Атырау қаласының тұрғыны Ағибаш ҚАЛЫБЕКОВА (суретте) ең ежелгі ұлттық өнер саналатын ою-өрнек өнерін дамытып жүрген қолөнершілердің бірі.
ШЕБЕРДІҢ БАТАСЫ
1937 жылы Мақат ауданы Ескене ауылында дүниеге келген Ағибаш әжейдің балалық шағы Гурьевте өтті. Жастық шағын Комсомол ауылында өткізді, кейін сонда тұрмыс құрып, үбірлі-шүбірлі болды, 11 бала сүйді. Қазір Атырауда тұрады.
Мақат ауданы Ағибаш әжейді ұлттық ою-өрнегі салынған текемет, алаша тоқитын қолөнерші ретінде ғана емес, талантты айтыскер ақын ретінде де жақсы таниды. Ол талай рет байқауларға қатысып, жеңімпаз атанған.
Ағибаш әжейдің қолынан шыққан алаша, текемет секілді біраз дүниелер қазір облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр. Қалаға көшкелі алаша, текемет тоқуды қойған. Бұрынғыдай күш-қуат жоқ. Сол себепті ол қазір тек ою-өрнек тігеді. Оның өз ой-қиялынан туған ою-өрнектер де жетерлік. Айталық, бұл өзі ат қойған, алашаға арналған «бота мойын» оюы, текеметке арналған «түндік оюы» және қай төсенішке де бара беретін ежелден белгілі «қошқар мүйізге» ұқсас келетін «сыңар өкше», «гүлмүйіз» оюлары.
Әзірге оның жолын қуған балалары немесе немерелері жоқ. Бірақ қыздарының біріне осы өнерді үйретіп, табыстап, батасын беруді ойлайды. Осы әңгіме сөз болғанда, әжесінің үйіне келген 13 жастағы немересі Жанаргүл біздің көзімізше ою-өрнек тігу өнерін меңгергісі келетін тілегін жеткізді.
Бата беру демекші, ерте кезде сондай бір жақсы дәстүр болған. Мықты шеберлер өзінен кейінгі жастарға үміт артса, өз өнерін соларға табыстау үшін бата беретін болған. Мәселен, Ағибаш әжейдің атасы да, әкесі де зергер болған кісілер. Ағибаш әжейдің қолындағы екі көзді өрнектелген күміс білезікті әкесі Садиық өз қолымен соққан. Ол білезікті өзінің енесіне арнап жасаған екен. Енесі қайтқан соң бұл білезікті Ағибаш әжейдің анасы алған. Ал, анасы қайтқан соң білезік Ағибаш әжейге қалған.
АҒИБАШ ӘЖЕНІҢ КҮНДЕЛІГІ
- Ашаршылық заманда үйімізге ұры түсіп, әкемнің қарайған затын ұрлап кеткен. Ол кезде мен баламын ғой, қалада, Гурьевте тұрамыз. Әкем білезігімнен саусақтарыма дейін неше түрлі әшекейді тізіп беретін, сырға, сақина соғып беретін. Сыртта ойнап жүріп, оларды жоғалтып алатынмын, таба алмай қалатынмын. Көрінген кісі ұрлап алады, ал мен ол кезде ұрлық дегенді білмейтінмін. Бірақ үйге түскен ұрлық оқиғасынан кейін біз кері Ескене ауылына көшіп келдік, - дейді Ағибаш әжей. – Менің атама да, әкеме де аты затына сай Өтезергер деген кісі зергерлікке бата берген екен. Мен бұл әңгімені Өтезергердің ұлы Мақаш деген кісіден естіп білдім. Ол да зергер, менің әкеммен құрдас болған. Бір күні жеңгем келіп: «Мақаш деген атаң шақырып жатыр» деді. Барсам, ол кісі маған бес жұлдызды күміс сырға мен сақина соғып қойыпты. Қолыма тағып: «Атаң мен әкең зергерлікке бата берем дейді екен, зергерлік өнер қиын, оған сенің әлің келмейді. Бірақ мен саған зергерлік өнерден де асып кететін қолөнерге бата беремін», деді. Содан бастап мен қолөнерге түбегейлі бет бұрдым. Ауылдағы әр үйде мен басқан текемет тұратын болды. Қазір соның бірі де өзімде сақталмапты. Не біреуге сыйға тартамын, не музейге тапсырамын. Ал, қалаға көшкенде алашаларымның бәрі сол ауылдағы үйде қалды. Бірақ олардың эскизі ойымда, ұмытылмасын деп, арнайы журнал ашып, бәрін сонда түсіріп жүрмін. Қазір қолым ауыратын болған соң алаша тоқымасам да, ою-өрнек тігуді тастағаным жоқ. Ою-өрнек салмасам, ауырамын. Ұйықтап жатып, түсімде әртүрлі формалы оюлар мен өрнектер көремін, соларды ойып-тікпейінше, мазам қашады. Ал, тіккен кезде ауырғаным ұмытылады.
Журнал демекші, бұл Ағибаш әжейдің күнделігі іспетті. Ол онда ою-өрнек суреттерін ғана түсіріп қалдырмай, ел мен жерге, ұлтына деген сүйіспеншіліктен туған жазбаларын, өз жанынан шығарған өлеңдерін жазып қалдыруды әдетке айналдырған.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген автор