АСТАНА. 25 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өтіп жатқан «Нұр Отан» ХДП кезектен тыс 14-съезі барысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев алдағы Парламент Мәжілісінің сайлауында «Нұр Отан» партиясы басым дауыс алып, Қазақстан халқының үлкен қолдауына ие болатынына сенетінін жеткізді.
«Нұр Отан» партиясының съезі біз үшін мерейлі меже. Ол ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында өтіп отыр. Біз жасампаз 20 жылда 100 жылға татитын ұлан-ғайыр жолды басып өттік. Арайлы азаттық арқылы қол жеткізілген жетістіктің баршасында «Нұр Отан» партиясының сүбелі үлесі бар. Төңірегіне мұратты серіктерін топтастырған партия Тәуелсіздік жылдары қоғамды жаңа жобаларға жұмылдыра білді. Шын мәнінде халықтық ұйымға айналған «Нұр Отан» менің бастамаларыма қолдау көрсетіп, іргелі істердің ұйытқысы болды. Осылайша біз биік белестерді бірге бағындырдық», - деді Н.Назарбаев.
Сонымен қатар, Президент жаңа жылдан кейін елімізде Парламен Мәжілісінің сайлауы өтетінін, бұл жолы Мәжіліспен бірге жергілікті мәслихаттар сайлауы да болатынын атап өтті. «Сайлау қорытындысы бойынша Конституцияға сәйкес біздің Мәжіліс кемінде екі партиядан тұруы керек. Еліміздің саяси партияларына алғаш рет осындай мүмкіндік беріліп отыр. Бұл сайлаудың жауапкершілігі мен жүгін арттырып, саяси партиялар арасында шынайы бәсекелестікті қыздыра түсетіні белгілі. Мен ел болашағын айқындауға мүмкіндік беретін осынау сындарлы сынақта Қазақстан халқы қолдау көрсетіп, «Нұр Отан» партиясы басым дауыс алады деп кәміл сенемін», - деді партия төрағасы.