалар бүкіл кешті шеберханада өткізеді. Мұрат олардың көмегінсіз ештеңе бітіре алмасын мойындады. Жастар онсыз да қабілетті, бос уақыттарында өздіктерімен шаңсорғыштан медициналық томографқа дейінгі кез келген техниканы жөндей алады. 16 жастағы Нұрбек өз «Тойотасына» қаржы жинап алған. Қазбекті де ауласында алғашқы «тұлпары» күтіп тұр. Бала наурызда ғана 18 жасқа толып, куәлік ала алады. Қазір бұл команда контроллер тақталарын құрастырып, діңгекті пісіріп, үлкен жел қозғалтқыш үшін ағаштан қалақ жонуда. Қуаттылығы 3 кВт-тық қондырғының аяқталуы жақын.
– Жазда іске қосып, сынақты бастаймыз. Үйді де автономды қамтуға ауыстырғым келеді.
– Не туралы армандайсыз?
– Экспо-2017-ге барғымыз келеді. Оған қалай бару керектігін білмейсіз бе?
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген автор және Тамара Сухомлинова