Атырау, 25 қараша 09:08
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Хамит Ерғалиевтың немересі ата жұртқа келді

5 191 просмотра

Image 0Айжан ХАМИТ өзінің туған жері санайтын Атырауға небары төрт күнге келді. Біздің қонақжай жерлестеріміз оны кезекпен кезек шақырып, ұлы ақын Хамит ЕРҒАЛИЕВТІҢ немересін өз үйінде қабылдауға қуанышты болды.

Дегенмен, Айжан біраз нәрсеге үлгерді: атақты атасының туған аулына барды, облыс басшылығымен ресми, фейсбукте бірнеше жыл дос болып, туғандай араласып кеткен таныстармен бейресми кездесу өткізді.

ОҒАН ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛМАДЫ

Белгілі блогердің келуін баспасөз бетіне шығару аса қызықты емес, өзі жазатын адам өзінің жүріп-тұрғанын, көрген-білгенін тұрақты түрде жариялап отырады. Ғаламторда қазақ халқының тарихы мен мәдениеті туралы мақалаларымен белгілі блогер Атырау облысына жасаған өз сапарын қолы қалт еткенде жарыққа шығарып отырды. Интернет кеңістігі бар өмірін білетін адаммен кездесу, оның өмірі туралы жазу қиын болғанымен, сонысымен қызық болды.

- Атырауға өзімнің жеке шаруаларыммен келдім,- деп күледі Айжан.

«Жеке шаруасы» - осы күзде жүз жылдығы тойланатын Хамит Ерғалиевке ескерткіш орнату мәселесіне жергілікті биліктің назарын аударту. Белгілі ақын халық мойындаған 30-дан аса кітаптың авторы болды. Оның көптеген шығармалары Құрманғазыға, сазгер Ахмет Жұбановқа, ақын Тарас Шевченко сияқты өнер қайраткерлеріне арналған еді. Байронның, Некрасовтың, Навои, Низами, Софокл, Назым Хикмет, Пабло Неруд, Шекспирдің шығармаларын, қырғыз эпосы «Манасты», қарақалпақтың «Қырық қыз» эпосын қазақ тіліне аударды. Оның өміріне арналған мұражайды көру үшін немересі Исатай ауданындағы атасының атымен аталатын ауылға (бұрынғы Қамысқала) арнайы барды. Алайда ештеңе көре алмады: мұражай орналасқан ескі мәдениет үйі апатты жағдайда екен, сондықтан да жәдігерлерді уақытша алып тастапты. Жазда клубқа күрделі жөндеу жасалып, мерейтой қарсаңында мұражайды кері ашуды жоспарлап отыр екен. Мәдениет басқармасында Айжанға ақынның 100 жылдығына арнайы бағдарлама дайындалып, конференция, мүмкіндік болса, ақындар айтысы ұйымдастырылатынын айтыпты. Дегенмен, Айжанның пікірінше, халықтың ықыласын паш ететін, көріп, қолмен ұстауға болатын ескерткіш мүсін орнату қажет-ақ. Ал конференция тек есеп түрінде ғана қалады. Билік Хамит Ерғалиевтың есімін мектептердің біріне беру керек деген оның ұсынысын қолдайды екен.

- Қазір ақын атамыздың атын мәңгіге қалдыру туралы биліктің есіне салу маңызды. Бұл атаулы күнге отбасымызда дайындалып жатырмыз, аудио кітап шығарып, 95 жылдығында жасалған сайтты жаңартқымыз келеді. Алайда атамыз сияқты халық ақындарының атаулы күндерін отбасы ортасында ғана емес, мемлекеттік деңгейде атап өту керек. Тәні біздікі болғанымен, ақын бүкіл қазақтікі ғой,- дейді Айжан.

МҰРАҒАТТАҒЫ ҚИЫНДЫҚТАР

Оның алдына қойған тағы бір мақсаты – арғы атасы Ерғалидың мұрағаттық құжаттарымен танысу, оны ұжымдастыру кезінде неге қамауға алғанын, қайда өліп, қайда жерленгенін білу. Өткен жылы ол бұл деректерді Оралдан іздеген. Сол жерде барлық мұрағатты ақтарғанымен, істің өзі Атырауда екенін айтыпты. Ол осы жерден Орал арқылы Петропавловскіге айдалған, сол жерде қайтыс болған, ал қайда жерленгені белгісіз. Ортақ қабірге жерленуі де мүмкін. Алайда, мұрағаттық істі көру үшін арғы атасымен туыстық байланысты куәландыратын құжат керек екен. Мұндай қағаздар Айжанда жоқ. Ал арғы атасының тағдырына қатысты құжаттар әлі күнге дейін (!) құпиялығын жоймапты. Мұрағатта оған бұлармен танысу үшін не істеу керектігін түсіндірді.

Талдырмаш болса да, өжет қыз осы іздеу тарихын жай ғана баяндап берді, алайда сөз ауанынан мақсатына жетемін деген нық сенім жатқанын байқадым. Мен оның тасты мүжіген су сияқты кез-келген жерден өтіп, ойлағанына жететіндігіне сенімдімін. Айжан алға қарай, мүмкін жазда, Атырауға дұрыс дайындалып келуді жоспарлап отыр. Бір жағынан атасының кіндік қаны тамған жер оған қатты ұнап қалса керек. Оның айтуынша, ол бөтен қалада өзін туған Алматысындай еркін сезінген. Қандағы туысқандық байланыс байқалып тұр, ол жерлестерімізбен бірден жеңіл тіл табысып кетті – атыраулықтар ақкөңіл де қарапайым адамдар. Өзі айтқандай, біздің «нақты, тіке сөйлейтініміз» ұнаған екен.

«АЛЫСТАҒЫ АУЫЛ ҚҰРЫП БАРА ЖАТЫР»

Ал ауылға барған сапары көңілсіздік сыйлапты. Бірнеше сағат қар басқан жолмен жүру, түкпірдегі қарапайым, құрып бара жатқан ауыл. Көшеде жан жоқ. Ол бұл жерден «өмірлік ұшқынды, қуатты көре алмапты». Бір қуанғаны, туысқандарымен кездесіп, әжелерінің басына барыпты. Тағы бір арғы атасы – Қойыс бабаның қабіріне барғаны дұрыс еді, алайда оның басына дейін баратын жол жоқ, тек жаз айларында ғана мүмкін болады екен.

- Шынын айту керек, алыстағы ауыл құрып бара жатыр. Ордада да солай, 300 шақырым жолсызбен жүресің. Бір елдің адамдары бір-біріне еркін қатынай алмайтыны, демалыс күндері ауылға туыстарына жете алмайтыны өкінішті, жолсыз сары далада қалу – қорқынышты. Мен қашан да қала кеңсесінде отыратын қызметкерлерді ауылға алып барып, адамдардың қалай өмір сүріп жатырғанын көрсеткім келеді. Қазақстанның үлкен қалаларында тұратын көптеген адамдар мұндай шындықтан бейхабар,- дейді Айжан.

Айжанның айтуынша, оның шетелде тұратын, өзінің тіл және мәдени ортасынан алыстап кеткен қазақ оқырмандары көп екен. Өзіңнің кім екеніңді, арғы тегіңді білу мәселесі ерте ме, кеш пе, бәрібір туындайды. Оның жазбаларында көтерілетін кейбір қызықты да тың ақпараттар өз тегін жақсы білемін деген қазақ аудиториясын да таңғалдырып жатады.

- Мен қашан да қазақ әдебиетінің өзінен де табылмайтын фактілерді алуға тырысамын. Осындай әр ұсақ-түйек нәрсеге үлкен зерттеу жүргізуге болады, оқырмандарым жақсы лебіздерін білдіріп жатса, мен мұны жасауға дайынмын,- дейді Айжан. Ал бұл бізді әлі талай қызықты мақалалар күтіп тұр деген сөз.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор


21 қаңтар 2016, 17:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.