Фтизиатрлар жақсы жаңалықты хабарлады. Жыл басынан бастап балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулезге шалдығу көрсеткіштері азайған.
Осы сырқатпен күресудің көпжылдық тәжірибесі ойымызды «оны жеңу мүмкін емес» деген көңілсіз түйінге байлаған еді. Ал халықты флюорографиямен толықтай қамтып, нақты диагноз қою үшін жағдай жасау керек. Бұған миллиардтаған қаржылар бөлінеді. Үш жыл ішінде 2008-2010 жылдардағы туберкулезбен күресу жөніндегі аймақтық бағдарламаға 2,6 млрд теңге жұмсалды. Оның тек ішінара ғана көмегі тиеді. Жыл сайын Атырау облысында туберкулезге шалдыққан жаңа 700-800 науқас тіркеледі. Әрбір үшінші науқас қоршаған ортаға қауіпті, ашық түрімен ауырады.
Дегенмен, әсіресе, балаларға қатысты осы мәселеде ілгерілеушіліктің бар екендігі қуантады. «Биылғы жылдың он айы ішінде, өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда, балалар арасында туберкулезге шалдығу 30 пайызға, ал жасөспірімдер арасында – 26,6 пайызға дерлік төмендеген», - дейді облыстық туберкулезбен күрес диспансерінің балалар бөлімшесінің меңгерушісі Алтын КӨШІМОВА. Егер өткен жылы Кох таяқшасын 60 бала мен 27 жасөспірімнен тапқан болса, биыл ол 44 науқас сәби мен 19 жасөспірімнен табылған. Осыған байланысты балалар бөлімшесінің кереует қорына қайта құрылымдау жүргізіліпті. Орын саны 75-тен 60-қа дейін қысқартылған. А.Көшімованың айтуынша, сырқат деңгейінің төмендеуі заманауи диагностика мен сырқатты емдеу бойынша жасалып жатқан тұрақты және жоспарлы жұмыстарға байланысты. Балаларды қамту 70 пайыз құрайды екен. «Неге 100 пайыз емес?» - деп фтизиатрға сұрақ қойдық. Сөйтсек, олардың барлығын тексеріп шығудың қажеті жоқ көрінеді. «1 жастан 14 жасқа дейін балалар туберкулиндік диагностика әдісімен (Манту реакциясы) тексеруден өтеді. Бірінші сыныпта балалардың барлығын осылай тексереді. Ал содан кейін реакция болмаған балаларға қайта вакцина салады. Келесі жылдары жалпы жүйеде тек тәуекел тобындағыларды: виражды балаларды (бұларда Манту реакциясы байқалған), туберкулезге шалдыққан науқасы бар отбасында тұратындарды, халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобына жататындарды, гормоналды емделіп жүргендерді, жиі сырқаттанатындар есебінде тұрғандарды және т.б. ғана тексереді».
Жасөспірімдер флюорографияға 15 жастан бастап түседі.
Мектептегі медицина кабинетінде балаларына Манту салдыртқысы келмеген ата-аналардың көпшілігі туберкулезге диагностикадан қайдан өтуге болатынын білгісі келеді. «Мектепте екі жыл қатарынан ұлыма вакцина салды, екеуінде де реакция болды. Балама рентгенге түсуге, содан соң емделуге тура келді. Биыл мектептегі процедурадан бас тартып, Манту реакциясын емхана жағдайында жасамақ болдым. Алайда, мекен-жайымыз бойынша Жилгородоктағы емханада және Алмагүл ықшам ауданындағы орталық емханада бізге Манту реакциясына екпе салудан бас тартты. Дәрігерлер санэпидстансаның әрбір емханаға сол мекемеде диагностикадан өтуге тиесілі балалар санына сәйкес препараттың белгілі бір мөлшерін беретіндігін айтты. Біз енді қайдан салдырамыз?» - деп алаңдаушылық білдіреді қала мектептерінің бірінде оқитын үшінші сынып оқушысының анасы Елена. А.Көшімованың айтуынша, мектептегі диагностикадан бас тартудың қажеті жоқ екен. Екпені арнайы оқытылған және тиісті сертификат алған медицина қызметкерлері салады. Алайда егер балаға екпе салынбай қалса, онда облыстық тубдиспансерде туберкулиндік диагностикадан өтуге болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА