Атырау, 23 желтоқсан 23:21
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Балет шебері Болат АЮХАНОВ: «Шәкірт ұстазын қайталай алады, бірақ оның оригиналы бола алмайды»

10 605 просмотра

Болат АЮХАНОВ. Харизматикалық тұлға. Қолынан қолшатыры, мойнынан қызыл шарфы түспейтін нәзік те жұмбақ жан.

Адамдарға көмектескенді жаны сүйеді. 40 жылда өзінің ізін жалғастырып келе жатқан 37 балет бишісіне пәтер алып берді.

Өзінің Алматыдағы төрт бөлмелі пәтерінде үйсіз - күйсіз жүрген әріптестері оның жанұясымен көп жылдар бойы бірге тұрды. Меншікті мекенінде сәндік символы ретінде ит, мысық ұстамайды.

Қарауындағы қызметкерлері өз еркімен болмаса, Аюхановтың шешімімен жұмыстан шыққан емес. Бәрін де тәрбиелеп, биікке ұшырғысы келеді.

Гастрольдік сапарларда шенеуніктер оған ең қымбат қонақүйдің жайлы люксін ұсынады. Бірақ, ол өз ұжымымен бірге жатақханаға жайғасқанды қолайлы көреді.

Күні - бойы аяқтың ұшымен жүріп еңбек етеді. Түнде ұйқыдан гөрі, кітап оқуға құмар. Бұл хоббиін жақсылыққа жорып, «менен мықты күзетші шығар еді» деп күліп қояды.

Бір жерге кешігіп барғанды ұнатпайды. Сіз де 28 – 30 қараша күндері

М. Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрында Қазақстан Республикасы мемлекеттік академиялық би театрының қатысуымен өтетін Қазақстан халық әртісі, балет өнерінің шебері, профессор Болат Аюхановтың «Ұлы балет кешіне» кешігіп қалмаңыз.

 

- Болат Ғазизұлы, Сізді Халықаралық сократ сыйлығының иегері ретінде құттықтаймыз! Жоғары дәрежелі осы сыйлықты алған сәтте қандай сезімді бастан кешірдіңіз?

-Бұл сәтте жаныма шуақ құйылғандай, денем көкте самғағандай күй кештім. Тұла бойым тоқ соққандай тулады. Шығармашылық өмірімнің әр сәті көз алдымнан жүріп өткендей болды. Мынау әлемде ең маңызды, ең қажет деген бір нәрсе атқара алғаныма өте қуаныштымын. 

- Осы кезге дейін балеттегі бағындырған жетістіктеріңізге көңіліңіз тола ма?

- Мен өз жұмысыма қанағаттанамын. Бірақ, біздің ұжымымызды қолдаудағы тапшылыққа риза емеспін. Алматы қаласында 50000 теңге жалақымен әртіске өзін жоғары өнердің элитасымын деп сезіну қандай қиын?! Көбісі, қомақты гонорарға бола шетелде жұмыс жасап жүр. Олардың отанға оралған сәтінде көздерінен нұр сөнгенін, қимылындағы сылбырлықты байқаймын. Шетелде үйретпейді, сенің бар шырыныңды сығып алады.

Үш жыл бұрын қандай болдың? Қазір қандайсың? Егер қабілетіңнің кеміп бара жатқанын көрсе, сенімен болған келісімді бұзады да жаңа адамды іздейді. Осыны көріп, жаным ауырады.    

- Болашақта сіз жеткен биіктерге жете алатын шәкірт тәрбиелей алдыңыз ба?

- Шәкірт ұстазын қайталай алады, бірақ оның оригиналы бола алмайды.

- Сіз шет мемлекеттерде көп боласыз. Сол елдегі шенеуніктердің классикалық өнерге деген құрметін қалай бағалайсыз?

- Шетелде өнер қайраткерлеріне деген оңтайлы қарым-қатынас қалыптасқан. Ол жақта шығармашылық құрам жөндеу жұмыстары, су, жарық  мәселесіне бас қатырмайды. Мұнымен басқа қызмет саласы айналысады. Өнер адамының шаруасы - өзінің шығармашылығы ғана.

Ал маған өзіміздің театр ғимаратының барлық шаруашылық жұмыстарымен жүгіріп жүруге тура келеді. Тіпті шеберлік сабақтарымның уақытын үзіп, әртістермен сенбілік өткізу де мойнымда.

Жиі гастрольдер қазіргі кезеңде қымбатқа түсетін ләззат. 2009 жылы Санкт-Петербургке жасаған соңғы сапарымыз Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың және мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамедтің қолдауының арқасында ғана жүзеге асты. Біз үш күн бойы Шостаковичтің музыкасына қойылған Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім!» либреттосына балет қойдық. Мен залдан осы бір сұмдық блокадалық күндер мен түндерді өз басынан өткергендей күй кешкен көрермендерді көрдім. Олар жылап отырды.     

- Болат Ғазизұлы, сіздің бойыңыздан үлбіреп тұрған өзгеше нәзіктікті байқаймыз. Бұл табиғи болмысыңыз ба?

-Бәрі, бәрі анамнан, мектептен дарыған. Оның үстіне өзім де сырт келбетіме салғырт қарай алмаймын. Ешқашан киімімді үтіктемей, қырынбай көшеге шыққан емеспін. Сағыз шайнау, шемішке шағу және бір жерге кешігіп қалу дегенді жаным сүймейді.    

- Жастық шағыңызды қалай еске аласыз? Мейрамханалатып, сыралатып жүрген кездеріңіз болған шығар?

- Кабактарды жек көремін, ал сыраны одан бетер! Шынымды айтсам, ондай «адами әлсіздіктерге» уақытым болмады.  7-8 сағат балет сабақтары. Әдебиет, кешкісін спектакльдер қарау. Тіпті, қалай отбасын құрып үлгердім және ұлым мен қызымды қалай өсіріп жеткіздім?! Осыған өзіме таңқаламын.

- Тұрмысқа икемдісіз бе? Би билеуден басқа қолыңыздан не келеді?

- Ас әзірлей аламын. Қолайсыз жағдайларға шыдай білемін.

Гастролдік сапарларда жүргенде әртүрлі жайттар болады. Қонақ үйде бәрімізге бірдей орын жетпей қалады, немесе жалпыға бірдей душқа кезек күтіп қаласың. Түнде келген кезіңде буфет жабылып қалады. Міне, гастрольде жүрген ұжымның басынан өткеретін осындай тұрмыстық түйткілдерге біз де шыдап жүрміз.

Жақында Ақтөбе қаласынан Қостанайға шоқалақ жолмен 14 сағат дегенде әрең жеттік. Кешке «Аққу көлінің» қойылымын көрсетуіміз керек. Бұл жерде сұлулық туралы сөз ету мүмкін емес. Сахнада құлап қалмасақ екен деген тілекте болдық. 

- Сізді ас әзірлеудің шебері дейді?

- Адамдарға дәмді тағамнан қуаныш сыйлағым келген кезде, ас әзірлеймін.

Айына бір мәрте ұжымымызда қандай болмасын бір оқиғаны атап өтетініміз бар. Сол кезде айрықша ықыласпен өзіміздің сүйікті палауымызды әзірлеп жіберемін. 

- Еңбек демалысын қалай, қайда өткізесіз?

- Демалысымды шетелде өткізгім келмейді. Өзімізде де керемет жерлер жетеді.

Шығыс Қазақстанда Лениногорск деген қала бар, қазір Риддер деп аталады. Сол жердің сұлулығын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қандай саф таза ауа десеңізші!

Ал Қатон-Қарағайда таудан аққан жабайы көлдер әлі бар. Онда жалаң қолмен балық аулай аласың. Ал Алакөл, Зайсан – әлі біздің шөбере- шөбшектеріміз тұрып, демалатын тарихи қорықтарымыз.

Мен Бурабайға - Оқжетпеске жиі барамын. Екі жыл бұрын бізді 40 әртіспен сонда екі тәулікке орналастырды. Бәрі жақсы демалды. Демалыстан кейін жаңа күшпен Астанада, Көкшетауда әртістеріміз керемет өнер көрсетті.     

- Әдемі қартая білу дегенді қалай түсінесіз?

Бұл өзіңнің қоғамға, ұжымға және отбасына әлі де керек екеніңді сезіну деп білемін.

Әдемі қартаю – ешкімге қол жаймау. Ең бастысы –  біздің көрерменіміз және бағалаушымыз, бұл - сіздер. Нашар көрермен деген болмайды.

- Аяғыңыздың ұшымен жүріп өткен өміріңізге ризасыз ба?

Өмір маған риза, мен де соған сай болуға тырысамын!

Сұхбаттасқан Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ

Фото Б. Аюхановтың жеке мұрағатынан алынды.

1 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.