Өмірді сақтандыру нарығында заңнамадағы түзетулерге байланысты елеулі өзгерістер болады деп күтілуде.
САҚТАНДЫРУ ӨЗ ҚОЛЫҢЫЗДА
«Келесі жылы өмірді сақтандыру және жалпы сақтандыру компанияларының шырмалған өзара әрекет ету механизмдеріне нүкте қойылады», - дейді «Мемлекеттік аннуитеттік компаниясы» өмір сақтандыру компаниясы» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Майя ЛЕВЧЕНКО. Бұрын жұмыс беруші жалпы сақтандыру компаниясымен келісім-шарт жасап, егер бақытсыз жағдай орын алса, жапа шегуші өмірді сақтандыру компаниясын таңдайтын. Әрине, жалпы сақтандыру компаниялары ақшадан оңайлықпен айырыла қоймай, жапа шегушіден сансыз анықтамалар сұратып, төлемдерді төлеуді соза түсетін еді. Өткен жылдың тамызында сақтандырудың жаңа үлгісіне кезеңмен өту басталды. Қазіргі кезде және жыл аяғына дейін жұмыс беруші жалпы сақтандыру бойынша да, өмірді сақтандыру бойынша да келісім-шарт жасауға құқылы. Ал 2012 жылдың қаңтарынан бастап бақытсыз жағдайлардан міндетті сақтандыру өмірді сақтандыру компанияларының құзырында болады. Аннуитеттік төлемдерді жүзеге асыратын аннуитеттік компанияны таңдаудың басымды құқығы жапа шеккен қызметкерде болуы тиіс. Жұмысшыларды бақытсыз жағдайдан міндетті сақтандырудың жаңа механизмі сақтандыру сызбасы мен төлемақы алуды жеңілдетеді. Жұмысшыға жұмыс берушінің кінәсінен бақытсыз жағдай орын алғанын дәлелдеп жатудың қажеті болмайды. Оңалту үшін емдеу шығындарын құжатпен растауды талап етпей-ақ, сақтандыру төлемдерінің мөлшері айлық есептік көрсеткішпен белгіленетін болады.
МАҚСАТ БОЙЫНША ПАЙДАЛАНУ
Әлеуметтік сақтандыру жалпыбіршама сұрақтар тудырып отыр. Мәселен, бала туған кезде және жыл бойына декреттік демалыста жүргенде, сәби күтіміне байланысты әйелдер, сондай-ақ, өндірісте зақым алған және еңбек қабілеттіліктерін жоғалтқан қызметкерлер әлеуметтік сақтандыру қорының ақшаларын алады. Ал егер адам міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына есептелген қаржыларды бірде-бір рет пайдаланбаған болса, оған қандай да болмасын сыйақы тиесілі ме? Сөйтсек, тиесілі емес екен. Әлеуметтік сақтандыру қорына бөлінген жарналар заң бойынша міндетті деп табылады, бірақ бұл жарналарды тікелей мақсатынан басқалай пайдалану жөнінде қызметкердің құқығы ешқандай заңда жазылмаған.
«ӘЙЕЛДЕР АННУИТЕТІ» 50 ЖАСТАН БАСТАЛАДЫ
Зейнетақылық сақтандыру саласында да өзгерістер болады деп күтіліп отыр. Қазір зейнетақылық аннуитеттік қызмет нарығында 5 компания жұмыс істейді. «Қазақстандағы зейнетақылық аннуитетке сұраныс өсіп жатыр. Өткен жылы аннуитет алуға қабілетті 10 мың адамның 6 мыңнан астамы келісім-шарт жасаған. Ал биыл 1 қыркүйекте зейнетақылық аннуитеттің 6,5 мыңнан астам келісім-шарты жасалған. Біздің зейнетақылық жүйе Чилидегі үлгі бойынша құрылғандығы белгілі. Ал Чилиде статистикалық мәліметтерге сәйкес, халықтың 25 пайызы зейнетақылық төлем алу басталғанша өмір сүрмейді екен. Қазақстанда ер адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 63,5 жас, ал әйелдерде 73,3 жас құрайды. Сондықтан адамдар аннуитеттік компаниялардың қызметтерін пайдаланып, өз ақшаларын 55 жастан бастап алуға тырысады», - дейді Майя Левченко. Зейнетақылық аннуитеттің келісім-шартын жасау үшін жинақ сомасы ер адамдарда 2,5 млн теңгеден, ал әйелдерде 2,8 млн теңгеден кем болмауы тиіс (өйткені статистика бойынша әйелдер ұзақ өмір сүреді).
Азаматтар өздерінің зейнетақылық жинақтарын бірнеше сақтандыру компанияларына орналастыруға мүмкіндік алады деп жоспарланып отыр. Ал егер адамда зейнетақы жинағы жетпейтін болса, онда аннуитет алу үшін ол басқа қаржы көздері арқылы жетіспеген соманы қосымша төлей алады. Отбасылық жұптар үшін отбасылық келісім-шарт енгізу қарастырылған. Әйелдер үшін зейнетақылық аннуитет алуға жас ерекшелік бойынша шектеу 50 жасқа дейін азайтылатын болады (қазіргі уақытта әйелдер де, ерлер де 55 жасқа дейін зейнетақылық аннуитетті пайдалануға құқығы бар). Келісім-шарт бойынша төлемақы мөлшері де көбейтілді. Заң бойынша оның сомасы төменгі зейнетақыдан төмен болмайды.
Әрине, әйелдер үшін жас ерекшелігін азайту зейнеткерлік жас қайта қаралуы мүмкін деген ойды туындатқаны сөзсіз. Алайда бұл туралы әзірге ресми ақпарат түскен жоқ. Белгілі бір жасқа жеткенше сол арқылы несие алуға бола ма деген зейнетақылық жарналарға қатысты тағы бір өзекті сұрақ туындап отыр. Егер алуға болатын болса, қай жастан бастап және қандай сомада? «Мұндай несиені белгілі бір шарттар болғанда рәсімдеуге болады. Біріншіден, аннуитетті сақтандыру туралы. Екіншіден, аннуитеттік компаниялардың өзінде банкпен келісім-шарт болуы тиіс. Демек, азаматтар мұндай несиелерді тек 55 жастан бастап қана рәсімдей алатын болғаны. Ал несие сомасы мен шарты компания мен банк арасындағы қол жеткізілген келісімге байланысты болады», - деп атап өтті Майя Левченко.
Айтпақшы, ол өзгелерден бұрын зейнеткерлікке ерте шығатын құқық қорғау органдары мен басқа құрылымдардың қызметкерлеріне қатысты жағдайды да түсіндірді. Қайтадан еңбекке орналасқан кезде (зейнеткерлікке шыққаннан кейін) ақшаны зейнетақы қорына аударуға олар енді міндетті емес. Бірақ өз қалаулары бойынша аударуларына да болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА